
Әнұранымыздың жеңіс тұғырындағы қыранның, елін шын сүйген ұланның аузымен шырқалып жүргеніне 2026 жылдың 11-інші қаңтарында 20 жыл толды. Осыдан тура 20 жыл бұрын, «Жас қазақ» ұлттық апталық газетінің Астанадағы меншікті тілшісі қызметін атқарып жүрген кезімде тарихи оқиғаның куәгері болдым. Тарих – өткен күннің куәсі, бүгінгінің – өнегесі депті бір данышпан. Сол айтпақшы, тәуелсіз Қазақ Елінің әнұраны қалай қабылданғанын, сол кезде Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың депутаттарға хат жазып, әннің сөзіне өзгерістер енгізіп: «Авторлыққа еш таласым жоқ» дегенін, өр мінезді халық қалаулысы Амангелді Айталының: «Менің Қазақстанымды» Жұмекеннің авторлығымен, Шәмшінің музыкасымен қалдырайық дегенін әр қазақ білуі тиіс деп ойлаймын.
Елбасы заңға 7 қаңтарда қол қойды
Енді 20 жылға артқа шегініс жасап, сол күндерге оралайық. 2006 жылы 6 қаңтарда Қазақстан Парламенті «Мемлекеттік нышандар туралы» жаңа заң жобасын жарты күнде екі оқылымда мақұлдап, бұған дейін бейресми түрде әнұранымызға айналған Ш. Қалдаяқов пен Ж. Нәжімеденовтің «Менің Қазақстаным» әнін бірауыздан мемлекеттік әнұран етіп бекітті. Ал ертеңіне, яғни, 7 қаңтар осы заңға Елбасы қол қойды. Жаңа әнұранымыз алғаш рет Елбасының ұлықтау рәсімінде орындалды. Көрнекті ақын Жұмекен Нәжімеденов бұл өлеңін 21 жасында жазған.


Ескі әнұран өз міндетін атқарды ма?..
Сол жолы қос палатаның бірлескен жиыны жөпелдемеде өтті. «Ит жылын белсенділікпен бастайық» деді ме екен, әйтеуір депутаттар мәселеге білек сыбана кірісіп, заңды қабылдауға бір деммен бас шұлғысты. Олар алдымен Шәмшінің «Менің Қазақстаным» әнінің оркестрмен өңделіп, түзетілген жаңа нұсқасын тыңдады. Бірден белгілі болғаны – әннің қайырмасынан басқа мәтініне ішінара өзгертулер енгізіліпті. Бірақ әуені толығымен сақталған. Үкімет те «Мемлекеттік нышандар туралы» заңға алдын ала жедел сараптама жасап үлгеріпті. Қос палатаның алқалы жиынына сақадай-сай әзірленіп келген сол кездегі Мәдениет, ақпарат және спорт министрі Есетжан Қосыбаев жаңа әнұран қабылдаудың мезгілі жеткенін қуана мәлімдеуі сол екен, мадақсөздер жарысы басталып кетті.
Әуелі ескі әнұранға қатысты пікірлер айтылды. «1992 жылы қабылданған бұл әнұран өз міндетін толық өтеді,- деді топ ішінен суырылып сөйлеген сенатор Қуаныш Сұлтанов.- Ол тұңғыш Президентімізбен бірге әлемді шарлап, ең құрметті де мәртебелі төрлерде шырқалды. Ендеше, ол тарихтың төріне алтын әріптермен жазылады». Ал жаңа әнұранға қатысты әңгімені мәжілістің экс-депутаты Бекболат Тілеухан бастап берді: «Әнұран айтылғанда егілуің керек, екіленуің керек. Ол ән жеңіс тұғырына көтерілген қыранның аузынан табылуы қажет. Етігімен су кешкен ұланның аузынан табылуы керек ол ән. Толқыған топтың аузынан, шалқыған көптің аузынан табылған ардақты әуен болғанда ол әнұран болады. Ал енді ет-жүрегің езілмей, екіленбей айтқан ән ән болады, ол ұран болмайды. Осындай талапқа қандай лайықты ән бар десеңіз – ол, сөз жоқ, кез келген қазақстандықтың аузына оралатын Шәмшінің «Менің Қазақстаным» дейтін әні». Одан әрі сөз кезегі тигендердің бәрі де осы пікірді қолдады.

Құпия автор Елбасы екен…
Күн тәртібіндегі негізгі мәселені талқылауға көшерден бұрын халық қалаулылары демдерін ішіне тартып, тына қалысты. Оларды ынтықтырған – «Жұмекеннің сөзіне өзгерістер енгізген автор кім?» деген сауал еді. Сол сауалға жауап беремін деп Мәжілістің сол кездегі төрағасы Орал Мұхамеджанов Елбасының депутаттарға арнаған хатын оқығанда бар құпияның сыры ашылды. Жұмекеннің сөздерін ауыстырған автор – өзге емес, Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі екен. Бұл мәтін осыдан біршама уақыт бұрынырақта жазылыпты: «Менің Қазақстаныма» ресми мәртебе беретін күн жетті. Бұл әннің Қазақстан тыңын игерушілердің құрметіне жазылғаны ешкімге құпия емес. Ал әнді әнұран ретінде қабылдау үшін бірқатар өзгерістер енгізу керек деп есептеймін. Біріншіден, онда ғасырлар бойы тәуелсіздік үшін күрескен бабалар ерлігі көрсетілуі тиіс. Екіншіден, мәтінде ата-бабадан қалған асыл мұра – жеріміздің кең байтақтығы орын алуы керек. Үшіншіден, еліміз бен жеріміздің байлығы біздің ұрпақтарымыздың болашағына жарқын жол ашатыны да айқын көрініс тапқаны жөн. Ең бастысы, тәуелсіздігіміздің алтын діңгегі – ел бірлігі баса көрсетілуі керек. Елбасы ретінде емес, мен азамат ретінде осы әннің сөзіне жоғарыдағы талаптарға жауап беретін тиісті өзгерістер ұсынып отырмын. Авторлыққа еш таласым жоқ» деп аяқтапты хатын Н. Назарбаев.
Назарбаевтан Брежнев жасауға асықпаңдар…
Осы жерге келгенде даудың оты бұрқ етті. Елбасы өз хатында «авторлыққа еш таласым жоқ» дегеніне қарамастан депутаттардың дені «Қосалқы авторлыққа Елбасының атын қосайық» деп жан-жақтан жамырасты. Қызық болғанда өзге депутаттар бір жақ болды да, оларға өр мінезді Амангелді Айталы ғана қарсы шықты: «Біз Жұмекеннің сөзін жаттап өскен ұрпақпыз, — деді ол. – Біз осы сөзді айттық, айтып келеміз, айта береміз. Ал Үкіметтің ұсынысы, яғни, бүгінгі Елбасының ұсынысы – халық үшін күтпеген жағдай. «Құқықтық жағынан барлығына көз жеткіздік, қайшылық жоқ» деді. Дұрыс. Бірақ мұның кейіннен саяси-сыни салдары болуы мүмкін. Біріншіден, жалпы мәдени мұраға өзгеріс енгізу ертеңгі күні белең алып кетпей ме?.. Абайдың ұрпақтарынан рұқсат алып, өлеңдерін өзгертіп жүрмейік. Екіншіден, философияда өлшем деген категория бар. Сынау, қаралау қандай зиянды болса, орынсыз мақтау, мадақтаудың да өлшемі болады. Бүгін біз бәріміз жабылып қостап, ертең біреулер жабылып жамандаса не болмақ? Осы жерде ойланайық. Қазақстанның тұңғыш Президенті бүгінге де, тарихқа да керек. Сондықтан мен «Менің Қазақстанымды» Жұмекеннің авторлығымен, Шәмшінің музыкасымен халықтың сыйлап келген қастерлі әні күйінде қабылдауды ұсындым».

Бұл ұсынысқа қос палатаның әнұранға қатысты комиссиясының төрағасы Қуаныш Сұлтанов: «Бұл жерде өлең өзгерту жаппай белең алады деп қауіптенудің қажеті жоқ. Өйткені, әнұран біреу-ақ. Барлық мұрагерлермен заңдық, техникалық жағы түгел қамтамасыз етілген. Бір ескеретініміз, Ж. Нәжімеденовтің мұрагерлері «егер Елбасы авторлыққа қосылса қолдаймыз» деген тілек айтқан. Екіншіден, мәтін сөзді ешқандай әлсіретіп тұрған жоқ. Біз кешегі Жұмекеннің сөзін жаттап өссек, біздің балаларымыз осы сөзді жаттап өседі», — деген уәж айтты.
Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан да осы тұста Елбасын арашалап сөйледі: «Басқа елдерде бұл қайшы көрінуі мүмкін, — деді ол. – Бірақ тарихқа үңіліңіздер. Қазақтың ханы Абылайы «Көкболат», «Қаражорға» деп күй шығарды. Біз өнер адамы емес, Алашорданың идеологы, лингвист-ғалым деп білетін Ахмет Байтұрсынұлының 36 әні бар. Ал Нұрсұлтан Назарбаевтың поэзияға жақындығы жөнінен бүкіл ел құлағдар. Анау «Елім менің», «Үшқоңыр» әндерін елдің бәрі естіп жүр. Сондықтан бұл жерде заңға томпақ келетін дүние жоқ».
Ақырында депутаттар көпшілік дауыспен Елбасын қосалқы автор етті. Ал сол күні кешкілік «31 арнадан» «Информбюроның» жаңалықтарын көріп отырып, Ж. Нәжімеденовтің жарының сөзін естіп қалдық: «Егер маған салса, Жұмекеннің бір үтірін өзгертуге қарсымын. Халық бұл өлеңді қуанышында да, қайғысында да айтып, рухын көтеріп келді. Әлі де болса бұрынғы Жұмекеннің сөздерін айтып кете ме деп ойлаймын» деді Нәсіп апай. Әрине, түсінген адамға астарлы-ақ сөз. Демек депутаттар Ж. Нәжімеденовтің мұрагерлерінің пікірін сұрамаған болып тұр ғой. Тарих барлығына өзі төреші.
Мәжілістің экс-депутаты Серік Әбдірахманов сол жиыннан шыққанда халық ұзақ уақыт Жұмекеннің сөзіне жазылған ескі әнді шырқайтынын айтты. «Шәмшінің әнін халық ешбір күштемей-ақ шырқайды, — деді ол. – Ал аппараттың жаңа жылдан соң іле-шала әнге қосылғаны – күтпеген жағдай. Бұл – нонсенс. Яғни, аппарат халықтікі емес, Үкімет те уақытша отыр. «Менің Қазақстанымды» қазақтардың бәрі біледі. Олар ұзақ уақыт бойы ескі әнді, яғни, Жұмекеннің сөздерін айтатыны анық. Ал жаңа мәтін болашаққа қажет. Бәлкім, өскелең ұрпақ басқа нұсқасын қалап алар. Естеріңізде болса, 2001 жылы Президенттің сөзіне жазылған Бекболаттың әнін әнұранға ұсынғанда мен түбегейлі қарсы болғанмын. Сонда: «Назарбаевтан Брежнев жасауға асықпаңдар!» — дегенім бар. Менің арым таза».
Әнұранға қатысты депутаттар енгізген тағы бір жаңалық бар. Бұдан былай әнұран орындалғанда тік тұрып қана қоймай, оң қолыңызбен жүрек тұсыңызды басасыз. Сөйтіп, жаңа әнұранға қатысты заң жобасын депутаттар бірауыздан (А. Айталыдан басқалары) бекітті. Ал жаңа әнұран алғаш рет Елбасының ұлықтау рәсімінде орындалды. Міне, содан бері 20 жылда Қазақ Елінің әнұраны қазақтың абыройы асқақтаған жерлердің бәрінде шырқалып келеді. Жұмекен ақынның жыры, Шәмші атамыздың әні әр қазақтың жүрегінің төріне орнықты. Ақиқат сөздің алдаспаны Амангелді Айталы ағамыздың өшпес ерлігін жас ұрпақ санасына сіңірді. Ұлт мүддесі, ана тілінің тағдыры үшін болған саяси майданда басын бәйгеге тіккен хас зиялының рухы шат болғай!
Төлен ТІЛЕУБАЙ



