Қала бюджеті нақтыланды

Астананың 2026 жылға нақтыланған жергілікті бюджетінің жалпы шығысы 1 трлн 483 млрд теңгені құрайды. Бұл туралы қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айжан Түгелбаева мәслихаттың кезектен тыс сессиясында мәлім етті.
Баяндамашының айтуынша, бюджетті нақтылау қаланың өз табысының өсуіне байланысты болып отыр.
– Астана қарқынды түрде дамып келеді. Экономикалық өсімінің орташа қарқыны 10% деңгейінде. Халық саны орта есеппен 7,5%-ға өсіп отыр. Құрылыс жұмыстарының қарқыны 8,2%-ға, көлік және логистика саласындағы белсенділік 30%-ға артты. Сауда көлемі 3%-ға өсті, – деді мекеме басшысы.
Оның айтуынша, жыл басынан бері субсидияланатын қоғамдық көлік бағыттарының саны 110-ға дейін артқан, ал жолаушылар ағыны 12%-ға өскен. Жол инфрақұрылымы бойынша 30 шақырым жол жөнделіп, тағы 7,6 шақырым жол салынып жатыр.
Жылу энергетикасы және коммуналдық шаруашылық саласында қуаттылықты арттыруға бағытталған жобалар жүзеге асырылуда. Олар жылу энергиясын өндіру қуатын сағатына 1000 гигакалорияға, ал электр энергиясын 423 мегавольт-амперге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
– Қала көркін жақсартуға қосымша 18,3 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаржы аулаларды жөндеуге, көгалдандыруға, санитарлық тазалыққа және LRT станциялары мен шеткі аудандарды абаттандыруға жұмсалады, – деді ол.
Айжан Түгелбаева атап өткендей, қосымша шығыстар қаланың жедел қажеттіліктерін, стратегиялық даму міндеттерін, Мемлекет басшысы мен Үкіметтің тапсырмаларын, сондай-ақ мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелерінің ұсыныстарын ескере отырып жасалған.



