Астанада өрт шығу қаупін болдырмау мәселелері талқыланды
Жыл басынан бері Астана қаласында 400 өрт оқиғасы тіркелген. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 32 өрт оқиғасына немесе 7,4 пайызға төмендеген. Алайда, оқиғаларының елеулі бөлігін әлі де көлік құралдарындағы өрт жағдайлары құрайды. Есепті кезеңде автокөліктерде 102 өрт тіркеліп, жалпы өрт санының 25,5 пайызын құраған. Өткен жылмен салыстырғанда мұндай жағдайлар саны 3,7 пайызға азайғанына қарамастан мәселе өзектілігін жоғалтқан жоқ. Автокөліктегі өрт салдарынан екі адамның, оның ішінде бір баланың қаза болғаны алаңдаушылық тудырады. Сонымен қатар бес адам түрлі жарақат алды. Бұл туралы Астана қаласы Төтенше жағдай департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Ғабит Бабаев Астана қалалық Коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Өрт көбінесе қай жерлерде басталады?
-Талдау нәтижелері көрсеткендей, оқиғалардың 81 пайызында өрт ошағы көліктің қозғалтқыш бөлігінде болады. Дәл осы жерде көптеген электр сымдары, техникалық тораптар мен жанғыш материалдар орналасқандықтан, өрттің жылдам таралуына қолайлы жағдай қалыптасады. Мамандардың айтуынша, электр сымдарының қысқа тұйықталуы немесе жүйенің қызып кетуі салдарынан өрт өте жылдам таралады. Көп жағдайда жүргізушілер түтінді немесе өрттің белгілерін жалын күшейіп, көлікке тарала бастаған кезде ғана байқайды, — дейді спикер.
Қандай автокөліктер қауіп тобына жатады?
Өрттердің негізгі бөлігі немесе жалпы көрсеткіштің 71 пайызы жеңіл автокөліктерге тиесілі. Өрт оқиғалары көбіне 2008-2013 жылдар аралығында шығарылған көліктерде кездеседі.
Мұндай автокөліктер екінші нарықтағы қолжетімділігіне байланысты қала тұрғындары арасында кеңінен пайдаланылады. Алайда көлік құралдарының ескіруі мен техникалық ақаулардың, соның ішінде электр жабдықтарына байланысты ақаулары өрт шығу қаупін арттырады.
Әрбір көлік иесі не істеуі тиіс?
Көлік құралдарындағы өрттің негізгі себебі – электр сымдарының қысқа тұйықталуы. Жыл басынан бері Астанада аталған себеп бойынша 95 өрт тіркелген. Ең жиі кездесетін факторларға электр сымдарының тозуы, көлік құралдарының техникалық ақаулары, электр желісіне шамадан тыс жүктеме түсуі, сапасыз бөлшектерді пайдалану және қосымша электр жабдықтарын талапқа сай орнатпау жатады. Мамандар дабыл жүйелерін, жарықтандыру құрылғыларын және басқа да жабдықтарды өз бетінше орнату сымдардың қызып кетуіне және өрттің шығуына себеп болуы мүмкін екенін ескертеді.
Қазіргі заманғы автокөліктерде полимерлік композиттік материалдардың кеңінен қолданылуына байланысты өткен буын көліктеріне қарағанда өрт жылдамырақ таралады және көп мөлшерде жылу бөлінеді. Осындай оқиғалардың алдын алу мақсатында Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті полиция қызметкерлерімен бірлесіп, жыл басынан бері 17 профилактикалық рейд пен түсіндіру іс-шарасын өткізген.
Көлік иелеріне автокөлікті техникалық тексеруден уақытылы өткізу, электр жабдықтарының жарамдылығын бақылау, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау және қосымша жабдықтарды тек білікті мамандарға орнаттыру ұсынылады. Осы шарттарды сақтау өрттің туындау қаупін азайтып, азаматтардың өмірін, денсаулығы мен мүлкін сақтауға мүмкіндік береді.



