Білім

ЖИ арқылы ұлттық құндылықтар дәріптелді

Елорданың №93 «Айгөлек» балабақшасында «Ұлттық құндылықтарға тәрбиелеуде жасанды интеллектіні пайдалану» тақырыбында қалалық семинар өтті. Іс-шара «AI және шығармашылық: балаларға арналған креативті шеберхана» эксперименттік алаңы негізінде ұйымдастырылды.

Аталмыш балабақшаның меңгерушісі Әлия Темірболаттың айтуынша, семинардың негізгі мақсаты – жасанды интеллект құралдарын пайдалана отырып, жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеудің тиімді әдістерін анықтау. Сонымен қатар «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы мен жасанды интеллектті ұштастыру.

«Ұлттық құндылық — қазіргі таңдағы өте өзекті, көкейкесті мәселе. Білімнің баспалдағы балабақшадан басталатын болса, балалардың бойына ұлттық құндылықты, ұлттық тәрбиені, отаншылдық сезімді себу аса маңызды. Қазақ екенімізді осындай семинарлар арқылы көрсетіп, балдырғандарға сіңіреміз деп ойлаймын. Қазіргі заман сұранысына сай ұлттық құндылықты жасанды интеллектпен ұштастырсақ, балаларға қызықты болады, тәрбиеші-педагогтардың жұмысына жаңашылдық енеді. Сол мақсатта балабақшамызда «Балабақша-ата-ана-бала» атты жоба аясында ата-аналармен бірігіп жұмыс істеп жатырмыз. Осы жолда балаға білім және тәрбие беру бағытында ата-аналар бізден үйренеді, біз олардан үйренеміз» деді Әлия Темірболат.

Семинар бірнеше бөлімге бөлініп өткізілді. «Оюлар әлемі», «Мейірімділік – асыл қасиет», «Абай әлемі» аталған ұлттық құндылықтарға негізделген бөлімдерде балабақша мамандары балдырғандармен жұмыс істеді. Тәжірибелі тәрбиеші-педагогтер «ЖИ мүмкіндіктерін қалай тиімді пайдаланамыз?», «ЖИ арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеу», «ЖИ арқылы ертегі құрастыру», «Балаларға ұлттық ойындарды меңгертуде ЖИ-ні қолдану» тақырыптарында шеберлік сабақтарын өткізді. Балдырғандар өз өнерлерін көрсетіп, жиналғандарды тәнті етті.

Аманғали Қалжанов

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button