Басты ақпаратСараптама

Ұлыбритания жазбалары

Ұлыбританияға келіп, «Болашақ» бағдарламасы бойынша он айлық ғылыми тағылымдаманы бастап кеткенімізге де біраз айлар өтіпті. Осы уақыт аралығында жат елдің мәдениеті мен өмір салтынан біраз дүниені көңілге түйіп, зердеге тоқыдық. Әлбетте, оның бәрін хатқа түсіру мүмкін емес. Бірақ солардың арасынан бізге үлгі болады-ау деген ең негізгі ойларды сығымдап, «Астана ақшамының» оқырмандарымен бөлісуге асықтым.

Біріншіден, мамандық білімін берумен қоса, адамдық ілімін беруге тырысатыны ұнады. Қазіргі заманауи пәнаралық түйткілдер мен жалпығылыми мәселелерге, ғаламдық проблемаларға қатысты студенттер мен оқытушыларға арнайы дәрістер ұйымдастырады екен. Сол арқылы «жұмсақ дағдыны шыңдау» үрдісі жолға қойылғанын аңғардым. Сонда әр адам тек өз саласының хас шебері болуды ғана ойламайды, одан басқа да маңызды құндылықтар туралы көзқарасты қалыптастырады. Заманмен үндеседі, қоғамның белсенді мүшесі ретінде міндет алып, өз ортасындағы замандастармен мақсаттас болып, ұйыса түседі. Мен куә болған ондай ортақ дәріс тақырыптары: трансформативті климаттық білім (Transformative Сlimate Education); академия­лық кәсіпкерлік (Academic Enterpreneuralism); әлеуметтік әділдік (Social Justiсe). Студенттердің бойына экологиялық мәдениетті, заманауи этиканы, ғылым, жеке өмір мен өндірісті тиімді үйлестіру дағдыларын осылай да сіңіретінін көрдім.

Екіншіден, бұлардың әлемдік беделді ғылыми дерекқорларға деген ұстанымы біздікінен бөлек көрінді. Scopus Скопус (Elsevier), Web of Science (Clarivate) және тағы басқа ғылыми базаға енетін журналдарға мақала жазу мақсаты мен шарттарын біздікіне ұқсатпадым. Мәселен, сол Скопусқа, Гугл-сколарға кіретін ең беделді журналдарда мақаласы шығып жүрген профессорымыз Соуриндра мырзадан осы туралы сұрағанда: «Біздің ғылыми мақалалар ол жерлерде жарияланған сайын, әлемдік университеттердің QS-рейтингінде (QS World University Rankings) көтеріле түсеміз. Солайша ғылыми маңызды зерттеулермен бөлісеміз» деді. Соуриндра профессор өзі бір ғылыми мақаланы жоғары деңгейлі (Q1, Q2 квартильді) журналға шығару үшін, төрт жылдан сегіз жылға дейін жұмсайтынын айтты. Оған оқытушы ғалымның академиялық бос уақыты және бірнеше докторанттан тұратын көмекші топ ұсынылады екен. «Ең бастысы, оған көп ақша бөлінеді: әр ғылыми мақалаға ең кем дегенде 8000 паунд (5 580 000 теңге) қаражат керек, білесіз бе?» деді ол. Нәтижесінде, QS-тен жоғары деңгейге көтерілгенде, бізге ақылы оқуға студент көптеп келеді, тиісінше олардың әрқайсысы жылына орташа есеппен 30-40 000 паунд төлейді, солай ғылымға шыққан шығын университетке айналып, еселеніп, қайта оралады екен. Аңтарылып қалдық. Бізде басқаша ғой… Ондай мақала жариялау оқытушының жеке проблемасы емес пе? Мемлекеттік оқу орындары Скопусқа шыққанды талап етіп, жасанды түрде рейтингтегі орнын сәл көтеріп алғанымен, соның нәтижесінде шетелден студенттер ақылы оқуға ағылып келіп, өзін ақтап жатыр ма?.. Бәлкім біздегі ғылымды имитация тәсілімен емес, шынайы дамытуға тырысу керек шығар деген ой келді.

Үшінші ерекшелік, Ұлыбританиядағы мемлекеттік университет деген ұғым біздікіне қарағанда сәл басқаша екен. Жекеменшік сипатқа көбірек келеді, өйткені қомақты қаржыны әлемнің түкпір-түкпірінен келіп, ақылы оқитын студенттер әкеледі. Осылайша нарықтық қатынастар заңдылығына бағынып, үнемі сұранысқа, жоғары талапқа сай болуға тырысады. Лидс университеті – мемлекет те қаржыландыратын, қоғамдық (public) зерттеу университеті. Алайда мұндағы қоғамдық деген сөз «мемлекетке тікелей тиесілі» дегенді білдірмейді: Ұлыбританиядағы барлық университет дербес, тәуелсіз корпорация болып саналады, бірақ олар соған қарамастан, зерттеу жетістіктеріне сай мемлекеттік гранттар мен қаржыландыру ала алады.

«Мемлекеттің пәленше гранты бар, сонымен күн көреміз, басқасына жетпейді…» деп отырған бұлар жоқ. Оқу студенттер үшін жалпы алғанда ақылы деуге болады, тек ішінара бір бөлікті төлейтін жекелеген ұйымдар мен халықаралық бағдарламалардың стипендиялары бар. Қаржылық жағынан «айлығы шайлығына жетпейтін» халде болмағандықтан, тапқан табысының қомақты бөлігін ғылыми бәскелестікке салып, сол арқылы рейтингтегі жоғары дәрежеге талпынса, әрі өзекті ғылыми шешімдер арқылы қоғамға пайдасын тигізіп, өзіндік парызын орындайды. Яғни мемлекеттік университет болса да, әлемдік дәрежеде бәсекелестікке лайық болып, білім мен ғылым арқылы капитал тартып, табысы мен әлеуетін елін өркендетуге жұмсап жатқан білім мекемесінің жарқын үлгісін көрдім.

Төртінші ерекшелік, ағылшындар кері байланысқа өте зор мән береді. Оған мен Ұлыбританияға келген алғашқы күннен куәмін. Жатақханама келіп орналаса салысымен, электронды поштама «Барлығы жақсы ма екен?.. Үстел, төсек, есік, терезе, шкаф, ас бөлмесі, тазалық деңгейі… көңіліңізден шыға ма?» деп, тәптіштеп сұрап хат жіберді. Университет студенттерінің концертіне барып келген күні: «Концерт ойыңыздан шықты ма, репертуар ұнады ма? Келесі жолы да осындай есеп концертін одан сайын жақсы өткізу үшін не ұсынасыз?» деген онлайн-сауал­намасы «күлімсіреп» тұрды. Ал оқытушыларға арналған конференцияның үшінші күні, қорытынды жасалып, іс-шараның бітуіне бес минут қалғанда, залдан шықпай тұрып-ақ университеттік аккаунтыма «Конференциядан алған әсеріңіз туралы кері байланысыңызды беріп жіберсеңіз, өтініш…» деген хат келіп түсті. Мұның бәрі не үшін деп ойлайсыз? Өйткені олар үнемі дамуды таңдайды, бір дүниесінен келесі дүниесі жақсырақ өткенін қалайды. Өйткені әр қатысқан адамды сыйлайды, оның әр сөзі, пікірі, ұсынысы олар үшін құнды. Өйткені өмірдің өзін ғылыми модель етіп алған: деректерді жинап, содан бағыт-бағдарды анықтап, стратегия құрып отырады. Тағы бір себебі, өздерінің қызметіне сенімді, ары таза, еңбегі адал, ісі кәсіби, жүзі жарқын, сондықтан конструктивті сынға да әзір…

Бесінші ерекшелік, бұл жақта адамдар үнемі күлімсіреп жүруге, жымиып жауап беруге және әңгіме барысында ретімен әзілдеп қоюға тырысады екен. Тұманды Альбион, бұлтты және жаңбырлы күндер, сондықтан ауа райы тымсырайып тұрған соң, адамдарының да қабағы қатқыл болар деп ойлаппын. Жоқ, олай емес. Негізі біздің дүниетанымда да көркем мінез – садақаның бір түрі емес пе? (Тіпті елімізге бірнеше ғасыр бұрын келген шетел саяхатшылары да «…адамдары күлімсіреп жүретін, жарқын киім киетін, өмірге құштар халық» деп суреттегенін оқығанбыз. Әлде өткен ғасырдағы әлеуметтік катаклизмдерден бе, әлде өмір тауқыметінен бе, ол табиғи мінезіміз біраз өзгерген болар, кім білсін?) Ал бұларда дінмен де, мәдениетпен де қанына сіңген көркем мінез бе деп пайымдадым. Бірнәрсе сұрай қалсаң, шабыттанып тұрып, егжей-тегжейлі түсіндіретіні сонша, өзіңді әлемдегі ең маңыз­ды адам ретінде сезініп, бейне бір қанат біткендей арқаланып, бар тілегіңді орындап жібергендей қуанып кетесің ғой. Дәріс жүргізетін профессорлары да қағытпа әзілдерден құралақан емес, қалжың айтып, аудитория­ға көңіл-күй сыйлап отырады. Өте салмақты тақырыптың ортасында бір қызықты жайтты еске алып, жиналған жұртты ду еткізіп күлдіріп алуға тырысады. Сол кезде салмақты тақырып­қа кіріп, томсырайып қалған көпшіліктің өңіне қан жүгіріп, бір селкілдеп күліп алады да, ақпаратты сіңіруге деген ынтасы одан сайын ашыла түсетіндей. Ең қызығы, осы бір әдемі қасиетті бұл академиялық ортаға кіріккен өзге ұлт ғалымдары да паш еткісі келіп тұратынын байқауға болады. Келіп жатқан түрлі студентке өздері сияқты көркем мінезді болуды «жұмсақ күшпен» үйретуге тырысады. Алдымен көрсетеді. Сосын соны сенен де күтеді. Одан бөлек осы тақырыпты өнер тілімен – сахналық қойылым арқылы да түсіндіруі мүмкін. Өздеріне бейімдеуде сол жолды да қолданады. Мәселен, күзгі және қысқы семестрдің басындағы «Welcome week» кезінде көне тарихи ғимаратына барша шетелдік студентті тегін шақырып, шәй мен тәтті ұсына отырып, ағылшын менталитетіне арналған, Италиядан Англияға келген студент өмірі туралы «Culture shock» («Мәдени шок») атты комедиялық драмасын қойды.

Алтыншы ерекшелік осы жоғарыда аталған сипатынан шықса керек: ағылшындар алғыс айтуға құштар екен. Иә, сәл талпынысың мен ние­тіңнің өзін зор етіп бағалап, рақметін айтып жатады. Ол мінез академиялық ортада да қатты байқалады. Кітабының таныстырылымын жасап жатқан ғалымдар да өзіне сол жолда қолдау білдіргендерге жеке-жеке тоқталады. Конференция ұйымдастырушылары да (осы үш айда 6 конференцияға қатыстық) іс-шараcына атсалысқан әрбір ұйым, әрбір бөлім мен жауапты тұлғаға рақметін айтады. Ол былай тұрсын, сол конференцияда баяндама жасаған әр зерттеуші әлгі ғылыми жобасын ілгерілетуге ықпал етіп жатқан әріптестері мен ұйымдар атын бірнеше слайдқа тізіп қойып, алғысты жаудырады ғой. Өзі де мәз, атсалысқандар да мәз. Күшті ғой! Шетелдік ғылыми журналдардың ережесінде «Алғыс айту» деген бөлімнің неге қойылатынын енді толық түсінетін болдым…

Жетінші ерекшелік, сұрақ қою мәдениеті қатты дамыған. Біріншіден, білмегеніңді сұрап отыру өте жағымды іс-әрекет ретінде қабылданады. Неге сұрай бересің немесе соны да білмейсің бе деп мұрнын тыржитып қарайтын адам жоққа тән. Екіншіден, қойылған ірілі-

ұсақты әр сұраққа өте мұқият және толыққанды жауап беру зор міндет деп есептелетіндей. Сондықтан олар ауызша да, пошта арқылы жазылған жазбаша сұрақтарға да әрдайым ашық, тіпті «Тағы не білгіңіз келер еді?» деп нақтылап отырады. Есесіне хатпен ұзын-сонар жауап келсе, таң қалмай, ақпаратты мұқият сіңіруге де дайын болу керексіз. Одан бөлек ғылыми негізделген әрбір баяндамадан соң, Q&A (questions and answers), яғни сұрақтар мен жауаптар бөліміне кем дегенде 15 минут, ал көбіне-көп 30 минут уақыт жоспарланады. Сұрақтарды сол отырған жеріңізде қол көтеріп қоя аласыз, бірақ қолыңызға залға тиесілі микрофонды әкеп бергенше, 5-10 секунд күте тұру керек, өйткені сұрағыңызды тек спикер ғана емес, бүкіл аудитория ести алатындай болуы өте маңызды. Сұрақты тыңдап алған спикер алдымен сұрақ қоюшыға міндетті түрде қошеметін білдіреді екен. Мәселен, «Great observation!», «Brilliant question!», «Very good point!» немесе «Amazing question!» дегеннің қайсысын айтар екен деп күтіп отырасың, тіпті. Панельдік сессия кезінде сұрақ қоюдың онлайн тәсілін де ұсынып жатады. Ол үшін презентация өткен экранға кюар-код шығарады, сол сілтемемен өтіп, анонимді түрде немесе аты-жөнді енгізіп, қысқа сұрағыңызды жолдай қойсаңыз, сол секундта модератор оны көріп, дауыстап оқи қояды. Мәселен, Лидс университетінде 15 ақпан күні өткен AI апталығының қорытынды шарасында алдымызда отырған спикерлерге арнаған сұрақтарымызды көрсетілген кюармен өтіп, Slido платформасы арқылы жолдадық.

Алма САЙЛАУҚЫЗЫ,

PhD ғылым докторы, «Болашақ» бағдарламасының «500 ғалым» ғылыми тағылымдама стипендиаты,

Лидс университеті,

Ұлыбритания

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button