Басты ақпаратҚала мен сала

Жолдар жөнделіп, көшелер көркейеді

Елордада жол жөндеу жұмысы жалғасуда. Биыл жалпы ұзындығы 60 шақырымға жететін 50 көшені жөндеу жоспарланған. Бүгінде шұңқырларды, жаяу жүргіншілер жолдарын жөндеу, жол белгілерін салу жұмысы қатар жүріп жатыр.

Осы жылы жол жөндеу сәуір айы­нан басталды. Бүгінде қаланың көлік инфрақұрылымын жақсарту бағытында жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Бұл туралы елорда әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«Жыл сайын автобус паркі жаңартылып, жолдар жөнделіп, жаңа жолдар мен жолайрықтар салынуда, сол сияқты LRT іске қосылды. Бірқатар жол құрылысы нысанында атқарылып жатқан жұмыс барысымен таныстым. Биыл жалпы ұзындығы 60 шақырымға жететін 50-ге тарта көшеге жөндеу жүргізіледі» деді қала басшысы.

Айтуынша, қалада бірқатар жол-көлік инфрақұрылымы салынып жатыр. Мәселен, Н.Тілендиев даңғылы мен Ш.Бейсекова көшесінің қиылысында екі деңгейлі көлік айырығын салу жобасы аясында инженерлік желілерді тарту жұмысы 90%-ға орындалды. Монтаждау жұмысының барлық 8 кезеңі аяқталды, аралық құрылыстың дайындығы 95%-ды құрайды. Сондай-ақ жол төсемін салу және аумақты абаттандыру жұмысы жүріп жатыр. 2026 жылы аралық құрылымдарды монтаждауды аяқтап, әрі қарай учаскенің бүкіл бойына, оның ішінде негізгі жүру бөлігіне және съездерге асфальтбетон жабынын салып, жол төсемін төсеу жоспарланып отыр.

Тәуелсіздік даңғылының Қабанбай батыр даңғылынан Ұлы дала даңғылына дейінгі бөлігін салу жұмысы басталды. Бұл көше – сегіз жолақты магистраль.

«Аталған жол көліктерді өзге көшелерге бағыттау арқылы Мәңгілік ел мен Тұран даңғылдарындағы көлік ағынын азайтады деп есептейміз. Қазіргі уақытта 1-кезең – Тәуелсіздік даңғылының Қабанбай батыр даңғылынан Е485 көшесіне дейінгі бөлігін салу жұмысы жүріп жатыр. Инженерлік желілерді (сумен, электрмен, жылумен жабдықтау, кәріз) тарту жұмысы жүріп жатыр. Төле би көшесінің Р.Бағланова көшесінен Ұлы дала даңғылына дейінгі бөлігінің негізгі жүру бөлігіне асфальтбетон жабынының төменгі қабаты салынды. Жиектастар орнатылды, тротуарларды салу жұмысы ішінара орындалды» деді елорда әкімі.

Орташа жөндеу жұмысы мынадай мекенжайларда: Кенесары көшесі – Ә.Сембинов көшесінен М.Ғабдуллин көшесіне дейін, Абай даңғылы – Ә.Сембинов көшесінен Ш.Уәлиханов көшесіне дейін, Н.Тілендиев даңғылы – Қарталы көшесінен Баршын көшесіне де­йін, С.Мұқанов көшесі – Баршын көшесінен айналма жолға дейін, Керей-Жәнібек хандар көшесі – Ә.Бөкейхан көшесінен Шерхан Мұртаза көшесіне дейін, А.Байтұрсынұлы көшесі – А-52 көшесінен С.Шаймерденов көшесіне де­йін, М.Тынышбаев көшесі – А.Байтұрсынұлы көшесінен Ж.Нәжімеденов көшесіне дейін жүргізілуде.

Ш.Бейсекова көшесі мен Н.Ті­лендиев даңғылының қиылысында екі деңгейлі жол айырығын салу жұмысы жалғасуда. Нысанда инженерлік желілерді тарту және аралық металл құрылымын монтаждау жұмысы жүргізіліп жатыр. Биыл жыл соңына дейін құрылыс жұмысын аяқтау жоспарланып отыр. Қ.Мұхамедханов көшесінің құрылысы Ш.Айтматов көшесінен Қорғалжын тасжолына дейінгі аралықта жалғасуда.

«Өткен жылы бұл учаскеде көлік қозғалысы қамтамасыз етіл­ген. Биыл жол салуды және іргелес аумақты абаттандыруды қоса алғанда, барлық жұмысты толықтай аяқтау жоспарланып отыр. Ш.Айтматов көшесінде сегіз жолақты магистралды жол арқылы көлік қозғалысы қамтамасыз етілді. Ш.Айтматов көшесінің ашылуы нәтижесінде Тұран және Қабанбай батыр даңғылдары, сондай-ақ Сығанақ пен Қ.Мұхамедханов көшелері сияқты негізгі магистралдарда көлік ағыны едәуір азайды, бұл қаланың жаңа бөлігі үшін аса маңызды. Сонымен қатар биыл абаттандыру, бағдаршам орнату және электрмен жабдықтау, нөсер кәрізі желілерін тарту жұмысы жалғасады» деді Жеңіс Қасымбек.

Қазіргі уақытта Тәуелсіздік даңғылының Қабанбай батыр даңғылынан Е485 көшесіне де­йінгі учаскесінің аралығында жұмыстың бірінші кезеңі жүзеге асып жатыр. Жол салу аумағында нормативтік талаптарға сәйкес коммуналдық желілерді (сумен, электрмен, жылумен жабдықтау, кәріз) төсеу жұмысы жүргізілуде. Сондай-ақ Ұлы дала даңғылының (А-52 көше) Ш.Қалдаяқов көшесінен Қордай көшесіне дейінгі учаскесінде құрылыс жұмысы жалғасуда. Осыған дейін Ш.Қалдаяқов көшесінен А.Байтұрсынұлы көшесіне дейінгі аралықта көлік қозғалысы қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта осы учаскеде жолдың жоғарғы қабатын салу арқылы абаттандыру жұмысы қолға алынды.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button