Астанада бизнесті қолдау тетіктері кеңейтілуде
Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасы мен «KIT» Бизнес қауымдастығы кәсіпкерлік экожүйені дамытуға, іскерлік ортаны нығайтуға және бизнесті қолдау тетіктерін кеңейтуге бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Құжат бизнес-қоғамдастық пен даму институттары арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге, кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдау тиімділігін арттыруға, сондай-ақ халықаралық серіктестікті қоса алғанда, іскерлік байланыстарды кеңейтуге бағытталған.
Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Әлин бұл келісім бизнес пен қолдау институттары арасындағы жүйелі байланысты нығайтып, бірлескен жобаларды іске асыруға жаңа мүмкіндік беретінін атап өтті.
Тараптар шағын және орта бизнесті дамыту, іскерлік белсенділікті арттыру, кәсіпкерлердің құзыреті мен сарапшылық әлеуетін күшейту, сондай-ақ салалық өзара іс-қимылды жетілдіру бағытында бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты.
Меморандум аясында форумдар, конференциялар, дөңгелек үстелдер мен оқыту іс-шараларын өткізу, бірлескен жобаларды жүзеге асыру, талдамалық материалдар және үздік тәжірибелермен алмасу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар жұмыс және сарапшылық топтар құру, жол карталарын әзірлеу, бизнес өкілдері мен мемлекеттік органдардың қатысуымен консультациялық кездесулер өткізу көзделген.
Меморандумға қол қою кәсіпкерлікті қолдау институттары мен бизнес-қоғамдастық арасындағы әріптестікті нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.



