Елордалық жүргізушілерге көліктегі өрт қауіпсіздігі шаралары ескертілді

Астана қаласы Төтенше жағдай департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Ғабит Бабаев Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте автокөліктердің өртенуінің ең жиі кездесетін себептері мен көліктегі өрт қауіпсіздігі шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Спикердің айтуынша, автокөлік өрттерінің 81 пайызында өрт ошағы қозғалтқыш бөлігінен шығады.
«Дәл осы жерде электр сымдары, техникалық тораптар мен жанғыш материалдар көп шоғырланғандықтан, оттың тез таралуына әсер етеді. Электр жүйесінде қысқа тұйықталу немесе оның элементтері қызып кеткен жағдайда қозғалтқыш бөлігіндегі өрт өте жылдам өршиді. Көлік жүргізушілері көбіне түтінді жалын автокөлікке кеңінен тарай бастаған кезде ғана байқап жатады.
Өрттердің ең көп бөлігі – жалпы жағдайлардың 71 пайызы жеңіл автокөліктерге тиесілі. Көбіне 2008-2013 жылдары шығарылған көліктер өртенеді.
Мұндай автокөліктер қолжетімді болғандықтан, тұрғындар арасында екінші нарықта кеңінен пайдаланылады. Алайда техниканың ескіруі мен бөлшектердің табиғи тозуы түрлі техникалық ақаулардың, оның ішінде электр жабдықтарына қатысты мәселелердің туындау қаупін арттырады», – деді спикер.
Оның айтуынша, автокөліктердегі өрттің негізгі себебі – электр сымдарының қысқа тұйықталуы. Ең жиі кездесетін факторлар қатарында сымдардың тозуы, көліктің техникалық ақаулары, электр желісіне шамадан тыс жүктеме түсуі, сапасыз бөлшектерді пайдалану және қосымша электр жабдықтарын дұрыс орнатпау бар.
Мамандардың айтуынша, дабыл жүйелерін, жарық құралдарын және өзге де құрылғыларды өз бетінше орнату сымдардың қызып кетуіне және өрттің шығуына себеп болуы мүмкін.
Қазіргі заманғы автокөліктерде полимерлік және композиттік материалдардың кеңінен қолданылуына байланысты олар бұрынғы үлгідегі көліктерге қарағанда тезірек жанады. Мұндай материалдар оттың жылдам таралуына және көп мөлшерде жылу бөлінуіне ықпал етеді. Осындай оқиғалардың алдын алу мақсатында Астана қаласының ТЖД қызметкерлері полициямен бірлесіп жыл басынан бері 17 профилактикалық рейд пен түсіндіру іс-шарасын өткізді.
Автокөлік иелеріне техникалық тексеруден уақытылы өтіп тұру, электр жабдықтарының жай-күйін бақылау, көлікте жарамды өрт сөндіргіш ұстау және қосымша жабдықтарды тек білікті мамандарға орнаттыру ұсынылады. Бұл талаптарды сақтау өрт шығу қаупін азайтып, азаматтардың өмірін, денсаулығы мен мүлкін қорғауға мүмкіндік береді.



