Астана командасы сурдо футзалдан ел чемпионы атанды
Астана қаласындағы «Аспан» спорт кешенінде 21 жасқа дейінгі жастар арасында сурдо футзалдан Қазақстан Республикасының чемпионаты өз мәресіне жетті. Ел біріншілігіне Астана, Шымкент, Алматы қалалары мен Жамбыл, Қостанай, Абай, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарынан келген 8 команда қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Тартысты өткен жарыс қорытындысы бойынша Астана қаласының командасы чемпион атанды. Екінші орынды Шымкент құрамасы иеленсе, үшінші орын Солтүстік Қазақстан облысының командасына бұйырды.
Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының әдіскері Арман Әмреновтың айтуынша, чемпионат жоғары деңгейде және тартысты өтті.
«Жарыс айналмалы жүйе бойынша ұйымдастырылды. Нәтижесінде үздік ойыншылар Қазақстан ұлттық құрамасына іріктеледі. Сонымен қатар, спортшылар арнайы номинациялар бойынша марапатталды», — деді ол.
Сонымен қатар, чемпионат барысында үздік спортшылар арнайы номинациялармен марапатталды. Атап айтқанда, Даулет Төлеубаев (Астана) «Үздік ойыншы» атанса, Темірлан Асан (Астана) «Пайдалы ойыншы» деп танылды. «Үздік шабуылшы» атағы Нұрасыл Жарылқасновқа (Абай облысы) берілді. Ал «Үздік қақпашы» номинациясын шымкенттік Камронбек Сайдмухтаров жеңіп алды.
Айта кетейік, аталған жарыс алдағы Әлем чемпионатына іріктеу кезеңі саналады.



