Әлеумет

Кісікиік

Бірде өмірдің ыстық-суығынан өткен Үсен Асқаров Майлықожаның мына бір «Баянды дәулет тұта алмас, Баласы тілін алмаған» деген екі шумағына байлаған ойды ширатып еді.

Ұлы бабамыздың бұл сөздері өз заманынан гөрі болашаққа қаратылған сөздер сияқты көрінеді. Батыстық индивидуализм «менің еркіндігіме, ісіме, жоспарыма, мақсатыма, жеке кеңістігіме қол сұқпа» деген идеология әке мен баланы, аға мен ініні, қала берсе бір әулет өкілдерін бір-бірінен алшақтатып, арасын суытып жіберді. Балалар әкемен ақылдасу былай тұрсын, не істеп, не қойып жатқанын айтуды да қойды.

Әйел эмансипациясы индивидуализммен қабысып, патриархаттық – ғасырлар бойы қалыптасқан бабалар жолына еңсірете берілген соққы болды. Көпшілік осылай «баянды дәулет тұта алмай» жүр деді.

Жасыратыны жоқ, кеңестер кеңістігінде өскендер, «жалғыз өзің жол тапқанша, көппен бірге адас» деген сөздің ығында жүргендер үшін тәтті арманының бірі индивидуализм болатын. Саптан суырылып шығып, өзіміздің еңсемізді тік көтеріп, тұлғалық ой-өремізді көрсетуден ығып, ішімізден тынып жүруші едік. Сөйтіп жүргенде, батпандап енген индивидуалистік қоғамның қайнаған қазанында жанымыз шыжғырылып жатқанын бір-ақ білдік. Жаратылысынан жеті жұртының қамын жеп, ұжымшылдыққа, жақынын жауға бермейтін ағайын-туыс, аға-қарындас жат болып барады. Шамадан тыс индивидуализм жаттық пен жалғыздыққа, сондай-ақ әлеуметтік оқшаулануға алып келеді екен.

Қауымдастықтың жан-жағындағы жандарға жылуы болмаған соң, жеке адамның пенделігі тасып, астамшылығы асып, өзімшілдігі өседі.

Құдай бетін әрі қылсын, ел басына күн туса толарсақтан саз кешетіндер аз болады, олар өздерінің жеке мүддесін қауымдастықтың мүддесінен жоғары қойып, ортақ құндылықтардан бас тартып, басын күйттеп кетуі әбден мүмкін.

Көзсіз индивидуализм шел болып басқанда, сүйіп алған жарымен бірге өмір сүре алмайтын халге жеткізеді. Ажырасу азаймай тұр дейміз, оның бір ұштығы осында жатқан жоқ па екен?! Ол ол ма, өзімшіл, өркөкірек өзгелермен орнықты қарым-қатынас орнатудан, сыйластықтан қалдырады. Өйткені жеке табыс пен тәуелсіздік өзара көмек пен ынтымақтастықтан гөрі қара басының қамына қарай ойысады. Ақырында адамның ішкен асы бойына бітпей, өмірдің мәнін жоғалтып, жүрегін жалғыздық жайлап, рухани торығуға түседі. Айналасымен байланысы үзілген адам стреске, алаңдаушылыққа бейімдеу келеді. Оның себебі де бар, елден озық болу үшін жанын салып, артық жұмыс істейді, желдің ығына емес, қарсы жүріп те шаршайды, ешкімге қайыр болмаған соң, өзі де кісіден қолдау күтпейді. Мұның бәрі психикаға салмақ.

Жалпы индивидуализмнің кез келген басқа көзқарас сияқты оң және теріс жағы бар. Шамадан тыс индивидуализмнің жағымсыз салдарын болдырмау үшін жеке ұмтылыс пен әлеуметтік жауапкершілік арасындағы теңгерімді табу маңызды дейді білетін жұрттар. Ал біз «алтын ортасын» біліп жүрміз бе?..

Айгүл УАЙС

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button