Бибігүл Жексенбай: Алтын Орда – Ұлы дала өркениетінің жаһандық деңгейдегі тарихи ізі

Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысуымен өткен «Алтын Орда» халықаралық симпозиумы Қазақстанның Жошы Ұлысын зерттейтін әлемдік ғылыми орталықтардың біріне айналып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл туралы сенат депутаты Бибігүл Жексенбай пікір білдірді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
— Алтын Орда – тек өткеннің тарихы емес. Бұл – Ұлы дала өркениетінің жаһандық деңгейдегі тарихи ізі, мемлекет құру мәдениеті мен Еуразия кеңістігіндегі өркениеттік ықпалдың символы. Президентіміз ұлттық тарихты терең зерделеу – болашақ сананы қалыптастырудың негізі екенін бірнеше рет атап өтті. Осы бағытта құрылған Жошы Ұлысын зерттеу ғылыми институты – отандық тарих ғылымындағы маңызды институционалдық қадамдардың бірі.
Алтын Орда – Қазақ хандығының тарихи бастауы. Дәл осы кезеңде түркі-мұсылман өркениетінің негізі қаланып, мемлекет басқару жүйесі, сауда, дипломатия, мәдениет пен ғылым дамыды. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері мен ұғымдарында да сол дәуірдің ізі сақталған. Мәселен, «Ақ Орда» атауы Жошы Ұлысы билеушілерінің ордасымен тарихи сабақтас болса, ұлттық валютамыз – «теңге» атауы Алтын Орда дәуіріндегі ақша айналымынан бастау алады.
2026 жыл – тарихи тұрғыдан ерекше маңызға ие кезең:
«Ақсақ құлан» күйінің 800 жылдығы
Батудың Алтын Орда тағына отырғанына 800 жыл
Ақ Орданың 800 жылдығы.
Бұл – тек мерейтой емес. Бұл – тарихи жадымызды жаңғыртуға, ұлттық сананы күшейтуге мүмкіндік беретін тағылымды белес, — деп атап өтті депутат.
Симпозиумға әлемнің 20-дан астам елінен 300-ден аса ғалымдар, археологтар, дипломаттар мен халықаралық ұйым өкілдері қатысуда. ЮНЕСКО сарапшылары, жетекші тарихшылар мен саясаткерлер қатысқан пленарлық отырыстарда Алтын Орданың Еуразия кеңістігіндегі рөлі жан-жақты талқыланды.
Әсіресе Алтын Орданың көпэтносты әрі көпконфессиялы мемлекет ретіндегі тәжірибесі қазіргі әлем үшін де өзекті. Түрлі халықтар мен мәдениеттердің өзара құрмет негізінде қатар өмір сүруі – бүгінгі жаһандық тұрақтылық үшін маңызды тарихи сабақ.
-Симпозиум аясында ұсынылған көрме де ерекше әсер қалдырды. Сарайшық, Сығанақ, Баршынкент секілді көне қалалардан табылған археологиялық жәдігерлер, «Шежіре ханов» қолжазбасы, Каталон атласы, көне теңгелер мен дипломатиялық хаттар – Ұлы даланың бай өркениеттік мұрасын әлемге танытатын құнды дүниелер. Мемлекет басшысы: «Қайталап айтамын: тарихтың дәрістері дамуға бет алған болашақпен үндескенде ғана өркендеу жолына түсеміз. Бұл орайда, Алтын Орданың сан қилы тарихы мен тағдыры мемлекеттердің күш-қуаты түрлі мәдениеттерді нәтижелі гуманитарлық және саяси серіктестіктің бірыңғай жүйесіне біріктіре алуынан көрінетінін еске салады. Осы стратегиялық бағытты ұстана отырып, Қазақстан түркі мемлекеттерінің ынтымақтастығын белсенді түрде дамытуды, аймақ елдерінің экономикалық және технологиялық әлеуетін нығайту үшін Еуразия кеңістігіндегі өзара ықпалдастық идеясын жан-жақты ілгерілетуді жан-жақты қолдайды. Мысалы, 2025 жылы ШЫҰ саммитінде «ТрансАлтай диалогы» бастамасын көтердім. Бұл идея Ресейдің «Алтай – түркілердің ата қонысы» тұжырымдамасымен үйлеседі, — деп атап өтті. Бүгінде Қазақстан Алтын Орда дәуіріне қатысты тарихи ескерткіштерді ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Жошы хан кесенесі, Сарайшық, Сығанақ, Сауран, Жанкент сияқты нысандар – адамзат өркениетінің ортақ қазынасы. Алтын Орданың тарихы бізге бір маңызды ақиқатты еске салады: мемлекеттің шынайы күші – әртүрлі мәдениеттер мен халықтарды ортақ құндылықтар төңірегінде біріктіре алуында, — деді сенатор.
Оның айтуынша, симпозиум қорытындысында қабылданған Астана декларациясы тарихи мұраны сақтау, ғылыми ынтымақтастықты дамыту және өркениетаралық диалогты нығайту бағытындағы маңызды халықаралық құжатқа айналары сөзсіз. «Ұлы дала тарихын зерттеу – өткенді ғана тану емес. Бұл – болашақтың рухани іргетасын қалыптастыру» дейді ол.



