Жаз мезгілінде тамақтану қауіпсіздігін сақтау маңыздылығы түсіндірілді
Астана қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандары қалалық Коммуникациялар қызметінің алаңында жаз мезгілінде тамақтану қауіпсіздігі ережелерін сақтаудың маңыздылығын еске салды. Атап айтқанда, осы департаменттің басшысы Айгүл Шағалтаева күн ысығанда қауіпсіз тамақтану тәртібі туралы баяндады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Ауа температурасының жоғарылауына байланысты тағам өнімдерінде ауру қоздырғыш микроорганизмдер көбейеді. Соның салдарынан тағамнан улану мен жіті ішек инфекцияларына шалдығу қаупі артады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жыл сайын әлемде шамамен 600 миллион адам сапасыз тағам тұтынудың салдарынан ауырады, ал 420 мыңнан астам адам көз жұмады. Әсіресе балалар арасындағы жағдай алаңдаушылық туғызады. Астанада 2026 жылдың басынан бері жіті ішек инфекциясының 648 жағдайы тіркелді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4 пайызға төмендегенімен, мәселе өзекті күйінде қалып отыр.
-Аурудың негізгі себептері — тағамды дайындау, сақтау және сату кезінде санитариялық талаптардың сақталмауы. Тағамнан улану жағдайлары бақылауда Өткен жылы елордада қоғамдық тамақтану орындарда 3 топтық тағамнан уланудың жағдайы тіркелді. Сонымен қатар дүкендер арқылы сатылған үй жағдайында дайындалған аспаздық өнімнен бір оқиға орын алды. Нәтижесінде 60 адам зардап шекті, оның ішінде 20 бала бар. Дегенмен, департаменттің мәліметінше, 2026 жылдың өткен кезеңінде мұндай жағдайлар тіркелген жоқ, — дейді спикер.
Тағамнан улану неден болады?
Тағамнан улану — ластанған тағам арқылы ағзаға түскен зиянды микроорганизмдердің әсерінен болатын ас қорыту жүйесінің жедел бұзылысы. Оның негізгі қоздырғыштары — алтын түсті стафилококк, ішек таяқшасы және сальмонелла бактериялары. Уланудың басты себептері — мерзімі өткен өнімдерді пайдалану, тағамды дұрыс сақтамау және дайындамау, жеке бас гигиенасы талаптарының сақталмауы. Әсіресе тез бұзылатын өнімдер мен дайын тағамдар ерекше қауіп тудырады. Температуралық режимнің бұзылуы бактериялардың жылдам көбеюіне әкеледі. Сондықтан тұтынушылар өнімнің сапасына, сақтау және дайындалу жағдайына ерекше назар аударуы қажет.
Қауіптілігі жоғары өнімдер
Тағамдық инфекция қоздырғыштары көбіне сақтау мен дайындау талаптарын қатаң сақтауды қажет ететін өнімдерде кездеседі. Олардың қатарына көп құрамды салаттар, крем қосылған кондитерлік өнімдер, тартылған еттен дайындалған тағамдар, жұмыртқа өнімдері, құс етінен дайындалған тағамдар, балық пен теңіз өнімдері, жартылай фабрикаттар және дайын аспаздық өнімдер жатады. Сондай-ақ, дұрыс жуылмаған көкөністер, жеміс-жидектер мен көк шөптер де аурудың таралуына себеп болуы мүмкін. Өнімнің ластануы оны өсіру мен жинаудан бастап, тасымалдау және сату кезеңіне дейінгі кез келген сатыда орын алуы ықтимал. Сондықтан жеке гигиена талаптарын сақтау және өнімдерді тиісті температурада сақтау тағамдық инфекциялардың алдын алудың негізгі шарты болып табылады.
Тамақтанудағы жаңа қауіптер: жеткізу қызметі мен әлеуметтік желідегі трендтер
Тағам жеткізу қызметі ыңғайлы болғанымен, әсіресе ыстық күндері белгілі бір қауіп тудырады. Себебі жоғары температурада микроорганизмдер тез көбейеді. Әлеуметтік желілерде кең таралған шикі теңіз өнімдерінен жасалған тағамдар мен үй жағдайында дайындалған консервілер де денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін. Мұндай өнімдер ауыр улануға, оның ішінде ботулизмге әкелуі ықтимал. Санитариялық талаптардың сақталмауы кәсіпкерлер үшін де кері әсерін тигізеді. Бұл олардың беделіне нұқсан келтіріп, қаржылық шығындарға ұшыратуы мүмкін. Көбіне температуралық режимнің бұзылуы, жарамдылық мерзімінің өтіп кетуі және гигиена талаптарының сақталмауы анықталады. Санитариялық қызмет тұрғындарға азық-түлікті тек ресми сауда орындарынан сатып алуға, өнімнің жарамдылық мерзімі мен сақтау жағдайына назар аударуға кеңес береді. Қолды, көкөністер мен жемістерді мұқият жуып, тағамды дұрыс сақтау және дайындау қажет. Балалар мен денсаулығы әлсіз адамдарға ерекше көңіл бөлген жөн. Ал тағамнан уланудың алғашқы белгілері байқалған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну қажет.



