Астанада рейд: өрттің алдын алу жұмысы қызу жүріп жатыр
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығына сәйкес, Астана қаласында 2026 жылғы өрт қауіпті маусым Астана қаласында 13 сәуірден басталды. Күннің жылынуына байланысты табиғи және дала өрттерінің, әсіресе ашық алаңдағы құрғақ шөптерден шығатын өрт қаупі артады. Осыған байланысты Астана қаласы ТЖД орман және дала өрттерінің алдын алу жөніндегі іс-қимылдарды үйлестіру шеңберінде мүдделі мемлекеттік органдармен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп өрт қауіпті кезеңнен қауіпсіз өтуге бағытталған шаралар кешені жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Астана қаласы Төтенше жағдай департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Ғабит Бабаев елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Табиғи өрттердің негізгі себептері көбіне өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау, отпен абайсыз әрекет ету, сондай-ақ құрғақ шөп пен қоқысты өртеу болып саналады.
«Өрт қауіпті маусым басталар алдында Астана қаласының аумағында табиғи өрттердің туындау қаупін төмендету және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі 2026 жылға арналған іс-шаралар жоспары бекітілген.
Жоспар аясында жауапты мемлекеттік органдар профилактикалық жұмыстар кешенін жүргізеді. Негізгі бағыттардың бірі — аумақтарды құрғақ шөптер мен қамыстан тазарту. 2026 жылы жергілікті атқарушы органдар жалпы аумағы 341 гекта жалпы аумақта қамыс өсетін 74 учаскеде қураған шөптерді шабу жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінгі күні 244,5 гектар аумақ шабылған. Өрттердің алдын алу мақсатында Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті тұрақты профилактикалық рейдтер жүргізетін мобильді топтар құрған. Бүгінгі таңда 10 рейдтік іс-шара өткен. Тексеру барысында Департамент қызметкерлері өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу факілерін анықтады. Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзудың 2 фактісі анықталып, әкімшілік хаттама толтырылды. Профилактикалық жұмыстар мен қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау өрт қауіпті кезеңдегі төтенше жағдайлардың алдын алудың негізгі құралдарының бірі болып қала береді», – дейді Ғабит Бабаев.
Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті елорда тұрғындары мен қонақтарын өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Атап айтқанда, елді мекендер, ұйымдар аумағы меншік түріне қарамастан, өртке қарсы алшақтық аясында тез өртенетін қалдықтардан, қоқыстан, ыдыстардан, құрғақ шөптен, мамықтан және жанғыш материалдардан уақтылы тазартылуы тиіс.
Өрт қауіпті кезеңде шөптесін өсімдіктерді өртеуге тыйым салынады.
Өрт ошағы анықталған жағдайда 101 немесе 112 нөмірлеріне дереу хабарлау қажет. Қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау төтенше жағдайлардың алдын алуға, мүлікті, қоршаған ортаны және адам өмірін сақтауға мүмкіндік береді.



