Басты ақпаратЕлорда тынысы

Соғыс кезіндегі Ақмола

Ақмола өңірі майдан даласынан алыс болғанымен, соғыс жылдарында әсіресе, тылдағы қажыр-қайратқа толы еңбегімен ерекше көзге түсті. Мұнда эвакуацияланған заводтар мен фабрикалар жұмыс істеп, жаралы жауынгерлерге госпитальдар ашылды, сонымен қатар майданды азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз етуде жергілікті халық тынбай  еңбек етті.

Елорда архивінде сақталған сол жылдардағы фотосуреттер мен басылым материалдары және белгілі ғалым Д.Сейітқали  ағамыздың осы орайда дайындалған үлкен еңбегінен алынған ақпараттар – Ақмола жерінің сол бір қиын-қыстау кезеңдегі тіршілігін, соғысқа аттанған ерлеріміздің ерлігін, тылдағылардың жанқияр еңбегін баяндайды.

Тарихи дерек бойынша 1939 жылы қазанда Ақмола қаласы Ақмола облысының әкімшілік орталығы болып құрылған. Қалада 32,5 мыңнан астам халық болған, 32 кәсіпорын жұмыс істеген, оның 3-еуі республикалық маңызы бар, 3-еуі жергілікті және кооперативтік өнеркәсіп санатына жатқан, ал қалғандары өндіріс көлемі бойынша шағын, жұмысшылар саны 10 адамнан аспайтын қолөнер түрі еді. Олардың ішінде киіз етік фабрикасы, екі механикалық шеберхана, бірнеше артель және  т.б. бар. Кәсіпорындарда жұмыс істейтін қала тұрғындарының жалпы саны 801 адамды құраған.

Ақмола аумағындағы өндіріс орындарының бәрі дерлік соғыс тұсында Қызыл Армияны және халық шаруашылығы салаларын керек-жарақпен жабдықтауға кірісті. Соның бір мысалы, Шортандыдағы жиһаз жасаумен айналысып келген комбинат енді майданға қажетті арбалар шығара бастады. «Бәрі – майдан үшін, бәрі – Жеңіс үшін!» деген  ұран тасталып, халықтың майданға қолдау көрсетуі бірнеше бағытта жүзеге асты. Халық өз қаражатын әскери техника жасауға аударып, жеке адамдар, ұжымдар, колхоздар танк пен ұшақ жасауға қаражат жинап, майданға жіберді. Мысалы, 1941 жылы тамыз айында ақмолалықтар да жексенбілік  ұйымдастырып, теміржолшылар 4 паравоз, 3 вагон және 19 шақырым теміржолды тегін жөндеді. Үй шаруашылығындағы әйелдер мен мектеп оқушылары да тыс қалмай, 90 тонна металл сынықтарын жинап өткізді. Ерлер соғысқа кеткеннен кейін олардың орнын әйелдер, қарттар мен балалар басқан еді. Олар зауыттарда қару-жарақ, оқ-дәрі, әскери техника шығару ісіне тартылды.

Отан қорғау қорына өткізілген қаражаттан майданға КСРО-ның әскери зауыттарында жасалып шыққан Т-34 танкілерінен құралған «Акмолинский ударник» колоннасы жасақталды. Оның сыртында, тылдағы еңбеккерлер Қызыл Армия жауынгерлеріне азық-түлік, жылы киімдер, аяқ киім, қолғап тоқып, 100 вагон жөнелтті. Олар майдандағы жауынгерлермен бірдей ерлік көрсетті. Ақмола «осоавиахимшылары» республикада бірінші болып танк колоннасын жасақтауға 1 млн 230 мың сом қаржы жинады.

«Қазақстан авиаэскадрильясын» жасақтауға жиналған 9 млн 579 мың сом ақшаның 1 млн сомы ақмолалықтар үлесіне тиесілі. Қазақстандықтардың Отан қорғау қорына аударған қаржысы 4,7 млрд сомды құрады десек, соның 700 млн 638 мың сомын Ақмола облысының тұрғындары жинап берген. Жекелеген белсенділерден Ақмола облысы, Қорғалжын ауданының «Қайырлы» және Ақмола ауданы, «Оразақ» кеңшарының төрағалары 100 мың сомнан қорғаныс қорына ақша аударған. Танк пен ұшаққа Ақмола тұрғындары 3 млн 719 мың рубль жинап, ақшалай лотореялар 5 млн 666 мың рубльге сатылған.

Тұтқиылдан шабуыл басталғанда батыс өңірлердегі маңызды өндіріс ошақтарының біразы Ақмола өңіріне көшіріліп, олар тәулік бойы жұмыс істеді. Соның есебінен мұндағы кәсіпорындардың саны 2,5 есеге дейін өсті. Өңірде одақтық маңызы бар бірнеше зауыт бой көтерді. Соғыс жылдарында Ақмола облысына эвакуацияланған бейбіт тұрғындар саны алғашқы кезеңде 68500-ге жеткен. Олардың арасында жаралылар мен қарапайым азаматтар, әскери қызметкерлер болған еді. Бұл жағдай жаңа өндіріс орындарының ашылуына және халықтың жұмыспен қамтылуына ықпал етті.

1941 жылдың күзінде Украинаның Мелитополь қаласынан станок жасау зауыты көшірілді. Мұнымен бірге 165 инженер техник пен маман жұмысшылар келді. Ғимараттың жетіспеуіне байланысты зауыт Педагогикалық училищеге, облыстық атқару комитетінің гаражына, Облыстық транспорт одағы шеберханасына, Ауыл шаруашылығы механизациясы мектебіне орналастырылды. Оқу кабинеттеріне, дәліздерге, спорт залға станоктар қойылды. Жергілікті тұрғындардан зауыт жұмысына М.Құсайынов, Н.Абдуллин, А.Романенко, Қ.Мұсабеков сияқты т.б. жүздеген ақмолалық тартылды.

Көп кешікпей 15 қарашада зауыт майданды тиісті керек-жарақпен қамтамасыз ете бастады. Мұнда тек соғысқа қажетті заттар ғана емес, облыстың ауыл шаруашылығы үшін де құралдар шығарылып, жөндеу жұмыстарына көмек көрсетілді. Жылдық жоспарды мерзімінен бұрын және асыра орындағаны үшін республикалық Құрмет тақтасына жазылды. Әуелі «ОГПУ атындағы зауыт» аталып, сосын «№317 зауыт» деп өзгерді. Соғыс біткеннен кейін қайта құрылып, 1959 жылдан бастап «Насос зауыты» деп аталды.

1942 жылы «Сельхозтранспорт» автошаруашылығы базасында ауылшаруашылық техникалары мен қосалқы бөлшектер шығаратын зауыт салу басталды. «Ростсельмаш», киевтік «Арсенал», Таганрог қаласының комбайн зауыттарының цехтары зауыт құрылысына пайдаланылды. Сол кездегі жағдайдың қиындығына қарамастан жоспарлар мерзімінде орындалды. Челябі компрессор зауытынан келген М.Шнурков есімді азамат зауытқа басшылық етті. Облыс шаруашылықтары көмек ретінде 60 өгіз, 40 жылқы, 2 трактор бөлді. Мұндағы ауыр жұмыстың бәрі әйелдер мен жасөспірім балалардың иығына артылды.

Ал 1943 жылы салынған «Казахсельмаш» зауытында алғашқыда снаряд пен миналар жасалғанын біреу білсе, біреу біле бермеуі мүмкін. Ол кейін егіс даласы үшін тырмалар мен ауылшаруашылық техникаларының қосалқы бөлшектерін, КЛ-5 (Клейтон) сеялкасын шығарды. Сонымен бірге Ақмолада шыны жасау және вагон жөндеу кәсіпорындары салынғаны, 16 жергілікті өндіріс орны мен кооперативтер іске қосылғаны, оларда 3 мыңға жуық адам еңбек еткені мәлім.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Ақмола теміржолшылары майдан мен тылдың қажеттіліктерін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарды. Ақмола теміржолшылары 76 паравоз бригадасына бірігіп, табандылықпен еңбек етті. Жаңа қабылдау-жөнелту жолдарын салу, локомотив депосын қайта құру және көлік паркін қайта жарақтандыру Ақмоланың өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік берді. Соғыс жылдарында бес жаңа қабылдау-жөнелтуші жолдар төселді, Петропавл бағытында станциядан бөлек шығатын жол салынды. Екі шойын құю және бір қола құю цехы, токарлық және доңғалақ цехтары, вагон жөндеу зауытының құрылысы басталды.

Соғысқа дейін теміржол торабының тәуліктік өткізу қабілеті 10 пойыздан тұрса, соғыстың аяғында 26 пойыз болды. Ақмолалық теміржолшылардың еңбекқорлығы стахановшылар қозғалысының өркендегенін дәлелдеді: 1941 жылы зауытта 509 стахановшы еңбек етті. Тарихи дерек бойынша соғыс кезінде 2834 әйел өндірістік жұмыстарға, ал облыстан «еңбек армияларына» 32 мың адам тартылған, төрт жылда ақмолалықтар мемлекетке 32,2 млн пұт астық тапсырған. Кеңес Одағының ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін өңірлері жау құрсауында қалғандықтан Ақмола сияқты астықты өңірлерде картоп, көкөніс, бидай егістерінің көлемін ұлғайтуға тура келген. Соның нәтижесінде төрт жылда Ақмола өңірі мемлекетке 32,2 млн пұт астық, 24,5 мың тонна ет, 59,4 мың тонна сүт өткізген.

Ақмола тұрғындарының саны сырттан көшіп келушілер мен эвакуацияланған халық саны есебінен өсе түсті. Қала халқы соғыстың аяғында 80 мыңға жетті. Соғыс уақытында Ақмола өңірі күштеп көшірілген халықтарды қабылдау орны болды. Бірінші жылы 68,5 мың адам көшіп келді және олардың басым бөлігі облыс орталығына тұрақтады. Қалалық билік арнайы көшірілгендердің еңбек және шаруашылық тұрмыстық орналасуы мәселелерін жедел шешті. Арнайы қоныстанушыларды орналастыру кезінде мал таратылды, жәрдемақылар берілді, арнайы қоныстанған отбасылар жылы киіммен қамтамасыз етілді, өндіріске жұмысқа орналасты. Ақмола облыстық атқару комитетінің 1944 жылғы қаулысына сәйкес Солтүстік Кавказдың арнайы қоныстанушыларына арналған аяқкиім өндіру үшін жүнді өңдеу кестесі бекітілді. Қалалық Кеңес атқару комитеті Ғабдуллин атындағы артелдің төрағасына екі күн мерзім ішінде «Заготживсырье» конторынан 500 кг жүн таңдап алып, 1944 жылдың 15 желтоқсанына дейін киізден жасалған аяқкиімді өңдеуді аяқтауды тапсырды. Ақмола соғыс кезінде майданнан ауыр жараланып келген жауынгерлерді емдеу орнына айналды. Олар үшін жаңа ауруханалар, оның ішінде Ұлы Отан соғысы мүгедектеріне арналған емханалар ашылды. Осылайша №1600 және №3006 эвакогоспитальдар пайда болды. Атбасарда №3006, Сталин ауданында №1344 госпитальдар жаралыларды емдеді. Атбасар госпиталында тұтқынға түскен неміс жауынгерлерін де емдеген.

Осылайша өздеріңізбен Ақмоланың II Дүниежүзілік соғыс жылдарындағы өмірін сипаттайтын кезең жайлы бөліскенді жөн көріп отырмыз. Мұндағы келтірілген деректерге Астана қаласының архивінде сақталған құнды құжаттар арқау болып отыр. Бұл да өз кезегінде қала тұрғындары мен қонақтарынның аталған кезең бойынша тарихи білімін кеңейтуге көмектеседі деген ойдамыз.

Жангелді БИМОЛДИН,

Астана қаласы Мемлекеттік архивінің директоры

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button