Ұлттық код және геосаяси дербестік

Бүгінгі таңда әлемдік геосаяси кеңістік теңселіп, жаһандық турбуленттілік дәуірі орнады. Әлемдік тәртіптің өзгеруі, ақпараттық соғыстар мен мәдени экспансия ұлттардың өзіндік болмысына үлкен қауіп төндіруде. «Мидай қайнаған» шақта мемлекеттің шекарасын ғана емес, ұлттың рухани шекарасын да қорғау – басты міндет. Мұндай сын сағатта Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық тарихты жаңғырту және рухани егемендікті шегендеу бағытындағы бастамалары мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саясатындағы теңдессіз ерлігі мен көрегендігін көрсетіп отыр.
Рухани қауіпсіздік – тәуелсіздік қалқаны
Мемлекет басшысы 2021 жылғы 5 қаңтарда жарық көрген «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында ұлттық санаға қатысты маңызды ескерту жасаған болатын. Жаһандану дәуірінде ұлттар өз мәдениеті мен тілінен саналы түрде емес, бейресми, біртіндеп және байқатпай айырылып қалу қаупі бар. Мұндай мәдени ассимиляция мен рухани жұтылып кету қатеріне қарсы тұрар бірден-бір ем – терең тарихымызды зерттеп, оны ұлттық санаға сіңіру. Президент бұл мәселені жай ғана ғылыми бағыт емес, мемлекеттің қауіпсіздік доктринасы деңгейіне көтерді.
Конституция және Ұлы дала сабақтастығы
Жаңартылған Конституцияның преамбуласына «Ұлы дала сабақтастығы» ұғымының енгізілуі – Президент Тоқаевтың саяси-құқықтық реформаларының шыңы. Бұл – Қазақстанның мыңжылдық мемлекеттілік тарихы бар, ежелгі сақ, ғұн, түрік қағандығы мен Алтын Орданың тікелей заңды мұрагері екенін Ата заң деңгейінде заңдық тұрғыдан шегендеу. Осы қадам арқылы Президент біздің мемлекеттігіміздің тамыры тереңде екенін әлемге пайымдап, болашақ ұрпақтың тарихи жауапкершілігін бекітті.

Ұлттық намысты оятады
Алтын Орда (Жошы ұлысы) тарихы кейбір көрші елдерге, әсіресе империялық санадан арыла алмай отырған саяси орталарға ұнай бермейтін, өте сезімтал тақырып екені жасырын емес. Олар ұзақ жылдар бойы бұл тарихты бұрмалап, Жошы ұлысын тек «жаулаушы, талқандаушы орда» ретінде көрсетуге тырысты. Алайда Президент Қ.Тоқаев бұл қысымдар мен идеологиялық кедергілерге қарамастан, Алтын Орда тарихын ашық айтуды, оның басты қарашаңырағы мен заңды мұрагері қазақ халқы екенін халықаралық мінберлерде шегелеп айтуды мемлекеттік ұстанымға айналдырды. Бұл – Қазақстанның рухани-саяси тұрғыдан мүлдем дербес, ешкімге жалтақтамайтын, өз тарихын өзі жаза алатын тәуелсіз көзқарасы бар екенінің айқын дәлелі. Мемлекет басшысының бұл батылдығы ұлттық намысымызды оятып, егемендігіміздің іргесін бекіте түсті.
Астана симпозиумы: әлем мойындаған ақиқат
Осы дербес саяси бағыттың заңды жалғасы ретінде Астанада өткен халықаралық симпозиумды атауға болады. Алқалы жиынға әлемнің 25 елінен (соның ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Қытай сияқты алпауыт мемлекеттерден) жетекші ғалымдар, тарихшылар мен археологтар қатысты. 25 ел делегаттарының Астанада бас қосуы – Президент Тоқаевтың халықаралық аренадағы беделінің және Қазақстанның Алтын Орда тарихын зерттеудегі жаһандық орталыққа айналғанының айғағы. Шетелдік ғалымдар қазақ топырағында Алтын Орданың дамыған қала мәдениеті, заң үстемдігі мен дипломатиялық мектебі болғанын ғылыми тұрғыдан мойындап, сыртқы күштердің тарихты бұрмалау әрекеттеріне үлкен ғылыми соққы берді.
Түркістан: Түркі әлемінің жаңа геосаяси векторы
Әлемдік геосаяси турбуленттілік кезінде Президент тәуелсіздікті қорғаудың сыртқы белдеуін де құруда. Күні кеше ғана Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының жиын-шаралары – осы көрегендіктің жемісі. Көне Түркістанды бүкіл түркі әлемінің рухани астанасы ретінде халықаралық деңгейде бекіту арқылы Қазақстан аймақтағы жаңа ықпал орталығына айналды. Бұл одақ бізге алпауыттардың текетіресі кезінде қосымша геосаяси тірек, қауіпсіздік және мәдени қорған береді.
Түйін
«Мидай қайнаған» әлемде жұтылып кетпеудің, ұлттығымыздан айырылмаудың жалғыз жолы – ұлттық тарихты қалқан ету, Ұлы дала сабақтастығын үзбеу. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың дербес және батыл саясатының арқасында біз өз тарихымыздың қожайыны екенімізді дәлелдедік. Біз Алтын Орданың заңды мұрагері ретінде өз өткенімізге ие болғанда ғана мемлекетіміздің егемендігі мәңгілік, болашағы баянды болмақ.
Мансурхан МАХАМБЕТОВ,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің
6-шақырылым депутаты



