Басты ақпаратЕлорда тынысы

Қаламгер мен оқырман қауышқан жәрмеңке

23 сәуір – Ұлттық кітап және кітапханашылар күніне орай Қазақстан Республикасы Президентінің орталығында «Astana Eurasian Book Fair-2026» IX халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі басталды.

Орталық Азиядағы ең ауқымды мәдени-ағартушылық іс-шаралардың бірі саналатын кітап көрме-жәрмеңкесін Қазақстан Республикасының Мәде­ниет және ақпарат министрлігі, Астана қаласының әкімдігі және «Qazaq Creative» креативті индустрияларды дамыту қорының қолдауымен «Фолиант» баспасы ұйымдастырған.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің вице-министрі Руслан Әли ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйледі.

– Ұлттық кітап күні аясында республика көлемінде онкүндік кітап апталығы ұйымдастырылып, оқу мәдениетін арттыруға бағытталған жүз мыңға жуық іс-шара өтуде. Биыл тоғызыншы рет өтіп отырған «Astana Eurasian Book Fair» халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі – осы апталықтың елордадағы ең маңызды әрі мазмұнды іс-шараларының бірі. Ол халықаралық деңгейде шетел баспалары және сарапшыларының қатысуымен тәжірибе алмасуға кең мүмкіндік береді. Көрме аясында 20 мыңнан астам кітап ұсынылып, 100-ге жуық мәдени-іскерлік іс-шара өткізу жоспарланған. Бастама отандық баспа ісінің дамуына жаңа серпін береді деп сенемін. Көрме барысында министрліктің арнайы павильоны жұмыс істеп, мемлекеттік тапсырыс аясында жарық көрген кітаптар, жаңа жобалар мен креативті индустрия бағытындағы бастамалар таныстырылады, – деді вице-министр.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен 23 сәуір – Ұлттық кітап күні­нің маңызына тоқталды.

– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-­Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 23 сәуір – руханият әлемі үшін ерекше күн – Ұлттық кітап күні ретінде белгіленді. Мемлекет басшысы кітапты «ең жақын дос» ретінде бағалап, кітап оқуды өмір салтына айналдырудың маңызын үнемі айтып келеді. Кітап оқуды әдетке айналдырған адамның ұтары мол екені баршамызға белгілі. 2016 жылдан бері «Фо­лиант» баспасы осы игі бастаманы қолға алды. Бұл алаң – еліміздегі баспа үйлері, қаламгерлер мен оқырмандардың басын қосқан мазмұнды әрі пайдалы кездесулер орны. Елордада кітапқа деген қызығушылық тек осындай жәрмеңкелермен ғана шектелмейді. Бүгінде Астана қаласында 25 кітапхана жұмыс істейді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, соңғы жылдары кітапханаларды жаңғырту және олардың желісін кеңейту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілді. 7 жаңа кітапхана ашылып, 18 кітапхана толық модернизациядан өтті, – деді ол.

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында: «Кітапқұмарлық – жақсы қа­сиет. Мысалы, көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Мен Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысты қолдаймын. Бірақ оны мазмұнды етіп өткізу қажет. Мысалы, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, арнайы жәрмеңкелер өткізу қажет. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» деп атап өткен еді.

Осы бастамаға үн қосқан көр­менің басты мақсаты – кітап оқуды дәріптеу, оқу мәдениетін қалыптастыру, кітап нарығындағы жаңа өнімдерді көрсету, баспа саласындағы заманауи технологияларды таныстыру және халықаралық әріптестікті дамыту.

«Astana Eurasian Book Fair-2026» көрмесіне 80-нен астам кітап шығару, танымдық-ғылыми білім беру және полиграфия компаниялары қатысуда. Оның тең жартысы – қазақстандық ­ұйымдар. Сондай-ақ Қазақстан, Ресей, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Моңғолия, Испания, Қытай, Иран, Беларусь, Португалия, Венесуэла, Ұлыбритания елдерінен көп­теген ұйым қатысып отыр.

22-26 сәуір аралығына жос­парланған кітап көрме-жәрмеңкесі бес күндік мәдени-іскерлік бағдарламадан тұрады. Көрме аясында жаңа кітаптардың тұсаукесері, авторлармен кез­десу, автограф-сессия, балалар алаңында арнайы шеберлік сағаты өтеді.

22 сәуір күні түстен ке­йін көрме-жәрмеңке аясында Тоқтарбек Мағзұмовтың «Алтай аңыздары» кітабының тұсаукесері ұйымдастырылды. Сондай-ақ Димаш Құдайбергеннің шығармашылық жолына арналған «Димаш Құдайберген. Шексіз музыка» кітап-альбомы таныстырылды. Бұдан бөлек, Қуат Адистің балаларға арналған «Батпырауық» кітабы оқырман назарына ұсынылды. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Әлібек Асқаровпен кездесу кеші өтіп, қаламгер өз шығармашылығы, соның ішінде «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» туындысы жайында ой бөлісті.

Айта кетейік, бүгін Қазақ­стан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған республикалық «Ұлттық кітап» байқауының нәтижесі бойынша жеңімпаз баспаларды марапаттау рәсіміне арналған салтанатты іс-­шара өтеді.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button