Астанада «Жаяу жүргінші» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде
Астана қаласы полиция департаменті жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысына қатысушылардың құқықтық мәдениетін арттыру және жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Жаяу жүргінші» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Айта кетейік, жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын апаттар әлі де өзекті мәселелердің бірі. Жыл басынан бері елорда аумағында жаяу жүргіншілердің қатысуымен 400-ге жуық жол-көлік оқиғасы тіркелді. Алаңдатарлығы, аталған жол апаттарының едәуір бөлігі жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелерін сақтамауынан орын алған.
Атап айтқанда, жаяу жүргіншілердің кінәсінен 82 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Көп жағдайда жол апаттары белгіленбеген жерден жолды кесіп өту, бағдаршамның тыйым салатын белгісіне қарамастан жолға шығу, жолдағы жағдайды дұрыс бағаламау және қараңғы уақытта жарық шағылыстыратын элементтерді пайдаланбау салдарынан орын алады.
«Жаяу жүргінші» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері адам көп шоғырланатын орындарда, білім беру ұйымдарының маңында күшейтілген бақылау жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар тұрғындармен және жүргізушілермен профилактикалық әңгімелер өткізіліп, жол қозғалысы ережелерін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылуда.
Полиция қызметкерлері жүргізушілерге жаяу жүргіншілер өткелдерінің алдында жылдамдықты төмендетіп, жолды кесіп өтушілерге басымдық берудің маңыздылығын еске салады. Ал жаяу жүргіншілерден тек белгіленген орындар арқылы өтіп, жолға шықпас бұрын көлік құралдарының толық тоқтағанына көз жеткізуді сұрайды. Жолдағы қауіпсіздік – тек полицияның ғана емес, әрбір жол қозғалысына қатысушының ортақ жауапкершілігі. Бір сәттік немқұрайлылық орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін.



