Сарыарқа ауданының прокурорлары студенттермен профилактикалық кездесу өткізді

Астанада «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында Сарыарқа ауданының прокуратурасы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің студенттері мен оқытушыларымен профилактикалық кездесу өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараға «Жайдарман» жобасының жетекшісі Есен Елеукен, университеттің табысты түлектері, профессорлық-оқытушылық құрам және студенттер қатысты.
Кездесу барысында жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, интернет-алаяқтыққа, дропперлікке, есірткі қылмыстарына және өзге де құқыққа қарсы әрекеттерге қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды. Қатысушыларға жеке және ақпараттық қауіпсіздік шаралары, сондай-ақ құқық бұзушылықтар мен қылмыстар жасағаны үшін заңнамада көзделген жауаптылық түсіндірілді.
Жастар арасында құқықтық мәдениетті, азаматтық жауапкершілікті және заңға бағынатын мінез-құлықты қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Астана қаласының прокуратурасы жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және «Заң мен тәртіп» қағидаттарын нығайтуға бағытталған профилактикалық іс-шараларды іске асыруды жалғастырады.



