Құқық

«Заң мен тәртіп»: елордалық оқушыларға көшеде және қоғамдық көлікте жүру ережелері түсіндірілді

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында елордадағы Мұхтар Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназиясында оқушыларға арнап профилактикалық түсіндіру іс-шарасы өткізілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шараны балаларға қосымша білім берудің оқу-әдістемелік орталығы, қалалық Полиция департаменті және «City Transportation Systems» компаниясы ұйымдастырды.

Кездесу балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді бағдарламаның бір бөлігі болды. Бір ай ішінде осындай кездесулер елорданың 12 мектебінде өтті.

Жобаның басты мақсаты – мектеп оқушыларында жолдарда және қоғамдық көліктерде қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ жеке жауапкершілік сезімін және құқықтық тәртіп нормаларына деген құрметті тәрбиелеу.

Оқушылар үшін полиция инспекторлары мен көлік компаниясы қызметкерлерінің қатысуымен арнайы оқыту сабақтары ұйымдастырылды. Мектеп оқушыларына жол жүру ережелері, көшеде және қоғамдық көлікте өзін қауіпсіз ұстау тәртібі туралы егжей-тегжейлі айтылды. Әсіресе жол-көлік оқиғаларының алдын алуға ерекше назар аударылды.

Интерактивті бөлім аясында полиция қызметкерлері мектеп оқушыларымен бірге мектеп жанындағы автобус аялдамалары мен жаяу жүргіншілер өткелдеріне барып, жолдан қауіпсіз өту ережелерін іс жүзінде көрсетті. Мұндай формат балаларға жылдам меңгеруге әсер етеді.

«City Transportation Systems» мамандары арнайы жабдықталған автобуста практикалық сабақ өткізді. Оқушылар қоғамдық көлікті пайдалану ережелерімен танысып, көлік карталары арқылы жол ақысын дұрыс төлеуді үйренді және автобустардағы мінез-құлық мәдениеті туралы білді.

Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды қадам ғана емес, сонымен қатар заң, тәртіп және азаматтық жауапкершілік принциптерін ұстанатын саналы ұрпақты қалыптастыруға бағытталған маңызды әлеуметтік бастама екенін атап өтті.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button