«Тәуелсіздік. Тарих. Тұлға» жобасы кітаптарының таныстырылымы өтті

Астанадағы Президенттік орталықта «Ұлттық кітап күні және кітапханшылар күніне» орай, «Тәуелсіздік. Тарих. Тұлға» жобасы аясында жарық көрген ғылыми-танымдық кітаптардың таныстырылымы өтті.
«Astana Eurasian Book Fair — 2026» IX Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі аясында, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Тарихшылардың ұлттық конгресі және Абай академиясы бірлесіп ұйымдастырған бұл іс-шарада көпшілік назарына «Тәуелсіздік бәрінен қымбат», «Адамзаттың Абайы», «Абай ғибраты», «Ұлт тарихындағы тұлғалар», «Евразийская тенденция. Интеллектуальные контексты второй половины ХІХ – первой трети ХХ века: славянский, тюркский, сибирский» атты еңбектер ұсынылды.
Салтанатты жиында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, университет ректоры Ерлан Сыдықов сөз сөйлеп, кітап күнінің және кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың маңызына тоқталды.

– Бүгін – руханияттың алтын діңгегі болған кітаптың қадірін арттыратын ерекше күн. Бұл – білім мен мәдениеттің сақтаушылары кітапханашылардың да мерекесі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ойлы ұлт болып қалыптасудың төте жолы – кітап оқу» деп атап өткен болатын. Президент кітапхана ісін жан-жақты дамыту қажеттігін де үнемі назарда ұстап келеді. Кітап – адамзаттың ең құнды қазынасы, рухани азығы. Сөзден өрнек құрып, ойды санада сәулелендіретін бірден-бір құрал – кітап. Ақыл мен парасаттың, ой мен қиялдың, тарих пен тағдырдың айнасы да– осы кітап. Біз өткенімізді танып, бүгінімізді бағалап, болашағымызды бағдарлауды да кітап арқылы үйренеміз. Кітап – ұлттың жаны. Ал ұлттық әдебиет – сол ұлттың болмысы мен рухының көрінісі. Сондықтан кітапқа деген құштарлық арқылы біз тарихқа тағзым жасап, болашаққа сенім қалыптастырамыз, ұрпақ тәрбиелейміз, – деді ол.

Бағдарлама аясында ғылыми жинақтардың авторлары өз еңбектеріне мазмұндық шолу жасап, зерттеу нәтижелерімен бөлісті. Атап айтқанда, Дүйсен Сейітқали Жахияұлы бірқатар еңбектерге талдау жасаса, Жандос Әубәкір Абайға арналған жинақтарды таныстырды. Ал С.В. Селиверстов өз монографиясы туралы қысқаша шолу жасады.
Таныстырылымға әдебиеттанушы ғалымдар, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы, докторанттар, магистранттар, студенттер және кітапсүйер қауым қатысты.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ



