Ел тынысы
Қазақстанның тарихи ғылым мен гуманитарлық дипломатия саласындағы ықпалын арттырады

Алтын Орда мұрасына арналған халықаралық симпозиум — Қазақстанның тарихи ғылым мен гуманитарлық дипломатия саласындағы ықпалын арттырған маңызды халықаралық алаңдардың бірі болды. Бұл жиын арқылы еліміз Алтын Орда тарихын зерттеу ісінде ғылыми бастамашы әрі үйлестіруші мемлекет ретінде өз орнын айқын көрсетті.
Алтын Орда — тек ортағасырлық мемлекет емес, қазіргі қазақ мемлекеттілігінің тарихи негіздерінің бірі. Дәл осы кезеңде Ұлы даладағы саяси тұрақтылық, сауда жолдарының дамуы, мәдени ықпалдастық пен рухани сабақтастық жаңа деңгейге көтерілді. Сондықтан Алтын Орда тарихын зерттеу ұлттық тарихты терең түсінудің және тарихи әділеттілікті қалпына келтірудің маңызды бағыты саналады.
Симпозиум барысында айтылған ғылыми тұжырымдар Жошы Ұлысының әлемдік өркениет тарихындағы орнын жаңа қырынан бағалауға мүмкіндік берді. Әсіресе, көшпелі және отырықшы мәдениеттердің өзара ықпалдастығы, Еуразия кеңістігіндегі сауда-экономикалық байланыстар және мәдени алмасу мәселелері кеңінен талқыланды.
Маңызды мәселелердің бірі — Алтын Орда дәуіріне қатысты тарихи ескерткіштерді сақтау және цифрландыру. Сарайшық, Сығанақ, Жошы хан кесенесі секілді тарихи нысандардың халықаралық деңгейде танылуы ұлттық мұраны әлемдік мәдени кеңістікке шығаруға жол ашады.
Бұл симпозиум Қазақстанның тарихи мұраны сақтау мен ғылыми зерттеуді қатар дамытуға бағытталған ұзақмерзімді стратегиясының маңызды бөлігі болды деп айтуға толық негіз бар.
Динара Райханова,
Қосшы қаласы маслихататының депутаты
“Ауыл” партиясының мүшесі
“ Profi DM” ЖШС негізін қалаушы



