Басты ақпаратМәселе

Құмар ойыны құрдымға кетірмей ме?

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Бурабай мен Қапшағайдан бөлек, еліміздің бірқатар өңірлерінде жаңа казинолардың ашылуы мүмкін екенін мәлімдеді. Атап айтқанда, бұл бастама Маңғыстау облысындағы Каспий теңізі жағалауын, Панфилов ауданындағы Алакөл маңын, сондай-ақ Жетісу, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарын қамтымақ. Мәлімдеме сол кезде қоғамда бірден қызу пікірталас туғызды.

Бір тарап аталған нысандарды туризмді дамытуға серпін беретін, инвестиция тартатын жоба ретінде қолдаса, екінші тарап оның әлеуметтік салдарына алаңдау­шылық білдіріп отыр. Әлеуметтік желілерде «керек» деген де, «қажет емес» деген де көзқарастар қатар айтылып, мәселе қоғамдық талқылаудың өзегіне айналды. Осы жағдайда біз де бұл тақырыпқа бейжай қарай алмадық. Қоғамдағы алаң мен сұрақтарды ескере отырып, министрлікке ресми сауал жолдап, казино ашудың пайдасы мен ықтимал зиянына қатысты жан-жақты сараптама жасауды жөн санадық. Әрине, біз мемлекеттің дамуына, экономиканың өсуіне және инвестиция тартуға қарсы емеспіз. Керісінше, Отанымыздың болашағы үшін салынған әрбір инвестиция ел игілігіне қызмет етіп, нақты нәтиже берсе екен деп тілейтін азаматтардың қатарындамыз. Жаңа бастамалар мен жобалар қоғамға серпін беріп, жұмыс орындарын ашып, өңірлік дамуға жол ашуы тиіс деген ұстаным біздікі. Алайда кез келген инвестицияның экономикалық тиімділігімен қатар, оның әлеуметтік, моральдық және ұзақ мерзімді салдары да ескерусіз қалмауы керек. Өйткені мемлекеттің тұрақты дамуы тек қаржы көлемімен емес, қоғамның рухани ахуалымен, азаматтардың әл-ауқатымен және болашақ ұрпақтың қауіпсіздігімен өлшенеді. Сондықтан да шығар зиялы қауым өкілдері оның ішінде ақындар бұл хабарламаға бірінші болып қарсы шықты.

Ойран болу ойыны ма?

– Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаевтың: «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты «Түркістан» газетіне берген сұхбатында мынадай Ұлттық бағдарламаға айналуға тиісті сөйлемдер бар: «Мен Президент ретінде «Таза Қазақстан» акциясын алдағы уақытта да ерекше назарда ұстаймын… Өйткені тазалық дегеніміз – мағынасы терең, мазмұны сан қырлы ұғым. Тазалық ұғымы – жан дүниенің де, жер дүниенің де тоқырауын емес, гүлденуін, кіршіксіз таза болуын білдіреді. Түптеп келгенде, тазалық ұлт болмысының өзегіне айналуға тиіс». Шынында, тазалық атты ұғым, ең әуелі, рухани тазалыққа тәуелді. Ал рухани тазалық елің мен жеріңді таза сақтаудан басталады. Жеке тұлғаның немесе ұлттың бойына бұл ұғымды сіңіру күресі, билік – қас қақпай күзететін, бас бақпай күресетін қасиетті іске айналуы тиіс! Әйтпесе «хан екі сөйлесе, қадірі кетедінің» кебі болмақ. Ендеше неге осынау «таза қазақстандықтар» жеріміздің әулиелі нүктелеріне «казино саламыз» деп дүрлігіп жүр?!

Казино – шайтанның ұйығы. Ол – басы сайран, аяғы ойран кесапат, яғни қасірет ұясы! Сонда, қасиет-­ордамызды қасірет-қордасына айналдыруға құштарлардың құлқын сұранысына ғана бола, бүгініміздің базарын, ертеңіміздің ажарын өз қолымызбен ойрандауымыз керек пе?!

Ата-қазақтың ашынғанда айтқан тағы бір сөзі бар еді: «Ажалды теке  шопанның таяғына мүйізін үйкепті» деген. Ендеше «ажалды текелер» де ойлансын, біз ешқашан «әулиесі қойдай шулаған» қастерлі топырағымызға ендігі жерде сайтанның тойын жасатпаймыз!

Мен өткен жылы да тап осы мәселе жөнінде Президентке бейне-мәлімдеме жасағанмын. Оған ресми түрде жауап болмаса да ел-жұрт тарапынан аса зор қолдау көрдім. Бұл жолы да ұлт-ұрпағының ертеңінен үміті бар кез келген адамның үн қатпай қалмасы анық. Ақсақал-қарасақалдар бастаған сан мыңдаған жандардан қол жинауды білмей немесе қиынсынып отырғам жоқ, егер мына «ойын» тоқталмаса, олардың ойындары осылғанша әрекет етеріміз анық! – дейді Отан орденінің, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын Светқали Нұржан.

Казиномен қазына қалай толмақ?

Бұл мәселе турасында егжей-тегжейлі сараптап көрмекке біз де Министрлікке сауал жолдадық. Жолдаған ресми сауалымызда біз ең әуелі хабарларда айтылған 500 жұмыс орны нақты қандай мамандықтарды қамтитынын тарқатып беруді сұрадық. Бұл сауалға Қазақ­стан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Ойын бизнесін және лотореяны реттеу комитеті жауап берді. Комитет төрағасының орынбасары Ғалымжан Мұстафаев мәлім еткендей, аталған жұмыс орындарының қатарында казино ойындарын жүргізуші дилерлер, аспаздар, даяшылар, қауіпсіздік қызметкерлері, әкімшілік және техникалық персонал, сондай-ақ қызмет көрсету саласындағы өзге де мамандар бар. Сонымен бірге министрлік өкілі бұл жұмыс орындарын ең алдымен жергілікті тұрғындармен қамту көзделіп отырғанын атап өтті.

Сондай-ақ біз казино индустрия­сын кеңейту туралы шешім қабылданғанда ұлттық мүдде мен қоғамдық құндылықтарға оның ықпалы қандай деңгейде бағаланғанын, әрі Қазақстан бұл салада қандай халықаралық тәжірибелерге сүйеніп отырғанын да нақтыладық.

– Жаңа ойын аймақтары шетелдік туристерге қызықты жерлерде орналасады. Ойын нысандары туристік аймақтардың дамуына оң әсер тигізеді. 2024-2025 жылдары сол өңірлердің әкімдіктері ойын аймақтарды ашудың экономикалық талдау жүргізді. Талдаудың нәтижелері бойынша Маңғыстау облысында 2029 жылға дейін салық түрде 2 млрд теңге әкеледі, 148 мың шетелдік туристерді тартады және жергілікті халыққа 7 мыңға дейін әртүрлі салаларда жұмыс орындармен қамтамасыз етеді. Басқа өңірлерде де талдау нәтижелерінің көрсеткіштері осыған ұқсас. Мұндай тәжірибе әлемде кең қалыптасқан, мәселен, БАӘ (Дубай), Оңтүстік Кореяда, Вьетнамда және тағы басқа елдерде ойын нысандары тек шетелдіктер үшін жұмыс істейді, Сингапурда жергілікті тұрғындар казиноға кіру үшін үлкен жарна төлейді, ал шетелдіктер тегін кіреді, – дейді Туризм және спорт министрлігінің Ойын бизнесін және лотореяны реттеу комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Мұстафаев.

Жүйелі зерттеу жүргізілген бе?

Бізді алаңдатқан тағы бір мәселе – мұндай жобалардың қазақ қоғамының дәстүрлі дүниетанымына ықпалы және туристер ағынына қатысты нақты болжамдардың бар-жоғы еді. Министрлік бұл тұрғыда нақты сандарды сөйлетіп «2029 жылға қарай Маңғыстау облысы бойынша шамамен 148 мың шетелдік турист, Жетісу облысындағы ойын аймағына келушілер саны жылына шамамен 36 мың туристке дейін өседі, ал Алматы облысы бойынша 20 мың туристке дейін жетеді» деп сенімді.

Бұл ретте құмар ойындардың қоғам санасына, әсіресе жастардың мінез-құлқына ықпалына қатысты арнайы зерттеулердің жүргізілген-жүргізілмегенін де назардан тыс қалдыруға болмайды. Алайда министрлік құмар ойындардың қоғам санасына және жастардың мінез-құлқына ықпалы бойынша арнайы зерттеу жүргізбеген. Себебі жаңа ойын аймақтары тек шетелдік туристерге арналған болғандықтан, жастар ол ойын нысандарына кірмейтін болады деп отыр. Бірақ бұл қаншалықты нанымды. Тіпті мұндай жобалар іске асқанда туризмнің өзге бағыттары – тарихи-мәдени нысандар, музейлер мен экотуризм тасада қалуы да мүмкін ғой. Әрине, ведомствоның ондайда шетелдіктерге арналған ойын аймақтары туризмнің басқа салаларына кедергі келтірмей, керісінше кешенді туристік инфрақұрылымның дамуына жол ашады деп пайымдайтыны анық.

Ал казино бизнесі көлеңкелі экономика мен қаржылық қылмыстарға жол ашпай ма деген сауалымызға жауап ретінде министрлік ойын бизнесінің қаржы мониторингі субъектілерінің қатарына кіретінін еске салды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, казино ұйымдастырушыларының қызметі уәкілетті орган тарапынан тұрақты бақылауда болады екен-мыс.

Бюджет есебінен бе,  инвесторлар сала ма?

Жалпы министрлік казино салуды Ұлттық мәдениетті коммерцияландыру қаупінен гөрі экономикалық табыс әкелетін мүмкіндік ретінде қарастырады. Себебі ведомство дерегінше, шетелдік турист Қазақстанда орта есеппен 1 000 АҚШ долларын жұмсайды. Ал ойын аймақтары тек казино нысандарымен шектелмей, басқа да туристік нысандармен қатар дамиды деп жоспарланған.

Егер аталған орындарда казино салу жүзеге асып жатса, ондағы инженерлік және коммуникациялық желілер республикалық бюджет есебінен, ал қонақ үйлер, медицина және өзге де сервистік нысандар инвесторлар қаражатына салынбақ.

Экологияға зияны болмай ма?

Экологиялық тұрғыдан алғанда, Каспий жағалауы мен Алакөл сияқты стратегиялық маңызы бар аумақтарда ойын аймақтарын орналастыру ұлттық табиғи мұраға зиян келтірмейтін қағидаттарға негізделеді. Министрлік мұндай тәжірибенің халықаралық деңгейде кең қолданылатынын және Қазақстанда да осы үлгі ұстанылатынын атап өтті.

Сондай-ақ ведомство бұл бас­тамаларға қатысты қоғамдық пікірдің ескерілгенін алға тартты. Жүргізілген сауалнамалар нәтижесіне сәйкес, Маңғыстау облысында тұрғындардың 46 пайызы жобаларды қолдаса, 41 пайызы қарсы пікір білдірген. Жетісу облысында респонденттердің 67 пайызы қолдау танытқан, ал Алматы облысында бұл көрсеткіш 54,5 пайызды құраған.

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button