«Astana Smart City»: қаланы басқарудың жаңа мүмкіндіктері және қауіпсіздікті арттыру
Бүгін Астана коммуникациялар қызметі алаңында «Astana Smart City» жобасын іске қосу: қаланы басқарудың жаңа мүмкіндіктері және қауіпсіздікті арттыру» тақырыбында брифинг өтті. Тақырып аясында мәлімет беру үшін «Астана қаласының цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасы» ММ басшысының орынбасары Бексұлтан Қуандық спикер ретінде қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
-Бүгінде Астана қарқынды дамып келеді. Халық саны мен қалалық инфрақұрылымның өсуіне байланысты жолдарға, инженерлік желілерге және коммуналдық қызметтерге түсетін жүктеме артып отыр. Сонымен қатар тұрғындардың қауіпсіздікке, қала өмірінің сапасына және қалалық сервистер жұмысының жедел әрекет етуіне қоятын талаптары да күшейіп келеді. Осыған байланысты қаланы басқарудың жаңа моделіне көшу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Атап айтқанда, деректерге, талдауға, цифрлық технологияларға және жасанды интеллект құралдарына негізделген басқару жүйесі. Биыл сәуір айында Мемлекет басшысының қатысуымен «Astana Smart City» стратегиялық жобасы іске қосылды. Бұл жоба елорданың цифрлық дамуы жолындағы маңызды кезеңі болып, қауіпсіз, технологиялық әрі тұрғындарға қолайлы қала қалыптастыруға бағытталған нақты қадам, — деді спикер.
Ол аталған жоба мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Астана қаласының әкімдігі, G42 халықаралық холдингінің құрамына кіретін Presight AI компаниясы және «Астана Innovations» АҚ-ның қатысуымен бірлесе іске асырылып жатқанын жеткізді.
-Басты мақсат — қаланың негізгі жүйелерін бірыңғай интеллектуалды платформаға біріктіру арқылы елордадағы қоғамдық және жол қауіпсіздігін арттыру. Мұндай экожүйе қаладағы жағдайды нақты уақыт режимінде бақылауға, деректерді талдауға, оқиғаларға жедел ден қоюға және анағұрлым нақты басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді, — деді ол.
Жобаның негізгі элементтерінің бірі — заманауи деректер инфрақұрылымы. Елорда қажеттілігі үшін 100 серверлік тірекке есептелген егемен Деректерді өңдеу орталығы құрылған. Жаңа орталық қаланың цифрлық жүйелердің тұрақты жұмысын, үлкен көлемдегі ақпараттарды сенімді сақтау мен өңдеуді қамтамасыз етеді, сондай-ақ жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді одан әрі енгізуге технологиялық негіз қалыптастырады. Өз инфрақұрылымының болуы қалалық ақпараттық жүйелердің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
-Жоба бейнебақылау және талдау жүйесін белсенді түрде дамытып келеді. Қазіргі таңда жасанды интеллект элементтері бар 60 мыңнан астам қалалық камера бірыңғай цифрлық контурға біріктіріліп, 35-тен астам жағдайлық аналитика түрін қолдайды. Технологиялар өртті, түтінденуді, қараусыз қалған заттарды, төбелесті, агрессивті әрекеттерді, қоғамдық тәртіпті бұзу фактілерін және өзге де жағдайларды автоматты түрде анықтап, қызметтердің әрекет ету уақытын жеделдетуге әрі тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді. Жол қауіпсіздігі — жобаның маңызды бағыты. Елорда жолдарында 1200-ден астам аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылған. Олар жол қозғалысы ережелерінің 15-тен астам бұзушылығын тіркейді. Мысалы қауіпсіздік белдігін тақпау, көлік жүргізу кезінде телефон пайдалану және жаяу жүргіншілерге жол бермеу сияқты құқық бұзушылықтар бар. Бұл құқық бұзушылықтардың алдын алуға, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған, — деп атап өтті Б. Қуандық.
Спикердің айтуынша, «Astana Smart City» жобасы елорданы проактивті басқару жүйесіне көшіреді. Қалалық қызметтер енді болған оқиғаларға ғана әрекет етіп қоймай, тәуекелдерді алдын ала анықтауға, оқиғалардың алдын алуға және объективті деректер негізінде шешім қабылдауға мүмкіндік алады. Жоба нәтижесінде тұрғындар үшін қауіпсіздік деңгейі артып, қызметтердің жеделдігі күшейеді, көлік және коммуналдық үдерістер жақсарып, қалалық ортаның сапасы жоғарылайды.
Алдағы уақытта платформаны әрі қарай дамыту, сервистер мен бейнеталдау жүйелерін кеңейту жоспарланып отыр. Жоба — қауіпсіздікке, жайлылыққа және тұрақты дамуға бағдарланған заманауи цифрлық астананы қалыптастырудың негізгі элементтерінің бірі.



