Білім

ЖИ және цифрлық даму министрі астаналық оқушылармен кездесті

Астана қаласындағы №101 мектепте Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың 9–11 сынып оқушылары және педагогтермен кездесуі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шара Мемлекет басшысының жасанды интеллект технологияларын орта білім беру жүйесіне енгізу жөніндегі тапсырмаларын және елдің заманауи цифрлық экожүйесін қалыптастыруға, болашақ экономикасы үшін жаңа буын мамандарын даярлауға бағытталған «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясын іске асыру аясында ұйымдастырылды.

Кездесу барысында білім беру үдерісінде жасанды интеллектті қолданудың практикалық мысалдары таныстырылды. Қатысушыларға бейне және аудиоталдау арқылы оқушылардың сабаққа қатысу белсенділігін бағалап, оқытуды олардың жеке ерекшеліктеріне бейімдеуге мүмкіндік беретін жүйенің мүмкіндіктері көрсетілді.

Оқушылардың өз бастамаларына ерекше назар аударылды. Мектеп оқушылары жасанды интеллект пен экология саласындағы жобаларын ұсынып, заманауи технологияларға деген жоғары қызығушылығын және оларды қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге пайдалануға дайын екендігін көрсетті.

Сондай-ақ, педагогтер мен 9-11 сынып оқушылары үшін министрдің ашық сабағы өтті. Оның барысында Жаслан Мәдиев жасанды интеллекттің әлемдік даму үрдістері, Қазақстандағы ұлттық жасанды интеллект экожүйесін қалыптастыру тәсілдері және қарқынды технологиялық өзгерістер жағдайында жастар үшін ашылатын жаңа мүмкіндіктер туралы айтты.

Оқушылармен өткен еркін форматтағы сұхбат барысында мамандық таңдау, болашақта сұранысқа ие болатын дағдылар және жасанды интеллекттің өмірдің түрлі салаларындағы рөлі талқыланды. Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, Қазақстандағы технологиялардың даму келешегі жөнінде пікір алмасты.

Министрлер ұстаздар мен жоғары сынып оқушылары алдында сөз сөйлей отырып, жасанды интеллектті дамыту кадрларды жүйелі даярлаусыз және ерте жастан цифрлық құзыреттерді қалыптастырмай мүмкін еместігін атап өтті. Сондықтан қазіргі таңда заманауи технологияларды білім беру ортасына енгізу мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналып отыр.

Бүгінде Қазақстан балалар мен жасөспірімдердің цифрлық құралдарды сенімді пайдаланып қана қоймай, жаңа технологиялық шешімдерді ұсынушыға айналуы үшін қажетті жағдайларды кезең-кезеңімен қалыптастыруда. Жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдыларын дамыту, сыни ойлауды, цифрлық сауаттылықты және жобалық мәдениетті қалыптастыру болашақ мамандарды даярлаудың маңызды бөлігіне айналуда.

Аталған жұмыстар деректер, жасанды интеллект және заманауи технологиялар мемлекеттік басқарудың, экономикалық өсудің және азаматтардың өмір сапасын арттырудың негізіне айналатын жаңа даму моделіне көшуді көздейтін «Digital Qazaqstan» стратегиясын дәйекті іске асырудың бір бөлігі болып табылады. Бұл трансформацияның өзегінде адам тұрғаны сөзсіз. Сондықтан білім беруді дамытуға және әрбір баланың әлеуетін ашуға тең мүмкіндік жасауға ерекше мән беріледі.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button