
Қос мең
Махаббатты қалайды,
Музасына балайды.
Мең туралы жыр жазып,
Мең-зең қылды талайды!
(Журналистік фольклордан)
Ол кезде ешкім олпы-солпы өлең жазбайтын. Өйтуге хақы да жоқ еді. Себебі өзіне-өзі сенгендер ғана ақын болуға тәуекел етеді. Жақсы жыр жазуға шамасы жетпейтінін ертерек аңғарғандар өлең өлкесін өз еркімен тастап шығатын. Шынында да, қалай жазбақсың?! Сол дәуірде қазақ поэзиясының ақсақалына айналған, көзі кіреукеленіп, белі бүгілсе де, шабыты шау тартпаған арыстан жал Әбділдә ақын астананың көшесінде алшаңдап келе жатады. Адам баласынан ықпаған мұзбалақ Мұқағалидың өзі таяғынан жасқанған әлеуетті Әбекең ғой. Алатаудың шыңынан шығына қашқан ақша бұлтты ақшулан басына қондырып, ақбурыл шашын жұлқыма желге тосып, асықпай аяңдаған Әбу аға алыстан көзге шалынады. Алты алаш аялаған абызды анадайдан аңғарасың да, «Сен құрметте оны!» деп, өбектеп жүрген өлеңіңнің түр-түсі мен сырт-сықпытын жөнге келтіре бастайсың. Енді бір сәтте жалғанды жалпағынан басып, тау суындай күркіреген Сырбай көкем шаң береді. Оны кезіктірсең, «Жаутаңдап қарап дала тұр, Көз жасын сүртіп жаңа бір», – деп мұңаясың. Ол аз десеңіз, Алматыны аялап, Алатауды саялап, қара өлеңді маялап жүрген Ғафу шайыр маңайыңнан маңғаз кейіппен өтеді. «Ғафу деген жақсы жырдың аты екен, О, дариға-ай, мұнда да жүр Ғафекең!», – деп, қанаттанып һәм қанағаттанып, әрі қарай жылжисың. Бәрібір қара өлеңнің иесі мен киесінен құтыла қоймайсың. Алдыңнан «Сезім шіркін ақ жаңбырға ұқсайды, Алматыда жаңа жауып басылған», – деп, көзі түгілі көзілдірігінің әйнегіне дейін мейірімділік тұнып тұратын Тұманбай ағам шығады. Сондай-ақ, «Жазираның жалғыз сәні жаздағы, Жиде гүлі қызғалдақтай маздады», – деп, өршіл де өткір, шымыр да ширақ Қадыр ағам көлденең жолығады.
Осынау талассыз мойындалған мықтылардың өзі бір-бірін қалжыңмен қажап, «Саған да қиын озбаған, Маған да қиын озбаған. Пенделік жасап, нашарлау, Жырыңды көрсем, мәз болам», – деп өзара сөзбен сайысып, айтысып-тартысып жатқанда қайдағы өлең, қайдағы шабыт сені тауып келмек? Абай атамды сәл-пәл өңдеңкірегендей болып, «Өзгеге көңілім тоярсың, Өлеңді бірден қоярсың», – дейсің кесіп-пішіп. Сондықтан ақындар ауылында тек жанкештілер ғана қалады. Яғни, өздерінің ақын болмауы мүмкін емес екенін анық ұққан сүрейлер мен сүлейлер… Олар өлеңді жазып әуре болмайды. Өйткені, өлеңнің бұлағы әлдеқайдан сай қуалап ағып келіп, солардың санасына құйылып тұрады. Соны тек төкпей-шашпай қағазға түсіріп алса, жетіп жатыр. Өстіп құйылып келмесе, бала болып өмірі конспект жазбайтын студент ақындар өзін-өзі зорлап, қайтіп өлең құрастырмақ?!
Біз көргенде Ертай Ашықбаев сондай шайырдың бірі еді. КазГУ-дің журналистика факультетінің төртінші курс студенті. Жұқалтаңдау ғана жігіт. Аты шыға бастаған ақын. Сол кездегі өлең жазатындардың «өлмес» дәстүріне сәйкес, жатақхананың жанында жетпіс жылқы, қырық қой айдап жүргенін көрмеппіз. Жынды судың бастау-бұлағының басында айлап-жылдап жырғап жатқанын да байқай қоймадық. Бәлкім, біз білмедік. Бәлкім, ол көзге түспеді… Бірде жатақхананың фойесінде өтіп жатқан жыр кешінде «Махаббат қашан қартайған, Сұраңдар оны Ертайдан!», – деп өршеленіп өлең оқып тұрғанын көрдік. Махаббаттың неге қартаймайтынын одан сұрауға біздің де, түсіндіруге оның да уақыты болмады-ау деймін… «Мұның сұрайтын несі бар?», – дедік те жөнімізге кеттік.
Оның жалпақ жұртқа кең тараған әйгілі «Қос мең» деген өлеңі ілгеріректе жазылды. Кейінірек шыққан кітабы да солай аталды. Бұл – біздің жас кезімізде жадымызда жатталған жыр. Ерекең шығыс поэзиясының шынары Қожа Хафиздің баршаға белгілі «Бір меңіңе Бұхара мен Самарқанды берер ем», – деген екі жолын жаңағы атышулы өлеңіне эпиграф етіп алды. Соны атақты өлеңінің шекесіне қондырды да, әрі қарай өзінің жан сырын, ішкі әлемін жырға қосты.
Көкірегім күпінгенде күшті еді,
Арман қуып Ақтөбеге жетіп ем.
Көзіме де ең алдымен түскені,
Ай сәулелі жүзіндегі екі мең.
Санамдағы сұлуларды шегерем,
Салтанатпен жария етем досқа да:
Қос мең үшін мен төрт қала берер ем,
Бір мең үшін берсе Хафиз қос қала.
Сөйтіп, ер мінезді Ерекем өзінен алты ғасыр бұрын туған қиялы қиядағы әуейінің әуейісі Хафекемнен де асып түсті. Тек қазақ ақынының ұстанымы бағзы заманғы әріптесіне қарағанда сәл бөлектеу. Шираздың шайыры аймаңдай аяулысының тарыдай меңіне бола тарту ететін қаланың атын атап, түсін түстейді. Ал Ақтөбенің ақыны қос мең үшін төрт шаһарды сыйлай салатынын ашықтан-ашық мәлімдесе де, қандай қалалар екенін ашып айтпайды. Яғни, қала болса болды, қай қала екені онша маңызды емес. Басты бәсекелесі Хафиздің бейнесін бетке ұстай отырып, махаббат майданындағы поэтикалық декларациясын жариялайды:
Кеудесінің кең сарайын күйдірген,
Бір мең құнын Хафиз солай өтесе.
Екі меңі бар сұлуды сүйдім мен,
Артық жырлау керек маған екі есе.
Осы өлеңді оқыдық та, «Е, бұл ағамыздың «Сұраңдар оны Ертайдан», – деп жүргені осы екен ғой деп топшыладық. «Ит қорыған жерге өш» дегендей, құпиясы көбірек жерді көруге ынтазар боп тұратынымыз бар емес пе? «Е, Ерекеңнің қос меңі бар сұлуы кім екен?» деп ойлап қоятынбыз. Сөйтсек, ағамыздың жүрегін қозғаған қос меңді қыз ақыры жан жарына айналыпты. Ақтөбенің облыстық газетінің редакциясына өндірістік тәжірибеден өтуге барғанда көрдік. Осы сапарда екі ағаммен етене араластым. Бірі – белгілі журналист Әмір Оралбай. Екіншісі – осы Ерекең. Бір ғажабы, сол екі ағамның үйіндегі екі жеңгемнің де меңі бар. Тіпті Әмірдің келіншегінің аты – Меңдігүл. Тек Әмір ағам өте салмақты болды да, менің асыл жеңгеме қала түгілі шағын ауылды берем деп те уәде еткен жоқ. Ал Ерекеңнің айтып отырғаны – бір емес, төрт қала.
Ертай Ашықбаев осы өлеңді жазған соң көп ұзамай бесінші жатақханаға ат басын бұрған Есенқұл Жақыпбеков біздің көзімізше мынадай эпиграмма құрастырды:
Ақын көңіл қашан сірә қартайған,
Сүйгенінің меңін көріп марқайған.
Ақтөбе, Орал, Қызылорда, Жамбылдың
Горкомдары, сақтаныңдар Ертайдан!
Біз бұл жөнінде алғаш рет 2009 жылы жарияланған «Өмірге құштар Әмір» деген эссемізде айттық. Шынында да, Күләй жеңешеміз Ерекеңе бақ болды. Қос меңді ару ағамызға қос ұл тауып берді. Қазір сол парасатты перзенттерінен немере сүйіп, бақыттың бесігіне бөленіп отыр.
Ал ақын ағамыз бүгінде баяғы төрт шаһар мәселесіне сонша бас қатыра бермейтін секілді көрінеді бізге…
Қос шайыр
Ерке Хафиз – ересен,
Еңбегі мол – елесең.
Ертай сынды ақын ғой,
Ерте туған демесең!
(Журналистік фольклордан)
Ақыры Қожа Хафизді біздің Ерекеңмен шендестірген екенбіз, бұл тақырыпты біраз індетіңкіреп көрейік. Сол Хафиз… Талайға танымал тұлға. Хакім Абайдың өзі жастау күнінде: «Физули, Шәмси, Сәйхали, Науаи, Сағди, Фердауси, Қожа Хафиз – бу һәммасы Мәдәт бер я шағири фәрияд», – деп ғұламалардың тобына қосып жырлаған шығыс шайыры. Хафизді Шәкәрім де жырына қосқан. Ол да оны Абайдың тәсілімен баршаға белгілі жыр жұлдыздарының санатына жатқызады. Он бір буынды өлең үлгісімен өрнектеген толғамында осынау шоғырды «Науай, Сағди, Шәмси, Физули бар, Сәйхали, Қожа Хафиз, Фердоусилер, Бәйітші елден асқан шешен болып, Әлемге сөздің нұрын жайған солар», – деп барынша дәріптейді.
Шәкәрім қажы Хафиз мұрасын әйгілеу мәселесін мұнымен ғана шектемейді. Ол шығыс шайырының бірер шығармасын қазақшаға аударған сыңайлы. Тәржімасы өте жатық. Ой орамы бөлек парсы пәлсапасын ұлт топырағына бір аунатып алғандай сезінесің. Сондықтан өз жұртымызға ұсынылған Хафиз жыры қазақ ақыны жазғандай әсер етеді:
Ақ көңiлдiң кезiне,
Не келсе де – жақсылық.
Тура жолдың тезiне,
Түскен көрмес тапшылық.
Ал Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы сыйлықтың лауреаты Ертай Ашықбаев Шыңғыстаудан шығып шығысты шарлаған алып ақындар сынды Хафиздің өз басын жырына арқау еткен жоқ. Тек ол шайырдың жалпақ жұртқа танымал бір тіркесін арнайы бөліп алып, өз өлеңіне тамызық ретінде пайдаланды. Онысы арқалы ақынға қаншама жылға жететін абырой әперді. Ақиқатын айту керек, бұл тұрғыдан алғанда, бүгінгі дәуірдің ақындары Ерекең сынды соншалықты «мәрт» емес. Олар Қожа Хафизді қадір тұтатынын аңғарта отырып, әрі қарай қала-паладан дәмесі болмауын алдын ала ескертіп қояды. Несі бар, елдік тұрғыдан бұл да дұрыс шығар. Дегенмен, әзілмен әдіптеп, қалжыңмен қалыптаған поэтикалық әсірелеудің де ұтымды шығатын жері бар емес пе?! Бұл жағынан қазіргі қазақ поэзиясында орны бар ақын Маралтай Райымбекұлы шаһар біткенді жан-жағына шашып жүретін Ертай Ашықбаевтың антиподы десек болар:
Ғашық жүрек жырға ынтық, гүлге әсем,
Қожа Хафиз, мұңымыз бір сыйлас ең.
Бір мең тұрмақ қос меңі үшін сұлудың,
Таразымның түйір тасын қимас ем.
Маралтай қимады екен деп өрнекті өлеңінен бас тартқан Ерекеңді көрмедім. Бір жағынан Маралтайды да түсінуге болар. Себебі, Ертайдың ардақты ағалары мен қадірлі қатарластарының да қаланы айтасың, оның әрбір тұрғынын да ешкімге бергісі жоқ. «Мен де саған Шымкентімді берер ем, Әлібек дос бірге кетіп қалады», – дейді Жұматай шайыр. «Бұхараны боданыңа, Самарқанды садағаңа, Ол аз десең Алматыны берер ем, Үшеуі де менікі емес, әттеген…», – дейді Есенғали ақын. Демек, Ертайдың ғашықтығы – көзсіз ғашықтық. Ессіз ғашықтық ештеңеге қаратпайды. Басқа нәрсені көрмей, тұманның тұңғиығына түскен ол Хафиздің алапат сезімін екі еселеп жіберді. Болғаны сол… Қалыңдығына қаланы тарту ету талпынысы – жақсы көрудің шексіздігін аңғартудың мысалы ғана. Жыр сүйер қауым бұған түсіністікпен қараған сияқты. Өмір мен юмордың екі арасын, әзіл мен әдептің шекарасын бір адамдай білетін ойлы оқырман Ерекеңді анық ұқты. Сондықтан да оған осы уақытқа дейін Есенқұлдан басқа ешкім елеулі ескертпе жасаған емес.
Ал енді осы жалғыз мең мен қос қаланың төңірегінде арыз да, аңыз да баршылық. Мұның бар болғаны өлең екеніне қарамастан шығыс шайырына қара қазандай өкпе артқандар да кездескен көрінеді. Тіпті жарты әлемге үстемдігін жүргізген Әмір Темірдің өзі: «Мен мәртебесін асырған қос қаланы қайдағы бір түрік қызының меңіне бола тарту етуге қалай ғана дәтің барды?» – деп сұрапты деседі. Сонда өте жұпыны киініп келген шайыр: «Міне, көріп тұрсыз ғой, осы жомарттығымның кесірінен өзімнің де сау-тамтығым қалмады», – деп құтылып кеткен көрінеді.
Белгілі ақын Әбіраш Жәмішев бір кезде Хафиздің осы әйгілі тіркесін «Шираздың бұл аруын періштеге теңер ем, Бір меңіңе Самарқанд пен Бұхараны берер ем» деп аударды. Әзірге сүйенетін нұсқа осы. Әбіраш аға ұлы шайырдың мол мұрасын өз тілімізге тәржімалап, қазақ жұртына танытты. Ертай ақынның да заманында осы бір тұмадай тұнық дүниенің бастауынан қанып ішкені даусыз.
Мең тақырыбына Хафиздан кейін, бірақ Ерекеңнен бұрын бір соғып кеткен ақындар да бар. Мысалы, Хафиздың жырларын шексіз қадірлеген түрік шайыры Мехмет Фатих өзінің жетпіс сегізінші ғазалында «Жүзіңдегі жалғыз ғана меңіңе Стамбұл мен Галатаны берер ем», – депті. Өлеңнің ұзын-ырғасына қарағанда түріктің жыршы сұлтанының ықыласын аударған пұтқа табынушылар әулетінің бе, үндінің бе, бір бәденді бойжеткені болса керек.
Сонымен, Қожа Хафиз бен Ертай шайырдың арасын алты ғасыр бөліп тұр. Соған қарамастан оларды біріктіретін, жан дүниесін жақындастыратын белгілер баршылық. Екеуінің де түрлі туындылары мектеп оқулықтарына енгізілген. Екеуінің өмірінде де аңызға бергісіз оқиғалар жеткілікті. Екеуі де екі ұлға әке болды. Екеуінің де балалары әке жолын қуып, ақындыққа бел буған жоқ. Екеуі де қала сыйлау туралы айтты да қойды. «Әлгі маған берем деген қалаң қайда?», – деп қылғынып жатқан арулары да бой көрсете қоймайды. Ешкім ешкімге міндеттілік танытпады. Алайда екеуі де махаббат тақырыбын жеріне жеткізе жазды. Әсіресе, Ерекең өзі айтқандай, сезім серенадасын екі есе жырлаған тәрізді. Баяғыда «Махаббат қашан қартайған?» – деп өзі айтып еді ғой.
Бірақ біздің Ертай ағамызды Хафиз секілді сезімнің сусынынан қанып ішіп, бірыңғай ғашықтық ауанында жүретін махаббат жыршысы екен деп қалмаңыз. Оның өмірдің өрімін, тіршіліктің тынысын танытқан өлеңдері де жеткілікті. Кейде ол өзінің ішкі иірімдерімен арпалысып, өзге дүниеден келгендей айналасына таңдана қарап, сенімен сырласуға бейілділік танытады:
Мен деген – үнсіз ғаламмын,
Қоштасқам дүрмектеріммен.
О, не деп тұрсыз маған, мұң?
Не істеуге міндетті едім мен?
Тоқтадым ескі өлеңіме,
Білмеймін, қанша аялдаймын?!
Сүймеймін ештеңені де,
Әрнені аңсай алмаймын.
Ешнәрсе істеуге міндетті болмаса да, ештеңені сүймесе де, әрнені аңсай алмаса да, біздің ұғымымыздағы қазақтың Хафизі дегеніміз – еңсегей бойлы ер Ертай. Ерекеңнің Ширазы – Ақтөбе. Хафиз ішкен шарапты ол да ішті. Хафиздің ғашықтығы оған еселеніп келді. Енді, міне, Хафиздің жасынан асты… Енді әлемге танымал Хафиз секілді жазған дүниесі жұртының жүрегінде жүрсін дейміз де…
Қос қанат
Алыс жолға сайланған,
Атажұртқа жайланған.
Атақты ақын болса да,
Ақтөбеге байланған!
(Журналистік фольклордан)
Ертай ағам оқу бітірген соң аттың басын Ақтөбеге бұрды. Бұл қалаға біз түрлі себеппен жиі барып тұрдық. Келген сайын «Ақтөбе» газетінің редакциясына соғамыз. Ілгергі дәуірде «Коммунизм жолы» деп аталатын-ды. Мұнда сыйлас ағаларымыз қызмет істейтін. Соның бірі – Ертай Ашықбаев еді. Сонда байқайтынымыз, Ерекең ақындығы өз алдына, журналистігі жағынан да ешкімге дес бермейді. Әдетте бірыңғай өлең жазатын адамның ертелі-кеш ақпарат атаулыны жемсауына жұтып жататын газеттің күнделікті қара шаруасына икемі бола бермейді. Бас редакторлардың алдына әлдебір шайыр жұмыс сұрап келсе, кірпідей жиырылатыны рас. Себебі ақын біткен еркіндеу жүреді. Жарасқан Әбдірәшевтің жырындағы ерке бала сияқты қақпайлауға көнбейді. Сондықтан редакцияға аласұрған ақыннан гөрі жеделдігі желден жүйрік жайдақ журналист көбірек пайда келтірмек деген ұғым қалыптасқан.
Жоқ, Ерекем ондай теперіш көріп жүрген адамға ұқсамайды. Керісінше, газеттің нағыз еңбек торысына айналыпты. Мәдениет бөлімінің қызметкері. Күн ұзаққа сарылып отырып хат қорытады. Ағылып келіп жатқан ақпаратты елеп-екшеп, хабар-ошардан бастап суреттемеге дейін жазып тастайды. Әлдеқандай бір әтіберлі мекеменің есеп беру – сайлау жиналысына бастан-аяқ қатысып келіп, көк түтінге көміліп отырып, есеп жазып тастау оған түк емес. Кейде не Қарабұтақ немесе Темір ауданына сапарға шығады. Ертеңіне «Коммунизм жолының» бетінде көлдей очеркі көсіліп жатады. Жазуы көркем, ойлы өрнектері жұтынып тұрады. Анда-санда боз шалбарының қырына бір көз салып қойып, дұрыс-бұрыстығын тексеріп алған соң обком жаққа беттейді. Сол жақтан бір қағаз әкелу керек пе, әлде біреуге қол қойдырып келу қажет пе, сондай бір аса күрделі емес тапсырмаға кетіп барады. «Ераға, біз-ақ барып келе қояйықшы», – дейміз практикант Бердібай екеуміз елгезектік танытып. «Жоқ, – деп ол бір-ақ кеседі. – Мұндай тапсырманы кім-көрінгенге бермейді». Біз жым боламыз. Бәрібір ағамызды жақсы көреміз. Өйткені ол бізге өндірістік тәжірибе барысында көп нәрсе үйретті. Соның ішінде темекіні жөндеп тартуға баулығаны өз алдына бір әңгіме…
Бұл – Ерекеңнің оқуды жаңа бітіріп, кеңестік үлгідегі аймақтық басылымға келіп, баяғы текті Тоныкөк пен кекті Күлтегін тәрізді «Күндіз отырмадым, түнде ұйықтамадым», – деп жанығып жүрген кезі. Газеттің мәдениет бөліміне бөлінген бөлмесінде тынбай жұмыс істеп жатады.
Ай шамдандым,
Алматыны тастадым,
Қисайған жоқ қылшығым.
Мына бөлме – менің жаңа аспаным,
Ақтөбелік тілшімін! – деп өңірдегі өмірін бастап жатқан тұсына тап келгендейміз. Ерекең содан бері осы газетте табан аудармай тер төкті. Арайлы Ақтөбенің ақпаратты «Ақтөбесінің» отымен кіріп, күлімен шықты. Қатардағы тілшіден бас редактордың орынбасарына дейінгі жемісті жолдан өтті.
Сөйтіп, поэзия мен публицистика оның қос қанатына айналды. Ендігі өлеңдері Ақтөбедегі осы газеттің қабырғасында жазылды. Бұл басылым – талай қаламгерлердің қызмет істеген жері. Алатау жаққа Ақтөбеден аттанған ақын-жазушылардың өзі аз емес. Солардың дені осы редакциядан түлеп ұшқан. Ертай шайыр да осы қастерлі шаңыраққа арқа сүйейді. Суреткер Тынымбайдың ауылда қалған ақын кейіпкері Ертілеу секілді көңілі көтеріліп, шабыты шарықтаған шақта Алматыны аңсап, аздап қана аласұрып қоятыны рас-ты. Сосын Ақтөбенің ақындық ортасы да ешкімнен кем емес екенін ойлап, бірте-бірте сабасына түседі. Қайтеді оны, Ертілеуді қадірлейтін Қошқарбайлар мұнда да бар. Сондықтан осынау әсем шаһарды өзге қалаға айырбастағанды жөн санамады.
Уа, бөлмеме жарасып тұр толықтай,
Мазмұным да, формым да.
Беу, отырмын ештеңеден қорықпай,
Дүйсенбаев Ес-ағамның орнында.
Мәдениет, есенсіз бе қатерден,
Амансыз ба, өнер, сіз?
Қолданайын білімімді әкелген,
Бірте-бірте көнерсіз, – деп, қанағатын қағанатына айналдырып, амбициясын аспанмен астастырып, алдағы күндеріне қарай аялдамай тарта берді. Сол тартқаннан тартып отырып, міне, жетпістің де желкесіне мініпті. Бұл белеске де елгезек Ертайды қос қанаты – поэзия мен публицистика жетелеп жеткізді.
Қарасөзбен жырлаудың хас шебері Оралхан Бөкей бір сұбатында: «Мықты жазушы болмауым мүмкін, бірақ мықты журналиспін деп сеніммен айта аламын», – деген ыңғайда пікір білдіріп еді. Сол тұрғыдан алсақ, Ерекең де өзіне серік болған осынау екі саланың қайсысын алғы кезекке қоятынын білмейміз, бірақ публицистикасы поэзиясынан қалыса қоймас деген ойдамыз. Мақалаларын оқи бастағаннан ақынның қолынан шыққаны байқалып тұрады. Очеркке қимайтын образдар, суреттемеге қимайтын сюжеттер сәт сайын кездеседі. Алақандай заметканың өзін көркем кестелейді. Жиынға барып, жазып келген есебіне де кәдімгідей елеңдеп қаласың. Сонысымен-ақ «Жақсы ақын жақсы журналист болып жарытпайды» деген байырғы байламның быт-шытын шығарды.
Бір қарағанда бұйығы әрі қарапайым көрінгенмен, өте жігерлі. Сол жігері анадайдан андағайлап тұрады. Соны көресің де жырының жалынына, жігерінің жылуына жүзіңді тосасың. Арқалы ақынның кеудесін кернеп бара жатқан алапат күшті анық аңғарасың.
Жаңартыңдар жүректеріңді ескірген,
Жайнаңдар. Кәдімгідей тулаңдар.
Кем емессіңдер ешкімнен,
Уа, елу алтыншы жылы туғандар!
Бай болдық қызыл-жасыл түрге енген,
Күн кештік маңдайымызды мұң тұтпай.
Уа, мына Шаһизада кімнен кем,
Кімнен кем әйтпесе Мылтықбай?!
Осынау өр мінез оған жарты ғасырға жуық уақыт бойы «Ақтөбенің» отын көсетті. Елу алтыншы жылы туған Ертай Ашықбаев кешеден бүгінге дейінгі өнегелі өмір жолын бастан өткерді. Өйткені, өзге құрдастарына айтқандай, өзі де ешкімнен кем емес-ті.
Үнемі қос қанатын қомдап тұратын айбынды ақын неден кемдік көрсін?!
Қос қала
Ақынның жан-жақтысы,
Адамның салмақтысы.
Алматы – аяулысы,
Ақтөбе – ардақтысы!
(Журналистік фольклордан)
Бүкіл ғұмыры екі қаланың арасында өтіп келеді. Алғашқысы – Алматы. Кейінгісі – Ақтөбе. Осы қос шаһардың әлеуметтік бейнесі Ертай Ашықбаевтың парасатты поэзиясында толық көрініс тапты. Алматы – оның студенттік шағының куәсі. Бар-жоғы бес жыл уақыт. Бірақ осынау мерзім Ертай ақынның шығармашылығында барынша әдіптелді. Жастық кезеңнің көркем көріністері өлеңмен өрілді. Мұның да өзіндік себебі бар. Жалпы, оқу бітіріп өңірге кеткен тәуір ақынның бір бүйрегі Алатау жақта бүлкілдеп соғып жататын тәрізді. Ол жылдарда жыр қуған жас перілер КазГУ-дің қабырғасында жүргенде-ақ атақ-даңққа бөленеді. Қазақ поэзиясының корифейлерінен бата алады. Алты алаштың ақындары бас қосқан ұлы жиындарға қатысады. Қатысқаның не, небір мүшәйраның төрінде тұрып, екіленіп өлең оқиды. Одан шыққан соң топ-тобымен Ботаника бағына аттанады. Баққа барып бағын сынайды. Ол жерден не бағы сынып, не сағы сынып қайтуы да мүмкін. Бәлкім, бағың жанып қалар… Сол маңда бұлақ та, тыңдайтын құлақ та бар… «Мен де соның бірі едім, ұрыспаңыз!», – деп өзі айтқандай, Ерекең де сол думанды ортаның озық ойлы өкілі болатын. Алматыны көзі қиып тастап кету оған да оңай болған жоқ.
Алматымен бірге әдеби орта қалды. Шабытын шыңдаған КазГУ-дің қалашығы қалды. Сол қалашықтың орта тұсында қолына қалам ұстаған бүкіл баланың берекелі бесігі – бесінші жатақхана қалды. Арманын асқақтатып, қиялын қияға шығаратын айбарлы Алатау қалды. Ерекең таулы шаһардан таусыз шаһарға жылжи қойған екен деп, қазақтың бүкіл шайыры Алматыдан үдере көшіп кеткен жоқ, әрине! Бас ақын да, жас ақын да, мас ақын да, бәрі-бәрі сонда тұрақ тапты. Елге кетіп қалған бұл ғана… Ал егілмей гөр… Соны жан-жүрегімен сезінген шерлі ақын:
Рас, өмір шаршатты,
Кезікті тірліктің түрлі лебі.
Көрдік қаншама бану-күнді,
бал-шақты,
КазГУ-дің гүлдері үлбіреді, – деп Алатауды аялап жыр жазбай қайтсін?! Тегінде, өткен өмірін, татқан тірлігін тәпсірлеп, тоқтаусыз толғаған шайырлар жеткілікті болса да, Ерекең тәрізді «Әскерден келген студент» сериясымен екі кітапқа жүк болатын өлеңдер топтамасын жазып шыққан ақындар көп емес екені анық. Шынында да бұл тағылымды топтама екі бөлімнен тұрады. Жас жігіттің армия қатарындағы кезеңі және студенттік шағы. Былай қарасаң, әбден жауыр болған бұл тақырыпқа кім қалам тербемей жатыр? Бірақ мәселе қалай жазуда ғой. Ертай Ашықбаев әр сөзді алақанында ойнатады. Алпыс астарлы, қырық қатпарлы юморды көркемдіктің көрігіне бастырып, әсемдіктің әшекейімен әспеттеп ұсынады. Ойлы. Ойнақы. Оралымды. Оқымасқа лажың қалмайды. Сезінесің. Сергисің. Сүйсінесің. Ақын Ашықбаевтың айта қоймаған астарларының тігісіне көз жүгіртіп көрсең де, тереңіне бойлап болмайсың. Ойлантуы мүмкін, бірақ бойлатпайды. Бір қарасаң, қарапайым-ақ дүние. Алайда нені меңзеп отырғанын білмей, әрі-сәрі күйге түсетін сәттерің болмай қалмайды.
Бәлкім, Қожа Хафиздің қос қаласынан нәр алған шығар, өзі де қазақ даласының екі қаласын әлі күнге дейін тынбай жырлаумен келеді. Негізі, бұл шайырлардың мінез-құлқын түсіну қиын. «Бұл Ақтөбе мазасы жоқ кент еді, Дем алмайды тіпті жел мен желкемі», – деп қырық жылғы мекенін әрлеп-әдіптеп келеді де, «Біледі кейде жел боп ескенімді ел, Енді сәл дес беріңдер. Алматыны сол жылы… бұл менен де, Алып қалып едіңдер… не істедіңдер?», – деп, аяулы мезгілін өткізген сүйікті шаһарын есіне алып қояды. Бір кезде өзі шалқып тұрып, бесінші жатақхананың көкайыл коменданты Любовь Ивановна Шаламайға:
Жабдық дайын, көш-керуен түзелді,
Әңгіме бар айтылар:
Аман-есен тапсырайық біз енді,
Алматыңды қайтып ал! – деп өз қолынан өткізіп бергенімен шаруасы жоқ. Ол кездегі КазГУ-дің студенті үшін Алматы дегеніміз – бесінші жатақхана. Сондықтан ес болсын деп Любовь әпшесіне тапсыра салған ғой. Кетіп бара жатып, Жәңгірге бұрылып қараған Махамбет секілді кесірлі комендантқа тағы бір сүбелі сөз айтты: «Сынамаңыз ісімізді артық-кем, Өкпеміз жоқ ешкімге. Дос болыңдар қамкөңілдеу тәртіппен. Жатақхана, ескірме!».
Содан бері жырға қосқан қаласы – осы арайлы Ақтөбе. Ақтөбенің атын Ертайдың екі өлеңінің бірінен табасың. Ақын Ақтөбесінің атын шығарды. Ақтөбе ақынының атын асқақтатты. Осыны көресің де, баяғыда Күләй жеңешемнің қос меңіне бола көп ойланып жатпастан төрт қаланы берем деп уәде еткенше, онсыз да өзі пәлен жылдан бері мекендеп келе жатқан Ақтөбені икемдей салмады ма екен деп ойлайсың.
Ал енді қараңызшы… «Ақтөбеде тұрып алды күн батпай, Тез шешіле қоймайтұғын жұмбақтай», «Мең-зең болып кірпік ашты Ақтөбе, Ілгері озған бір сағатты ғайбаттап», «Тез қартайған жеңгелердің өңіндей, Ақтөбенің асфальттары тозады», «Өзің біл, – деп, – тұрмасаң да, тұрсаң да», Ақтөбеге таң келіп тұр осындай», «О, болмаймын жүйрік сәуле жүлделі, Шіркін, біздің Ақтөбенің гүлдері». Не керек енді… Жібегін қолына қондыруға келген Төлегенге жыр арнаған Шегеше сөз саптасақ, Ақтөбе, сенде арман жоқ!
О баста қазақ өлеңіндегі қуат-күшті Хафиз көкемнің қос шаһарынан тапқан Ертай ағам қала тақырыбын туындыларынан тыс қалдырып көрмепті. Тіпті «Ағалар мен қалалар» деп өлең жазып, «Қайтіп бұдан оза алам, Қайтіп қарсы қозғалам. Барлығы да өз ағам, Барлығы да өз қалам», – деп өзгеше өрнек салыпты. Тағы бір өлеңінде төрт қаланы түртпектеп, өзіне эпиграмма жазған арынды ақын ағасы Есенқұлды да тіліне тиек етіпті: «Көкжал Есенқұл ең, талай қан тістеген, Сұрапыл ең. Жөн екен ғой әуелде ант ішпеген, Мен де, шіркін, ұмсынып тұратын ем». Әйтеуір қала… Анда да – қала… Мұнда да – қала… Сөйтіп, елу алтыншы жылы Бабайтайда туған ұл бала тақырыбынан қала тақырыбына баяғыда-ақ ауысып кетті.
* * *
Ертай ағамның басқа туындыларына қарағанда сарыны сонылау, болмысы бөлектеу, өрнегі өзгешелеу бір өлеңі бар. «Алмаға ат байладым» деп аталады. Кәдімгі «Азаулыда аға болған ерлер көп еді, Әйтсе де алмаға ат байлағаны жоқ еді», – деген даңқты Доспамбет жыраудан тамыр тартатын дүние.
Не көрдім, ешкімге де айтпа мүлдем,
Ай, өмір, қақпайладың.
Сонда да дегенімнен қайтпадым мен,
Алмаға ат байладым.
Кімге керек көк асфальт жер басқаным,
Ұшатын қанат таппай қалам.
Басқа еді ағаларым, мен басқамын,
Басқа менің алмам да ат байлаған!
Біз де алмаға ат байлаған ардақты ақын ағамызды құрмет тұтамыз. Ол Алматының алмасы ма, Ақтөбенің алмасы ма, сонша маңызды емес. Ең бастысы, атыңыздың жүйрік, алма ағашыңыздың берік болғанын қалаймыз!
Бауыржан ОМАРҰЛЫ



