Оқушылар арасында спорттық-сауықтыру эстафетасы өтті
Астанадағы Қайым Мұхамедханов атындағы №90 гимназияда мектеп жанындағы жазғы лагерьде оқушылар арасында «Денсаулық және спорт» атты спорттық-сауықтыру эстафетасы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Оқушылар эстафеталық таяқшамен жүгіру, допты баспен асыра беру, арқан тарту және басқа да командалық сайыстар бойынша бақ сынады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараның мақсаты – жас ұрпақтың денсаулығын нығайту, дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға ынталандыру.
«Эстафетаға бірінші сыныптан төртінші сыныпқа дейінгі 215 оқушымыз қатысты. Қазір жазғы демалыс кезінде олар үшін көптеген қызықты іс-шаралар өткізіп жатырмыз.
Оның ішінде спорттық, ойын-сауық және танымдық бағдарламалар бар. Көңілді эстафеталық ойындар балаларға өз күшін, ептілігін көрсетуге және көтеріңкі көңіл күй сыйлауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар командалық жарыстар оқушылардың ұйымшылдығын дамытып, достық қарым-қатынасты нығайтуға ықпал етеді», – деді №90 гимназияның директоры Гүлжанат Абраманова.
Гимназия оқушыларының бірінің анасы Маржан мектеп жанындағы жазғы лагерьде балалар үшін әрдайым пайдалы әрі қызықты іс-шаралар ұйымдастырылатынын атап өтті.
«Ұлым Иманәлі төртінші сыныпта оқиды. Бірінші сыныптан бері жаз сайын мектеп жанындағы лагерьге қатысып келеді. Мұнда әрдайым көңілді атмосфера қалыптасқан, тамағы да жақсы, балалар жақсы ортада уақыт өткізеді. Олар жазғы демалысын пайдалы әрі көңілді өткізеді», – деп елордалық тұрғын әсерімен бөлісті.



