Qyzyl Book Art: «Дала қазынасы» сурет байқауына өтінім қабылдау басталды

Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні жəне Қазақстандағы Эколог күніне орай елімізде мектеп оқушылары арасында «Qyzyl Book Art: Дала қазынасы» республикалық сурет байқауына өтінім қабылдау басталды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Байқау Қызыл кітапқа енген жануарлар мен өсімдіктер тақырыбына арналып, табиғатты қорғау мəселесіне балалар мен жасөспірімдердің назарын аударуды көздейді. Жобаны Креативті индустрияларды дамыту қоры ұйымдастырып отыр. Байқауға Қазақстанның барлық өңірінен 1-11 (12) сынып оқушылары қатыса алады. Қатысушылар 1-4 сынып, 5-8 сынып жəне 9-11 (12) сынып оқушылары болып бөлінген үш жас санаты бойынша бақ сынайды.
Қатысушы Қызыл кітапқа енген бір жануарды немесе өсімдікті таңдап, оның бейнесін өз шығармасында көркем түрде ұсынуы қажет. Жұмыс таңдалған өсімдік не жануардың табиғаттағы рөлін, ерекшелігін, мекен ету ортасын жəне оны сақтаудың маңызын көрсетуі тиіс. Суретпен бірге «Неліктен мен дəл осы түрді таңдадым жəне оның болашақ ұрпақ үшін маңызы қандай?» деген сұраққа жауап беретін 500 таңбаға дейінгі қысқаша эссе қоса ұсынылады.
Заманауи, Street Аrt жəне эксперименталды бағыттардағы жұмыстар қабылданады. Байқауға қатысу үшін оқушы немесе оның заңды өкілі жұмысты Instagram, TikTok, Facebook, Threads немесе X əлеуметтік желілерінің бірінде жариялауы қажет. Жарияланымда қатысушы туралы ақпарат көрсетіліп, #DalaQazynasy жəне #QazaqCreative хэштегтері, парақшасы белгіленуі тиіс.



