Ел тынысы

Отан қорғау – ер жігіттің парызы

Астана қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің №11 көпшілік кітапханасында «Отан қорғау – ер жігіттің парызы» атты тақырыптық кездесу өтті.

Оған ҚР Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімінің қызметкерлері қатысып, жастарға әскери қызметтің маңызы мен ерекшелігі туралы кеңінен ақпарат берді. Басты мақсат – жас ұрпаққа Отан алдындағы азаматтық борыш пен жауапкершілікті түсіндіру, патриоттық сана мен азаматтық ұстанымды қалыптастыру, ерлік пен тәртіп құндылықтарын дәріптеу. Кездесу барысында қонақтар Ұлттық ұланның ел тыныштығын сақтаудағы рөлі туралы баяндап, әскери қызметтің күнделікті тыныс-тіршілігі мен жауынгерлік да­йындығы жайында әңгімеледі. Сонымен қатар ҚР Ұлттық ұланының академиясына оқуға түсу шарты таныстырылып, арнайы бейнероликтер ұсынылды. №108 мектептің 10-сынып оқушылары әскери қызметкерлерге өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мазмұнды сұхбат құрды. Кештің көркін арттырған Ұлттық ұлан оркестрінің дәстүрлі әншісі Олжас Мұхтарұлы «Қазағым» патриоттық әнін орындап, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Сондай-ақ қалалық Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен Орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасында патриоттық кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға құрметті қонақтар ретінде генерал-майор, заң ғылымдарының докторы Сейітжан Қойбақов пен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департамент басшысының орынбасары Бауыржан Балғабеков қатысты.

Сейітжан Қойбақов «Ба­тырлықтың алтын бесігі – Жуа­лы» кітабының авторы. Бұл еңбек – батырлық пен отаншылдық рухты дәріптейтін тағылымды туынды. Кітаптың алғашқы бөлімі Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының өмірі мен ерлік жолына, оның ұлттық руханияттағы айрықша орны мен өнегесіне арналған. Батырдың қайсар мінезі мен елге, жерге деген сүйіспеншілігі жас ұрпақ үшін мәңгілік үлгі ретінде сипатталады. Екінші бөлімде автор өз әкесі мен сұрапыл соғыс жылдарының ауыр тағдырын, Отан үшін от кешкен сарбаздардың ерлік рухын жүрек тебірентер естеліктер арқылы баяндайды. Бұл бөлім жас буынды елге адал қызмет ету мен патриоттық сезімнің маңызын терең түсінуге жетелейді. Үшінші бөлім қазіргі заманғы патриотизмнің мәні мен тарихи жадыны сақтау мәселелеріне арналса, автор ел тарихын білу мен оны қас­терлеудің ұлттық бірегейлікті сақтаудағы шешуші рөлін атап көрсетеді.

Кездесуде автор әскери-­патриоттық тәрбие туралы, Бауыржан Момышұлы мен өзге де батырларымыздың ерлігін, адамдық болмысын кеңінен насихаттау керектігін, әсіресе бұл жұмыс мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында жүйелі түрде жүргізілуі тиістігін айтты. Рухани және әскери тәрбие ұлт болашағын сақтаудың ұтымды жолы екенін еске салды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button