Мемлекеттік рәміздер күні елордада қалай атап өтілуде?
Астанада жыл сайын 4 маусымда аталып өтетін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай кең ауқымды іс-шаралар бағдарламасы әзірленді. Мерекелік бағдарлама елорданың барлық аудандарын қамтып, түрлі жастағы тұрғындар концерттерге, көрмелерге және мемлекеттік рәміздерге арналған тақырыптық акцияларға жиналады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
4 маусым күні сағат 10:00-де елорданың барлық мекемесінде «Менің рәміздерім – менің мақтанышым!» жалпы қалалық патриоттық челлендж-акциясы басталады. Аталған акция аясында бір мезетте Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалады.
Мереке қарсаңында Астанада дәстүрлі «Менің елім – менің Туым» акциясы басталды. Тұрғын үйлердің қасбеттеріне Мемлекеттік Тулар ілініп, қалаға ерекше мерекелік көрік берді. Бұл бастама ел бірлігі мен патриотизмнің, сондай-ақ мемлекеттік рәміздерге деген құрметтің жарқын көрінісіне айналды. Аталған акция жыл сайын өткізіліп келеді және ол тек тұрғындар арасында ғана емес, қала қонақтары мен жаяу жүргіншілер арасында да оң пікір қалыптастырып, мерекелік көңіл күй сыйлайды.
1-4 маусым аралығында қалада архивтік құжаттардың бірегей көшпелі көрмесі жұмыс істейді. Көрме 3 маусым күні ЭКСПО аумағында сағат 10:00-17:00 аралығында, ал 4 маусымда Шәмші Қалдаяқов көшесіндегі жаяу жүргіншілер аймағында, «Пианино» арт-нысаны жанында дәл осы уақытта ұсынылады.
4 маусым күні сағат 19:00-де Есіл өзенінің жағалауында (Арбат) Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің Мемлекеттік Тумен салтанатты шеруі және арнайы концерттік бағдарлама өтеді.
Мерекенің ерекше алаңдарының бірі – «Көк байрақ астында»дәстүрлі әдеби-музыкалық кеш болады. Кеш 4 маусым күні сағат 18:00-де Нұржол бульварында ұйымдастырылады. Іс-шара ұлттық өнер, жанды музыка және поэзия әуесқойларының басын қосып, қатысушыларға мазмұнды мәдени бағдарлама мен мемлекеттік туларды тарату акциясын ұсынады.
1-4 маусым аралығында «Замандас» жастар коворкинг-орталықтарында мемлекеттік тіл, ағылшын тілі және шешендік өнер бойынша арнайы сабақтар өткізіледі. Бағдарлама 4 маусым күні Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында өтетін «Менің Отаным – Қазақстан» интеллектуалдық квестімен қорытындыланады.
Сонымен қатар 4 маусымда №2 музыка мектебінде «Ән жырыммен асқақтатам…» атты мерекелік концерт өтсе, Жас көрерменнің музыкалық театры сахнасында қазақтың әйгілі композиторы Шәмші Қалдаяқовқа арналған «Шәмші» спектаклі қойылады.
4 маусым күні сағат 11:00-де «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығында «Мемлекеттік рәміздер – елдің абыройы» атты салтанатты іс-шара өтеді. Ол ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайтудағы мемлекеттік рәміздердің рөліне арналады.
«Байқоңыр» ауданында сол күні шағын футболдан аудан тұрғындары арасында турнир ұйымдастырылады. Сондай-ақ жаңартылған Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы стадионда жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты өтеді. Ойын басталар алдында 150 оқушы Мемлекеттік Әнұранды жанды дауыста орындайтын патриоттық акция өтеді. 5 маусым күні «Нұра» ауданында балаларға арналған ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады.
Сонымен қатар 4 маусым күні Сарайшық ауданында К. Әзірбаев көшесі, 6 мекенжайында жаңа абаттандырылған аула кеңістігінің ашылуы өтеді.



