
18 сәуірде Астана қаласы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының көркем өнерпаздары елордамыздан 100 шақырымдай қашықтықта орналасқан Ақкөл қаласына өнер сапарымен барды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Ақмола облысына қарасты Ақкөл қаласы – алғашқы ақылды қалалардың бірі болып саналады, қаланың инфрақұрылымы түгелдей цифрландырылған. Он бес мыңнан асатын тұрғыны бар, инфрақұрылымы түгел қалыптасқаны – қаланың басты артықшылығы болып саналады. Астана қаласының өнерпаз зейнеткерлерінің Ақкөл қаласына гастрольдік сапармен барудың басты себебі – инфрақұрылымы дамыған елді-мекенге Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының жұмысын таныстыру және егде жастағы адамдарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру, зейнеткерлерге белсенді өмірді насихаттап, тәжірибемен бөлісу еді.
Ақкөл қаласының тұрғындарымен кездесу барысында БҰӨСО-ның директоры Мұхтар Еркетаев Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарын дамыту, қарт адамдардың өмір сапасын жақсарту және зейнеткерлерге әлеуметтік орта қалыптастыру туралы өз ойларымен бөлісті. Өнерлі ата-әжелер Ақкөл жұртшылығына 1,5 сағаттан аса концерттік бағдарламасын ұсынды. Концерттік бағдарламада «Есіл толқындары» ардагерлер ансамблі, «Асыл мұра» домбырашылар ансамблі, сәнқой әжелерден құрылған «Kerbez_models» тобы, «Әдемі дәуір» би тобы, дәстүрлі әншілер мен бишілер өнер көрсетті. Атап айтқанда, өнерпаз зейнеткерлер «Арайлы Астана», «Атамекен», «Жауынгерлер әні», «Еділ мен Жайық», «День Победы» әндерін айтып, «Ерке сылқым» мен «Балбырауын» күйлерін ойнап, «Жайлауда» мен «Синий платочек» билерін және т.б. шығармашылық номерлерді орындады.
«Астана қаласынан келген көркем өнерпаздар концертінде 5 өнер ұжымы мен жеке орындаушылар атсалысты. «Елден сәлем!» атты концерттік бағдарлама алдағы келе жатқан мамыр мерекелері мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орайластырылды. Біздің концертімізді Ақкөл жұртшылығы жылы қабылдады. Әсіресе, сәнқой әжелерден құралған «Kerbez_models» тобы мен әнші, күйші, бишілердің өнері көрермен жүрегін баурап алды» – деп өз пікірін білдірді Орталықтың мәдени ұйымдастырушы Гүлшат Әлекешқызы.
Өнер сүйер қауым аудандық мәдениет үйіне жиналды. Ақкөл жұртшылығы көркем өнерпаздарды жылы қабылдап, жүрек жарды лебіздерін білдірді.
«Өте тамаша концерт болды, көрермендерге ұнады. Зейнет жасында жүрсе де, қоғамның өміріне белсене араласып, әдемі қартаюға болатындықтың үлгісін көрсеттік. Ақкөл елінде осындай бастамалар қолдау тауып жатса, нұр үстіне нұр болар деп ойлаймын» – деді Сарыарқа ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Кенжеболат Бапишев.
Аудан басшылығы мен Ақкөл ауылының құрметті ардагерлері елордадан келген өнерлі зейнеткерлерге дән ризашылығын білдіріп, Ақкөлде де осы тәжірибені үлгі тұтуға болатындығын айтты. Зейнеткерлердің концерті Ақкөл жұртшылығына қуаныш сыйлады. Кеш соңында Орталық директоры Мұхтар Дүйсенұлына Ақкөл аудандық мәслихатының алғыс хаты, естелік сыйлық пен ықылас гүлі табыс етілді.