Әлеумет

Елордалық кітапханашы өз кәсібіне деген сүйіспеншілігі туралы айтты

Кітапханашылар күні мен Ұлттық кітап күніне орай Астанадағы Орталық балалар-жасөспірімдер кітапханасының меңгерушісі Галина Көпжасарова кітап оқудың неліктен маңызды екенін, оқыған балалардың қалай өзгергенін және бүгінгі таңда кітапханалардың елорда өміріндегі рөлі жайлы айтып берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Галина Александровнаның кітапханашыдан бастап басшылыққа дейінгі ондаған жылдық еңбек тәжірибесі бар.

Оның пікірінше, кітапханашы – жай ғана жұмыс емес.

«Бұл бір сиқыр сияқты. Әсіресе балалармен жұмыс істегенде. Олардың кітап алған сәтте жанарындағы отты көрген сәтті ұмыту мүмкін емес», – деді Галина Көпжасарова.

Кітапханашының айтуынша, технологиялардың дамуына қарамастан, кітап өзінің құндылығын жоғалтпайды.

«Кітап – жай ғана ақпарат тасымалдаушы емес. Бұл – жанға қажет дүние. Сіз кез келген парақты қайта ашып, ойды қайта оқып, оны сезіне аласыз. Интернетте бәрі тез, қысқа. Ал кітап – бұл тұтас бір мамандар тобы еңбек ететін сапалы туынды», – дейді ол.

Ол кітап оқыған балалардың өзгергенін де тілге тиек етті. Дегенмен олардың қызығушылығы да өзгеріп жатқанын атап өтті.

«Қызығушылықтары, әрине, басқа. Бірі комиксті ұнатады, енді бірі суреттерді көбірек қарайды. Бірақ кітапханашының міндеті өзгермейді – баланы оқуға, мәтінді түсінуге және өз ойын жеткізе білуге үйрету. Қазір басты назарды бөлетін нәрселер көп – гаджеттер, ойын-сауық контенті. Бұрын таңдау аз еді. Бірақ біз тырысып жатырмыз, іс-шаралар, викториналар, театрландырылған қойылымдар өткіземіз. Мұның бәрі балаларды қызықтыруға көмектеседі», – дейді ол.

Қазіргі кітапхана білім, демалыс және тікелей қарым-қатынас тоғысқан көпфункционалды кеңістікке айналып келеді.

«Заманауи кітапхана – бұл комьюнити-орталық әрі коворкинг. Мұнда тек кітап оқып қана қоймай, топпен жұмыс істеуге, пікірталастарға қатысуға, жазушылармен кездесуге болады. Бізде дебаттар, таныстырылымдар өтеді, үйірмелер жұмыс істейді», – дейді кітапханашы.

Бұл орта әсіресе назар мен қолдауды, өз мүмкіндігін паш етуді қажет ететін балалар үшін маңызды. Енді біреулер үшін кітапхана өзін еркін сезінетін орынға айналады. Әсіресе өмірлік жағдайы қиын отбасылардан шыққан балалар үшін бұл ерекше маңызды.

Мұнда олар басқа әлемді танып, армандай бастайды.
Галина Александровна жылдар бойы кітап пен кітапхананың адам тағдырына әсерін көрсететін көптеген мысал жинаған. Оның айтуынша, дәл осы оқиғалар – мамандықтың маңыздылығының басты көрсеткіші.

«Бізге бірінші сыныптан бастап келіп, кейін университет бітіріп, әлі де оқуды жалғастырып жүрген балалар бар. Кейбірі мамандығын өзгертіп, мәдениет пен өнер саласына кетеді. Бір оқырманымыз тіпті жұмыста түнде уақыт тауып, кітап оқиды. Оның маңызы зор», – деп бөлісті ол.

Мұндай мысалдар балалық шақта қалыптасқан кітапқа деген сүйіспеншіліктің адаммен өмір бойы жүретінін дәлелдейді.

Бүгінде кітапханашының жұмысы тек әдебиетті білумен шектелмейді. Бұл – педагог пен ұйымдастырушы дағдыларын ұштастыратын көпқырлы мамандық.

«Біз әрі актерміз, әрі жүргізушіміз, әрі ұйымдастырушымыз. Балаларды қызықтыра білуіміз, іс-шара өткізе алуымыз, техникамен жұмыс істей алуымыз керек. Бұл – үнемі дамуды талап ететін мамандық», – деді ол.

Кітапханашылар күні бұл сала мамандары үшін жай ғана кәсіби мереке емес, өз жұмысына және оның қоғамға қосқан үлесіне ой жүгіртетін уақыт.

«Бұл – кітаптың, еңбегіміздің және қосқан үлесіміздің мерекесі. Қорытынды жасап, өзіңнің маңызды іс атқарып жүргеніңді түсінетін уақыт.

Кітап оқитын балалар көбіне жақсы адам болып қалыптасады. Демек, біздің еңбегіміздің мәні бар», – деп түйіндеді Астанадағы Орталық балалар-жасөспірімдер кітапханасының меңгерушісі.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button