LikeKomek: киілген киім қоқысқа емес, қайырымдылыққа кетеді
Астанада алты жылдан бері пайдаланылған киім-кешекті қоқысқа тастамай, қайырымдылыққа сұрыптап жіберетін LikeKomek әлеуметтік жобасы жүзеге асырылып келеді. Оның негізін қалаушы, әрі иесі Әсемгүл Керейбаева мұны басында хобби ретінде бастаған, алайда ол қайырымдылық ісі бара-бара сұранысқа ие болып, бүгінде кәсіпке айналып отыр.

Жоба арқылы Астана қаласы тұрғындарынан киілген киім-кешек елордадағы әр түрлі нысандарда қойылған 170 арнайы қабылдау жәшігінде жиналады. Күн сайын ол киімдер газельдермен 2 Likekomek дүкені қоймасына жеткізіледі. Қоймада әрбір киім жарамды немесе жарамсыз деп сұрыпталады. Оның ішінде киюге жарамдылары Астанадағы қайырымдылық қорларына, қайырымдылық дүкендеріне, сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысы бойынша елді мекендерге көмек ретінде жіберіледі. Күніне 30-дан астам қызметкерден тұратын команда 3 тонна, айына шамамен 20 газель киімді сұрыптап, жөнелтеді. Жалпы жоба басталғалы киім, аяқ киім, ойыншықтарды қосқанда 1 млн 300 мың кг текстиль жиналған. Қайырымдылық дүкендерінде әр киім бағасы 100 теңгеден басталып, 5000 теңгеге дейінгі аралықта қойылады.

— Мысалы, қымбат тондарды бес мың теңгеге алуға болады. Шалбар, көйлектер жүз теңгеден басталады. Сонымен қатар жануарлар баспанасына да пайдаланылған төсек орындарды жібереміз. Ашылғанымызға алты жыл болса да жоба туралы білмейтіндер көп. Басында хобби ретінде басталды. Өзімнен, балаларымнан қалған киімдерді Астанадағы қайырымдылық қорға апарайын деп барғанмын. Сонда бұл қызметтің аса дамымай тұрғанын көріп, бұл маған қатты әсер етіп, жолдасыма осы істі бастағым келетінін айттым. Екеуміз де көп балалы отбасынан шыққанбыз. Бізге де кезінде көмектескендер көп болды. Сондықтан ол да қолдап, ісімізді бастадық. Алайда жолдасым: «басында жалдап тұрармыз, артынан халық оған үйреніп, біз шамамыз келмей, тоқтап қалса қиын болады ғой» деп, ақыры бағасын бәріне де қолжетімді 100-5000 теңге көлемінде етіп қойдық, ал аса мұқтаж жандар болса тегін алады. Осылайша бұл істің ауқымы артып, сұраныс көбейіп, әрі қарай не болады деген сұрақ туындады. Бұрынғы қайырымдылық сипатына енді экология мәселесі де қосылды. Сондықтан UpCycle жобасымен ескі джинсы киімді әрі қарай өңдеп, жаңа түр беруге назар аудара бастадық. Artmasterr.kz деген брендпен колоборация бар, олар ескі джинсыларды өңдеп, этностильде шапан, жилетка етіп тігеді, солармен бірге жұмыс істейміз, — дейді Ә. Сапарбекқызы.

Жоба авторының айтуынша, өкінішке қарай қазіргі таңда киілген киімдерді толығымен қайта өңдеу ісі дамымаған. Бұл жоба бойынша да тұрғындардан киілген киімдер жуылған, таза күйінде қабылданады. Қоймада олар жуылмайды. Киюге жарамсыз тоқыма киімдер болса, оны бөлек жинап, 10 шақты қолөнершілерге беріп отырады. Олар өздері жуып тазалап, жаңа өнімдер жасайды.

-Тұрғындар біздің алыста екенімізді айтқан соң, жәшіктер қоя бастадық. Ол кезде бізде газель болмады. Жеңіл машинамен тасыдық. Кейін Астана қаласы әкімдігі қолдау білдіріп, 2 газель берді. Қала әкімдігі сонымен қатар жәшік қоятын орындар тауып беріп көмектесті. 2024 жылдан бері Әлеуметтік кәсіпкерлік қатарына ендік. Ресейлік жобадан көріп, жәшіктерді тапсырыспен алуға талаптанғанмен ол бізге аса қымбатқа түсетін болды. Сондықтан оны өзіміз қолдан жасауға көштік. Демеушілер табылмады, ешкім көмектескісі келмеді. Алдыңғы темір үш жәшікті ғана бір демеуші жасады. Бірақ ол өте ауыр, металл қалыңдығы 2 мм. Сосын жолдасым бюджеттік вариантпен ЛДС материалынан жеңіл етіп жасай бастады. Сөйтіп жәшіктер саны біртіндеп 170-ке жетті. Жәшіктер жалпыға қолжетімді және жалпыға қолжетімсіз деп екіге бөлінеді. Біріншісі темірден жасалған. Ол тұрғын үйлердің алдында, жанында орналасқан. Ал қолжетімді емес түрлері ЖОО-дары, жекеменшік мектептер, бизнес орталықтары ішінде орналасқан. Жалпы өзі ниет еткен жеке кәсіпкерлер иелерінің нысандарына қоямыз. Антиванталды жәшіктерде тұрғындар киімдерді үстіңгі есігін ашып салады, біздің қызметкерлер астыңғы есігінен алып кетеді, — дейді кәсіп иесі.

Қайырымдылық және экологиялық мақсаты басым істі ол аса табысты дей алмайды. Сондықтан Әсемгүл Керейбаева сияқты әлеуметтік кәсіпкерлерде көп табыс табудан гөрі, адамдарға жақсылық жасау, қайырымдылық қылу ниеті басым болғандықтан ісін одан әрі жалғастыруда. Астана бойынша LikeKomek дүкендерінің мекенжайлары:

- Айбас көшесі, 34 (Нәзір Төреқұлов, 34), «Заңғар» кешені 3 қабат. Жұмыс уақыты: күн сайын 10:00-19:00. Телефон: 8 705 520 71 21.
- Д.Бабатайұлы көшесі, 4А, «AMIR» СҮ, 3 қабат. Жұмыс уақыты: күн сайын 10:00-19:00. Телефон: 8 705 297 37 66
- LikeKomek қоймасы Қозыбасы көшесі 9. Жұмыс уақыты: дс-жұма 08:30-17:00, сб/жс – демалыс Телефон: 8 702 827 94 74
Instagram: @likekomek и @likekomek_shop
Райхан Рахметова



