Басты ақпаратЕлорда тынысы

Жеңіс жауынгері

Елордада Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан жалғыз майдангер қалды. Бұл – 102 жастағы Ырзақұл Байкешев. Астана қаласының әкімдігі ардагерге барынша қолдау көрсетіп отыр. Жеңіс күні қарсаңында майдангерге бір реттік әлеуметтік төлем ретінде 5 млн теңге берілді. Бұған қоса, әкімдік ай сайын коммуналдық төлемдерін жауып, тегін дәрімен қамтамасыз етеді, шипажайда ем алуға қаржы бөледі.

Кеше Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек майдангердің шаңырағына арнайы барып, хал-жағдайын білді. Ұлы Жеңістің 81 жылдығымен құттықтады. Ырзақұл ақсақал Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Үшқаты деген жерде туып-өскен. 1942 жылдың ақпан айында мектеп партасынан соғысқа алынды. Ақтөбеде ол уақытта 101-атқыштар бригадасы құрылып жатқан. Осы бригада құрамында үш ай соғыс тәсілдерін үйренді. Содан сол жылдың мамыр айында атақты маршал, екі мәрте Кеңес Одағы Батыры Иван Конев қолбасшылық ететін Калинин майданына жіберілді. Великие Луки мен Калинин қалалары түбінде соғысты. Польша, Венгрия, Румыния елдерін жаудан азат етуге қатысты. Әрі қарай майдангердің әскері Берлинге қарай жылжыды. Будапешттен өтер-өтпесте ауыр жараланды. Госпитальда жатып Жеңіс күнін қарсы алды.

«Мәскеуді қазақтар қорғап қалды» деп мақтанатынымыз бар. Шындығында солай. Қорғап қана қалмай, соғыстан кейін Одақ астанасының аяққа тұруына да қандастарымыз үлес қосты. Солардың бірі – Ырзақұл ақсақал. Кейіпкеріміз 1945 жылдың көктем-күзінде Мәскеудің түбіндегі Ногинск қаласындағы әскери зауытта жұмыс істеді. Елге оралғаннан кейін халықтың жадау тұрмысын көреді. Тың дабылы қағылғанда, Ақмола өңіріне бір-ақ тартады. Содан Ақтөбеден келген үш жігіт Рождественкада (қазіргі Қабанбай ауылы) жұмысқа орналасады. Экспедитор болып қызмет істейді. Осы жерде өмірлік серігін тауып, Ақмоламен шекаралас Қарағанды облысының Нұра ауданындағы Ахмет ауылының қызымен шаңырақ құрады. Жарымен 45 жыл отасып, екі ұл сүйді, немере-шөбере көрді. Қазір немересі Талғаттың отбасымен бірге елордада ғұмыр кешіп жатыр. «Ұлы Отан соғысы» ордені, «Маршал Г.К.Жуков» медалімен, көптеген мерейтойлық медалімен марапатталған.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button