Астанада халықаралық IT-конференция жетекші ғалымдардың басын қосты
Astana IT University базасында «2026 IEEE 6th International Conference on Smart Information Systems and Technologies (SIST)» халықаралық ғылыми конференциясы өз жұмысын бастады. Конференцияның негізгі мақсаты – зияткерлік ақпараттық жүйелер мен технологиялар саласындағы өзекті ғылыми зерттеулер нәтижелерін таныстыру және талқылау, заманауи сын-қатерлерді сараптау, сондай-ақ қазіргі IT-индустрияның негізгі бағыттары бойынша халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға арналған халықаралық ғылыми алаң қалыптастыру, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Конференция шеңберінде Computer Science, Technology and Engineering Management, Communications, Computational Intelligence, Robotics and Automation, Signal Processing бағыттары бойынша ғылыми секциялар, сондай-ақ «AI-Driven Physical Culture and Mass Sports» воркшопы ұйымдастырылды.
Пленарлық отырыста ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау сөз сөйледі. Сонымен қатар конференцияның панельдік және пленарлық сессияларына әлемнің жетекші университеттері мен ғылыми-зерттеу орталықтарының өкілдері, атап айтқанда, Қытай, Испания, Мажарстан, Ұлыбритания, БАӘ, Швеция, Мысыр, Германия, Украина және Түркия елдерінен келген жетекші ғалымдар мен халықаралық сарапшылар қатысты.
«Бүгінде IEEE SIST конференциясы IT саласындағы озық зерттеулер мен технологиялық шешімдерді талқылайтын беделді халықаралық алаңға айналды. Әлемнің әртүрлі елдерінен келген ғалымдар, зерттеушілер, инженерлер мен студенттердің қатысуы халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және Қазақстанның жаһандық ғылыми-технологиялық кеңістікке ықпалдасуына зор мүмкіндік береді. Біз үшін отандық университеттер мен ғылыми орталықтардың әлемдік инновациялық экожүйенің белсенді бөлігіне айналуы аса маңызды», – деді министр Саясат Нұрбек.
Іс-шара аясында жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, цифрландыру, ақылды қалалар, робототехника, дрон индустриясы, компьютерлік модельдеу және өзге де заманауи технологиялық шешімдерді қамтитын цифрлық технологияларды дамытудың ең өзекті бағыттары қарастырылады.
Конференцияның дамуы Қазақстандағы IEEE ұйымының қызметін нығайтумен тікелей байланысты. 2023 жылғы шілдеде IEEE Kazakhstan Computational Intelligence & Robotics and Automation Joint Societies Chapter құрылды, ал 2023 жылғы қыркүйекте Astana IT University базасында IEEE студенттік chapter-і ресми түрде ашылды.
2026 жылғы қаңтарда Қазақстанда Инженерлер электротехникасы және электроника институтының өңірлік бөлімшесі – IEEE Kazakhstan Section ресми түрде құрылды. Бұл инженерия және жоғары технологиялар саласындағы әлемдегі ең ірі кәсіби ұйымдардың бірі болып саналады. Ұлттық секцияның ашылуы Қазақстан Республикасы мен Орталық Азия елдерінің ғылыми-технологиялық әлеуетін нығайтудағы маңызды қадам болды. Бұл үдерісте Astana IT University мен Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті Қазақстандағы IEEE дамуының негізгі алаңдарының бірі ретінде маңызды рөл атқарып келеді.
«IEEE Kazakhstan Section ұйымының құрылуы қазақстандық инженерлер мен зерттеушілерге IEEE-дің жаһандық сараптамалық базасына, халықаралық кәсіби қауымдастықтарға және озық технологиялық тәжірибелерге тікелей қол жеткізуге мүмкіндік береді. Біздің мақсатымыз – инженерлік таланттарды, ғылыми ынтымақтастықты және инновацияларды дамытуға арналған тұрақты экожүйе қалыптастыру. Ал Astana IT University осы экожүйенің қозғаушы күштерінің біріне айналады», – деді IEEE Kazakhstan Section төрағасы Еділхан Дидар.



