Астанада есірткіге қарсы күресте қоғам мен полиция күш біріктірді
Астана қаласы Полиция департаментінде есірткі құқық бұзушылықтарының профилактикасы жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиынға мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері, танымал спортшылар, блогерлер мен беделі мен белсенді азаматтық ұстанымы қоғамда есірткіге деген теріс көзқарасты қалыптастыруға ықпал ететін көшбасшылар қатысып, жастарды есірткі қатерінен қорғау бағытындағы бірлескен жұмыстарды талқылады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараның негізгі мақсаты – нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл жөніндегі 2026–2028 жылдарға арналған Кешенді жоспарды іске асыру аясында мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның өзара ынтымақтастығын нығайту.
Отырыс барысында Кеңестің жаңа мүшелеріне куәліктер табысталып, олардың есірткіге қарсы профилактикалық жұмыстарға белсенді қатысуға дайын екендігі атап өтілді.
Астана қаласы Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев өз сөзінде есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін жеткізді.
Кездесу барысында интернет кеңістігіндегі есірткі контентін анықтау және бұғаттау, есірткіні насихаттайтын граффити мен жарнамаларды жою, сондай-ақ жастар арасында салауатты өмір салтын дәріптеуге бағытталған спорттық және ақпараттық іс-шараларды өткізу мәселелері талқыланды.
Қатысушылар есірткіге қарсы күресте қоғамның белсенді қатысуы маңызды екенін атап өтіп, және өздерінің жастарды зиянды әдеттерден қорғауға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін білдірді.
Елордада қауіпсіз әрі салауатты қоғам қалыптастыру жолындағы бұл бастама алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.



