Көшені ластағандар дрондардың көмегімен анықталуда
Астанада «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында абаттандыру ережелерінің бұзылуына жол бермеу бойынша жүйелі жұмыс жалғасып жатыр. Бұл бағытта полиция кешенді шаралар қабылдап, заманауи цифрлық технологияларды да қолдануда, деп хабарлайды astana-akshamy.kz қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Қаланың экологиялық жағдайын жақсарту және сыртқы келбетін сақтау мақсатында тәртіп сақшылары қоғамдық аумақтарды ластау фактілерін анықтау және абаттандыру ережелерінің сақталуын бақылау бойынша кешенді шаралар жүргізіп жатыр.
Бұл ретте құқық бұзушылықтарды анықтау үшін Жедел басқару орталығының камералары және ұшқышсыз ұшу аппараттары (дрондар) белсенді пайдаланылады. Олар заңсыз қоқыс орындарын, оның ішінде қала шетінде орналасқан аумақтарда жедел анықтауға мүмкіндік береді.
Тұрақты түрде рейдтер мен патрульдеу жұмысы жүргізіледі. Ең жиі бұзушылықтар құрылыс нысандары маңында тіркеледі, мұнда құрылыс және тұрмыстық қалдықтардың уақытылы шығарылмай жиналып қалуы байқалады.
Мәселен, елорданың бір ауданында, Көктал көшесі бойында тұрғын және өндірістік нысандар маңында осындай бірқатар проблема анықталған.
Әрбір дерек бойынша тиісті шаралар қабылданған.
Жыл басынан бері қалада абаттандыру ережелерін бұзудың шамамен 19 мың фактісі тіркелген. Сонымен қатар, қалдықтарды белгіленбеген орындарға тастау деректері бойынша Астана қаласы Экология департаментіне шамамен 400 материал жолданып, тиісті шара қабылдау үшін жіберілген.
Полиция тұрғындармен және экологиялық белсенділермен бірлесіп, профилактикалық жұмыстарды да күшейтіп отыр.
Бұл экологияға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Құқық қорғау органдары абаттандыру ережелерін сақтау әрбір тұрғынның міндеті екенін еске салады. Белгіленген нормаларды бұзу әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.



