Күрделі кезең құндылықтары

Астанада Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханада қала әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалы ұйымдастырған «Қаламгер ұстаханасы» жобасының кезекті қонағы белгілі әдебиет сыншысы, «Айбоз» ұлттық сыйлығының иегері Амангелді Кеңшілікұлы болды. Ол «Әлем әдебиеті. ХХ ғасыр» тақырыбында дәріс оқып, әлем әдебиетінің даму кезеңдері мен ХХ ғасыр әдебиетінің күрделі табиғаты жайында кеңінен әңгімеледі. Әдеби кездесуді Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалының басшысы Бауыржан Бабажанұлы жүргізді.
Кездесу барысында Амангелді Кеңшілікұлы әдебиеттің табиғатына тоқталып, оның адамзат руханиятындағы орны жайында әңгімеледі.
«Әдебиет – күрделі әлем. Адам жанындай нәзік, көп қабатты, тылсымы терең – жұмбақ құбылыс. Мың жерден оқымысты болып, бүкіл ғұмырыңды арнасаң да ол жұмбақты толық танып шығу мүмкін емес. Әр ұлттың даралығы, өмір сүру салты, діні мен ділі, дәстүрі, тарихи санасы, қастерлейтін құндылықтары, қайталанбайтын тағдыры болады. Міне, осы факторларға арқандалып, әр елдің дүниетанымына тән әдебиеті қалыптасады. Түрлі кезеңдерді басынан өткеріп, дамиды, шарықтау шыңына жетеді, сосын тоқырап, ағысы баяулап, біраз уақыттан кейін қайта түлейді. Жаңа түрлер, жаңа стильдер, шындықты жеткізудің жаңа тәсілдері пайда болады. Құндылықтар алмасып, жаңа заманның жаңа теориясы, жаңа эстетикасы өмірге келеді» деген баяндамашы осы ойды сабақтай отырып, ол әлем әдебиетіндегі романтизм мен модернистік танымға тоқталды. Әсіресе, Мэри Шеллидің «Франкенштейн» романы арқылы ғылым мен адамзат санасының шектеулігін түсіндірді.
«Әлем дегеніміз – біз ойлағаннан әлдеқайда күрделі құбылыс. Осыған орай ағылшын қаламгері Мэри Шеллидің 1818 жылы жазған «Франкенштейн немесе бүгінгі заманның Прометейі» деген романы жөнінде бір-екі ауыз сөз айта кетуді парызым санаймын. Бұл готикалық романды әлем әдебиетіндегі алғашқы ғылыми фантастикалық мәтін санауымызға болады. Прогресс пен ғылымға сеніп, әлемді сананың құдіретіне бағындыру мүмкін емес екен. Рационалдық идеялардың ақыры қантөгіске алып келді. Бүкіл романтизм әдебиеті осындай идеяларды алға тартып, әлемнің өте күрделі, бір-бірімен тығыз байланыста болатын құбылыс екенін жазды. Әлем сана арқылы емес, шығармашылық түйсік, жан арқылы танылады» деді Аманкелді Кеңшілікұлы.
Лектордың айтуынша, романтиктер өмірдің сыртқы қабатына емес, адамның ішкі әлеміне терең үңілді. Ол Эрнст Теодор Амадей Гофман шығармашылығын мысалға келтіріп: «Романтиктер әлем дегеніміздің күрделі элементтердің жүйесі екенін көрсетуге тырысты. Гофманды оқыған кезіңізде сіз осы екі жақты әлемнің күрделі табиғатын тани түсесіз. Біріншісі – прагматикалық, тұрмыстық әлем. Ол әлемде бәрі де есеп пен ақылға құрылған. Бірақ одан басқа екінші, парасатты, асқақ әлем бар. Ол әлем философиямен, әдебиетпен, өнермен өмір сүреді. Романтиктерді жалған тіршіліктің адамды зеріктіретін шындығы қанағаттандырмады. Сол себепті олар нағыз шындықты өнер мен руханият әлемінен іздеді», – деп бір тоқталды.
Бұдан бөлек, Әдебиет сыншысы ХХ ғасыр әдебиетінің ең күрделі кезең болғанын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, дәл осы дәуірде түрлі әдеби ағымдар мен бағыттар бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамыған.
«Егер де ХХ ғасырға дейін әдебиетте екі-үш ақ изм болса, ХХ ғасырда ол измдер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті», – деген ол бұл өзгерістердің себебін түсіндіре келе: «ХVІІІ бен ХІХ ғасыр адамның өз-өзіне көңілі толып, өзінің ақылына, зияткерлігіне разы болған дәуірі болды. Адам сананың құдіретіне қатты сенді. Бірақ ХХ ғасыр адам үмітінің күл-талқанын шығарды. Ең басты дағдарыс – адамның өзі болды. Адам ХХ ғасырда өзінің нағыз жыртқыштық болмысын таныды. Екі дүниежүзілік соғыстың болуына жол беріп, еш жазығы жоқ миллиондаған адамдарды жер бетінен жойып жіберді. Ескі құндылықтар жұмыс істемегендіктен, ХХ ғасыр адамының табиғатын түсіндіріп беретін жаңа әдебиеттің, жаңа философияның қажеттілігі туды», – деп пайымдады.
Дәрісте ХХ ғасыр әдебиетінің негізгі бағыттарының бірі – модернизм жайы да кең қозғалды. Бұл жөнінде ол: «ХХ ғасыр әдебиетінің бағытын белгілеген жазушылардың бәрі модернизм бағытымен байланысты болды. Модернизм – ХХ ғасырдағы әдеби жағдайды сипаттайтын негізгі ұғымдардың бірі. Егер біз ХХ ғасыр әдебиетін ең алдымен Марсель Пруст, Франц Кафка, Джеймс Джойс сияқты авторлардың шығармашылығымен байланыстырсақ, әдебиет тарихының мүлде басқа картинасы пайда болады», – деп атап өтті. Мұнда ол Марсель Пруст, Франц Кафка, Джеймс Джойс сынды қаламгерлердің модернистік әдебиеттің негізгі өкілдері екенін айтты.
Кездесу соңында Амангелді Кеңшілікұлы ХХ ғасыр әдебиетінің адамзатқа рухани тірек болғанын атап өтіп: «Жалпы, ХХ ғасыр әдебиеті – бірегей, ерекше, көпқырлы және күрделі. Екі үлкен соғыс болған, төңкеріс болған, тоталитарлық жүйелер үстемдік еткен ХХ ғасыр тарихы бірегей әдебиетті туғызды. ХХ ғасыр әдебиеті пенде баласына адамға деген сенімін қайтарып беруге әрекет етті. Бейберекет, қираған әлемнен адамзаттың болашақтағы бақытты өмір сүруінің іргетасын іздеді. ХХ ғасыр әдебиеті осындай ұстара сауалдар қоюмен ғана шектелмей, оның жауабын да таба білді» деп сөзін түйіндеді.
Шапағат ӘБДІР



