Елорда тынысы

Түлектер LRT-да ән шырқады

Елордадағы №91 мектеп-гимназиясы түлектері соңғы қоңырау қарсаңында ерекше форматтағы әсерлі музыкалық флешмоб ұйымдастырды. Жас түлектер балалық шақпен қоштасу мен ақ арманның символына айналған Мұхтар Шахановтың Ақ бантик әнін елордадағы LRT вагонында орындап, көпшілікке ерекше көңіл күй сыйлады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Бұл бастама – жай ғана музыкалық флешмоб емес, бірнеше маңызды мағынаны тоғыстырған символикалық шара болды. Түлектердің айтуынша, білім ордасының маңынан бой көтерген LRT олар үшін тек заманауи көлік инфрақұрылымының нысаны ғана емес, Астананың қарқынды дамуы мен болашаққа ұмтылысының белгісі. Сондықтан мектеппен қоштасу сәтін қаланың жаңа даму кезеңімен байланыстыру идеясы оқушылар тарапынан үлкен қолдау тапқан.

Ақ жейде мен ақ бантик таққан түлектердің ән орындауы жолаушыларға ерекше әсер қалдырды. Ән арқылы олар мектеп қабырғасындағы балалық шақпен қоштасу сезімін, ұстаздарға деген алғысын, туған қалаға деген сүйіспеншілігін және болашаққа деген сенімін жеткізуге тырысты.

«Түлектеріміздің тарихи мектеп бітіру сәті мен LRT-ның іске қосылу кезеңі қатар келіп отыр. Осы орайда біз ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, жастардың туған қалаға деген құрметін көрсету мақсатында осындай ерекше іс-шара ұйымдастырдық. Бұл түлектердің есте қаларлық сәттерінің бірі болады деп сенеміз»,деді Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнар Ахметова.

Айта кетейік, соңғы жылдары елорда мектептері соңғы қоңырау рәсімін дәстүрлі форматпен қатар, шығармашылық және әлеуметтік маңызы бар жобалармен ұштастырып өткізуді жиі қолға алып келеді. Ал бұл жолғы флешмоб мектеп бітіру кешінің әсерлі сәтін қаланың жаңа тынысымен үйлестіре білген ерекше бастамалардың бірі болды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button