Елордалық курсанттарға әскери мақсатта қолданылған сирек музыкалық аспаптар көрсетілді
Астанада Отан қорғаушылар күніне орай Өнер музейі базасында Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледж курсанттарына танымдық кездесу ұйымдастырылды. Іс-шара барысында оларға сирек кездесетін ұлттық музыкалық аспаптар туралы мәлімет айтылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Курсанттарға қайта қалпына келтірілген және сирек музыкалық аспаптардың түпнұсқасы қойылған көрме көрсетілді. Оның ішінде әскери жорықтарда қолданылған «жорықтық» аспаптар да бар.
Қонақтарға олардың әуені тыңдатылып, музыканың әскери әрекеттер мен салт-жоралғыларда қалай пайдаланылғаны түсіндірілді.

Көрменің негізгі экспонаттарының бірі – керней. Бұл ежелгі үрмелі аспап түркі халықтары арасында кең таралған.
Ежелде керней тек музыкалық құрал ғана емес, сонымен қатар белгі беру қызметін атқарған: оның көмегімен әскери бұйрықтар жеткізіліп, сарбаздар жиналған, сондай-ақ хандар мен қолбасшыларды қарсы алу, бәйгелер мен шерулер сияқты салтанатты рәсімдер сүйемелденген.
Іс-шара аясында көне аспаптарда музыкалық шығармалар орындалып, курсанттарға олардың шығу тегі, қолданылу ерекшеліктері мен мәдени рөлі туралы айтылды.

Ұйымдастырушылар мұндай кездесулер болашақ әскери қызметшілердің патриоттық рухын нығайтуға және тарихи-мәдени танымын кеңейтуге бағытталғанын атап өтті.
Сонымен қатар, мұндай іс-шаралар әскери дәстүр мен мәдени мұраның байланысын көрсетіп, жастардың ел тарихы мен ұлттық құндылықтарға деген құрметін қалыптастырады.



