Заң мен тәртіп – қоғам қауіпсіздігінің кепілі

Әскери ортадағы заңдылық пен құқықтық тәртіп – мемлекеттің қорғаныс қабілеті мен қоғам қауіпсіздігінің негізгі кепілі. Бұл бағытта әскери тергеу органдарының атқаратын қызметі айрықша маңызға ие. Әскери қызметшілер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз ету, әскери тәртіпті нығайту және азаматтардың құқықтарын қорғау – осы саланың басты міндеттерінің бірі. Осы орайда ҚР ІІМ Батыс өңірлік әскери тергеу басқармасы Ақтөбе бөлімінің тергеушісі, полиция капитаны Қайырбай Айдос Рысбекұлымен әскери тергеу органдарының қоғамдағы рөлі, заң мен тәртіп қағидаттарының маңызы және әскери саладағы құқықтық мәдениет жайында сұхбаттасқан едік.
– Айдос Рысбекұлы, ең әуелі әскери тергеу органдарының қоғамдағы орны мен маңызы туралы айтып өтсеңіз.
– Әскери тергеу органдары – әскери ортадағы заңдылық пен құқықтық тәртіптің сақталуын қамтамасыз ететін маңызды құқық қорғау құрылымдарының бірі. Біздің негізгі міндетіміз – әскери бөлімдер мен қорғаныс саласында орын алған құқық бұзушылықтарды анықтау, олардың себеп-салдарын зерделеу және заң аясында объективті тергеу жүргізу. Әскери қызмет – жоғары тәртіп пен үлкен жауапкершілікті талап ететін сала. Сондықтан заң талаптарының қатаң сақталуы әскери ұжымдағы тұрақтылық пен тәртіптің негізі болып саналады. Заң үстемдігі сақталған жерде әділдік те, сенім де болады.
– Әскери ортадағы тәртіпті сақтау бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Бүгінде құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Тергеу тек қылмысты ашумен ғана шектелмейді. Оның басты мақсаты – құқық бұзушылықтың алдын алу, әскери қызметшілер арасында құқықтық сауаттылықты арттыру және тәртіп мәдениетін қалыптастыру. Әскери бөлімдерде профилактикалық кездесулер, түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Себебі әскери тәртіп – Қарулы Күштердің жауынгерлік қабілетінің маңызды бөлігі. Әрбір әскери қызметші заң мен жарғы талаптарын мүлтіксіз орындауы қажет.
– Ал қазіргі таңда әскери саладағы құқық бұзушылықтар бойынша ахуал қандай?
– Жалпы елімізде құқық бұзушылық деңгейінің төмендеу үрдісі байқалады. Алайда әскери ортада жекелеген құқық бұзушылық түрлері бойынша өсім тіркеліп отырған жағдайлар бар. Мәселен, жарғылық қатынастарды бұзу фактілері бойынша белгілі бір өсім жөнінде мәліметтер жарияланды. Бұл жағдай профилактикалық жұмыстарды күшейтудің маңызды екенін көрсетеді. Әскери ұжымда өзара құрмет, тәртіп пен жауапкершілік қағидаттарын нығайту – басты міндеттердің бірі.
– Енді, осы арада сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесіне де тоқталсаңыз…
– Әскери салада заң талаптарының сақталуы аса маңызды. Сондықтан қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану, сыбайлас жемқорлық фактілері немесе өзге де заңсыз әрекеттердің жолын кесу – біздің қызметтің маңызды бағыттарының бірі. Заң алдында барлығы тең. Әскери ортада әділдік пен ашықтық қағидаттарын сақтау қоғамның құқық қорғау жүйесіне деген сенімін арттырады деп есептеймін.
– Сіздіңше, әскери тергеуші қандай қасиеттерге ие болуы керек?
– Бұл мамандық, ең алдымен, адалдық пен жауапкершілікті талап етеді. Тергеуші сабырлы, әділ әрі принципшіл болуы қажет. Әрбір қылмыстық іс – адам тағдыры. Сондықтан барлық шешім заң аясында, жан-жақты әрі мұқият қабылдануы тиіс. Сонымен қатар әскери тергеуші тек кәсіби маман ғана емес, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға үлес қосатын тұлға болуы керек.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Әсемай РИНАТҚЫЗЫ



