Ел мерейі – елорда

1998 жылы 10 маусымда ресми түрде Астана қаласының халықаралық тұсаукесері өтті. Әлем елдеріне Тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасы таныстырылды. Содан бері күн санап дамыған астана елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының, саяси тұрақтылығы мен стратегиялық болашағының символына айналды. Әлемдік тәжірибеде қысқа мерзім ішінде мұндай қарқынды өскен қалалар көп емес. Сондықтан халықаралық сарапшылар Астананы тәуелсіз Қазақстанның ең сәтті стратегиялық жобаларының қатарына қосады.
Астана қаласы әкімдігінің мәліметінше, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша тұрақты өсім байқалады. Биылғы төрт айда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 588 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,1 пайызға артқан. Инвестициялар негізінен өңдеу өнеркәсібі, білім, медицина, көлік, сауда және логистика салаларына бағытталған. Қалада әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым да қатар дамып жатыр. Соңғы жылдары 44 мектеп салынса, жаңа оқу жылында тағы 12 білім беру мекемесін ашу жоспарланған. Екі оқушылар сарайы мен алты балабақша пайдалануға беріледі. Денсаулық сақтау саласында екі перинаталдық орталықтың, көпбейінді аурухана мен диагностикалық кешеннің құрылысы жалғасып жатыр.
2026 жылы 173 аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандыру, 1,1 миллион түп жасыл желек егу көзделген. Халық санының тұрақты өсуіне байланысты қаладағы көлік қозғалысының жүктемесі де артып келеді. Осындай жағдайда LRT жүйесінің іске қосылуы жол кептелісін азайтып, тұрғындардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік берді. Әсіресе, әуежай, теміржол вокзалы және әкімшілік орталықтарды байланыстыруы қала логистикасының тиімділігін арттырмақ.Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек жобаның халық арасында үлкен сұранысқа ие болғанын атап өтті.
Айтуынша, LRT ашылған сәттен бастап екі апта ішінде жолаушылар ағыны 1 млн адамға жетті. Күн сайын жолаушылар саны шамамен 6575 мың адамды құрайды.
– Бұл көрсеткіш қалалық рельсті көліктің жаңа түрі елорда тұрғындары мен қонақтары арасында сұранысқа ие екенін көрсетеді. LRTны белсенді пайдаланып, жаңа көлік жүйесіне сенім артқаны әрі инфрақұрылымға жауапкершілікпен қарағаны үшін жолаушыларға алғысымды білдіремін, –деді Жеңіс Қасымбек.
Жоба іске қосылғалы Қабанбай батыр даңғылындағы көлік ағыны 12 пайызға дейін азайған. Бұл жаңа көлік жүйесінің тиімділігін көрсететін нақты нәтижелердің бірі ретінде бағаланып отыр. Мамандар LRT-нің басты артықшылықтарының бірі – оның экологиялық тиімділігі екенін айтады. Электр қуатымен жүретін пойыздар ауаға зиянды қалдық шығармайды. Бұл экологиялық мәдениетті қалыптастырып, жасыл технологияларды дамытуға жол ашады. Алдағы уақытта LRT желісін Қосшы бағытына дейін ұзарту, сондай-ақ Сығанақ, Айтматов көшелері мен ескі вокзалға дейін жалғастыру жоспарланған. Үш кезең толық жүзеге асқанда жүйенің жалпы ұзындығы 100 шақырымға жетеді. Еске сала кетерлігі, LRT желісін астаналық ағайын Тарлан деп атауды ұсынды. Бұл көпшіліктің қолдауына ие болды.Ұлттың ұясына айналған Астана әлі де әлемді таңқалдыра береді.



