Сарбаздарға грант берілді

«Астана» концерт залында 2026 жылғы көктемгі әскерге шақыру науқаны аясында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарына мерзімді әскери қызметке шақырылған жас сарбаздарды салтанатты шығарып салу рәсімі өтті. Іс-шара Отан қорғаушылар күні мерекесі қарсаңында ұйымдастырылды.
«Ағалар ерлігі – ұрпаққа аманат!» атты әскери-патриоттық акцияға Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары, Астана қаласы әкімінің орынбасары, Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшылығы, Қарулы Күштердің ардагерлері, әскери бөлімдердің қызметшілері, қала мектептерінің оқушылары, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері мен әскерге шақырылушылардың ата-аналары қатысты. Салтанатты жиын барысында запасқа шығарылатын мерзімді қызметтің үздік сарбаздарына жоғары оқу орындарында тегін білім алуға мүмкіндік беретін сертификаттар табысталды. Сонымен қатар қатысушылар назарына қару-жарақ пен әскери киім үлгілерінің көрмесі ұсынылды.
– Қорғаныс министрлігі тарапынан 25 сарбазға салтанатты түрде білім гранты табысталды. Іріктеуден өткен олар еліміздің кез келген жоғары оқу орнында білім алу мүмкіндігіне ие болды. Биыл барлық құрылымдық бөлімше бойынша жалпы саны 1150 грант бөлінді. Соның 490-ы Қорғаныс министрлігіне тиесілі, – деді ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментіне қарасты Әскери даярлық және цифрландыру басқармасының офицері, майор Рүстем Қанатбекұлы.



