Скандинавиялық жүруден тегін жаттығулар өтеді

Астана қаласында тұрғындарды салауатты өмір салтына баулу мақсатында ашық аспан астында тегін скандинавиялық жүріс жаттығулары басталады. Тегін жаттығулар елорданың саябақтарында алдағы қыркүйек айының басына дейін аптасына үш рет – сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері өтеді. Сабақ уақыты – кешкі сағат 19:00-ден 20:00-ге дейін. Қатысу үшін алдын ала тіркелу талап етілмейді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба кез-келген жас санатындағы тұрғындардың денсаулығын нығайтуға, белсенді өмір салтын қалыптастыруға және бос уақытын тиімді өткізуге бағытталған. Жаттығуларға кез келген қала тұрғыны тегін қатыса алады.

«Алдағы үш ай бойы Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен ашық аспан астында тегін скандинавиялық жүріс жаттығулары өтеді. Бұған дейін йога бойынша тегін сабақтардың басталғаны туралы хабарлаған болатынбыз. Биыл бұл жобаны екінші жыл қатарынан өткізіп отырмыз.
Тұрғындардың сұранысы мен ұсыныстарын ескере отырып, жаттығу өтетін орындар қатары кеңейтілді. Енді сабақтар Сарыарқа ауданындағы «Көктал» саябағында да өтеді. Іс-шара толықтай тегін. Тек call-center нөміріне хабарласып, өтетін орынның нақты орналасқан жерін білу жеткілікті. Сабақтарды кәсіби жаттықтырушылар жүргізеді», – деді Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Мадина Айтқалиева.
Жаттығулардың нақты кестесі мен толық ақпарат Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының ресми сайты мен әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланып отырады.
Қосымша ақпарат үшін: Call-center орталығы +7 747 095 78 62.
Айта кетейік, скандинавиялық жүріс жаттықтырушылары жүргізетін тегін сабақтар 8 қыркүйекке дейін жалғасады.
Сабақ өтетін орындар:
• Есіл ауданы – «Жетісу» саябағы;
• Нұра ауданы – Орталық қалалық саябақ;
• Алматы ауданы – «Жерұйық» саябағы;
• Сарайшық ауданы – Президенттік саябақ;
• Байқоңыр ауданы – Ататүрік саябағы;
• Сарыарқа ауданы – «Көктал» саябағы.



