Жер шарын қорғау – ортақ міндет

Президенттер мен шетелдік делегациялардың басшылары RES 2026 EXPO жасыл және орнықты технологиялар халықаралық көрмесіне барды.
Қазақстан, Армения, Грузия, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан президенттеріне және басқа да мәртебелі меймандарға Орталық Азия елдері мен Әзербайжанның павильондары таныстырылды. Мұнда жасыл энергетика мен табиғи ресурстарды басқару салаларындағы ұлттық басымдықтарға ден қойылған. Экспозициялар орнықты экожүйені сақтауға, қоршаған ортаны қорғау саласында ынтымақтастық орнатуға, экологиялық мәселелерді шешудің тың тәсілдерін қарастыруға, Арал маңын қайта қалпына келтіруге үндейді.
Мемлекет басшыларына аймақ елдеріндегі бизнестің экожобалары көрсетілді. Аталған бастамалар аясында компаниялар жасыл энергетика, экологиялық орта қалыптастыру және қалдықтарды қайта өңдеу бағыттарында өндірістік шешімдер ұсынады.
Көрме әлемнің 30 елінен келген 240-тан астам қатысушы мен халықаралық серіктестердің басын қосты. 120-дан аса павильонда орнықты даму саласындағы озық бастамалар көпшілік назарына ұсынылды. Мемлекет пен бизнес арасындағы диалог алаңына айналған инвестициялық форум ерекше маңызға ие.
Экспозицияда орнықты даму мен экологияның өзекті мәселелері талқыланатын халықаралық кездесулер, сарапшылар арасындағы пікірталастар өтіп жатыр. Сондай-ақ инновациялық жобалар мен жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған «Жасыл» стартаптардың байқауы ұйымдастырылды. Меймандар аймақ елдері дизайнерлерінің туындылары мен экологиялық кино фестивалін тамашалай алады.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тұрақты болашақ – ортақ көзқарас» Өңірлік экологиялық саммитінде сөз сөйледі
Құрметті мемлекеттер
басшылары, үкімет
жетекшілері!
Қадірлі қатысушылар!
Ханымдар мен мырзалар!
Сіздерді Өңірлік экологиялық саммит төрінде қарсы алу – мен үшін зор мәртебе. Осы жиында Орталық Азия мен Кавказ мемлекеттерінің басшыларын көргеніме қуаныштымын. Құрметті әріптестер, Сіздерге зор алғыс айтамын! БҰҰ-мен ынтымақтастық аясында өтіп жатқан форумға Сіздердің қатысуларыңыз іс-шараның мән-маңызын арттыра түседі.
Шын мәнінде, бүгін – Жер күні. Осы орайда планетамызды қорғауға жауапкершілікпен қарайтынымызды тағы да бір мәлімдеу үшін бас қосып отырмыз. Орнықты даму үшін ортақ көзқарас қалыптастыру өзекті әрі аса маңызды. Мұны өңір елдері терең түсінеді. Қазіргі экология тек климат мәселесімен шектелмейді. Бұл – адамзат тіршілігінің түп негізі. Яғни әңгіме таза ауа мен сапалы суға, бүлінбеген топырақ пен сенімді азық-түлік жүйесіне, қоғамның тұрақтылығына және ұрпақтың келешегіне қатысты болып отыр. Жалпы ақыл-ойдың тұнықтығы, қоғамдағы үйлесім мен адами бақыт та осыған саяды. Ал экология дегеніміз – Жер бетіндегі тіршілікке жауапкершілікпен қарайтын саналы өмір салты. Сондықтан бүгінгі саммит дер кезінде ұйымдастырылып отыр.
Бауырлас елдердің көшбасшыларына – Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровқа, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонға, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовке, елімізге мемлекеттік сапармен келген Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухке, Армения Президенті Ваагн Хачатурянға, Грузия Президенті Михаил Кавелашвилиге, сонымен қатар Ресейден, Әзербайжаннан, Беларусьтен, Сербиядан, Пәкістаннан және басқа да көптеген мемлекеттен келген жоғары мәртебелі меймандарға форумға қатысқаны үшін алғыс айтамын.
Біріккен Ұлттар Ұйымы агенттіктерінің, Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі конвенцияның, қаржы мекемелерінің, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары мен өкілдерін және өзге де халықаралық серіктестерімізді, сарапшыларды, ғалымдарды, академиялық қауымды осы алаңда көргеніме қуаныштымын. Сондай-ақ ұйымдастырушыларға, еріктілерге, техникалық және логистикалық топқа, саммиттің өтуіне аянбай атсалысқан барша азаматқа ризашылық білдіремін.
Құрметті қатысушылар!
Біз беталысы беймәлім аумалы-төкпелі кезеңде жүздесіп отырмыз. Мұның зардабы өңірлік және жаһандық тұрақтылыққа, миллиондаған адамның тұрмыс сапасына қаншалықты ауыр тиіп жатқанын егжей-тегжейлі айтудың қажеті жоқ. Соның салдарынан даму жолындағы күш-жігер, күрмеуі қиын экологиялық проблемаларға жұмсалуға тиіс ресурстар зая кетіп жатыр.
Бұл ретте халықаралық қоғамдастық ерекше рөл атқарады. Сексен жыл бұрын құрылған Біріккен Ұлттар Ұйымы әлі күнге баламасы жоқ, әмбебап диалог алаңы екені сөзсіз. Алайда одан бері әлем түбегейлі өзгеріске ұшырады. Жасанды интеллект бүкіл адамзат санасын жаулап, күнделікті өмірге дендеп енді.
Халықаралық құқықтың негізі саналатын БҰҰ Жарғысының бұлжымас беріктігі туралы жиі айтылады. Әйтсе де, ол қалауыңа қарай тапсырыспен алдыратын жеңсік ас емес. Керісінше, БҰҰ Жарғысын біртұтас, жан-жақты құжат ретінде қабылдау керек. Оның ережелері дәл сол қалпында танылып, мүлтіксіз сақталуға тиіс. Сол себепті БҰҰ және басқа да ірі халықаралық ұйымдар ауқымы мен сипаты жағынан бұрын-соңды болмаған әрі болжауы қиын өзгерістер дәуіріне қадам басқан қазіргі әлемнің ақиқатын қаперге алғаны жөн. Біз БҰҰ Жарғысындағы қағидаттарды халықаралық қарулы қақтығыстарға қатысты өз ыңғайымызға қарай қолданудан аулақ болуымыз қажет. Сонымен қатар көпжақты институттарға деген сенімге селкеу түспеуі керек. Дегенмен маңызды халықаралық мәселелерді шешуге олардың абырой-беделі жетпей жатқаны өкінішті.
Менің ойымша, экология мәселесінде таңдаулыларға басымдық беру – әбестік. Көп жағдайда экологиялық күн тәртібін әзірлеу немесе қалыптастыру барысында түрлі аймақтар мен елдердің, әсіресе, экономикалық әлеуетін нығайтуға ден қойған дамушы мемлекеттердің қажеттіліктері мүлдем ескерілмейді. Алайда дамыған елдер қазіргі экологиялық стандарттарға индустрияландырудың ұзаққа созылған үдерісінің нәтижесінде жеткенін естен шығармайық. Сондықтан жаһандық экологиялық модельге көшу үрдісі әділ, теңгерімді және ынталандырушы сипатта өрбуге тиіс.
Баршамыз ақылға қонымды, мұқият ойластырылған прагматикалық тәсілге жүгінуіміз керек. Сонда ғана мемлекеттер орнықты даму қағидаттарына сай алға жылжып, өзінің экономикалық өсімі мен прогресіне қауіп төндірмейді.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық бізді бөлмей, керісінше бір мақсатқа біріктіруге тиіс. Ол серіктестікке, өзара сенім мен жауапкершілікке негізделуі керек. Ешкім бір-бірін жария түрде айыптамауы, өзгеден мін іздемеуі қажет. Бейбітшілік пен орнықты дамуға мүдделі серіктестер ретінде жауапкершілікті сезініп, нақты әрекет еткеніміз дұрыс.
Құрметті қатысушылар!
Табиғат геосаясатсыз тіршілік ете береді, ал геосаясаттың табиғатсыз күні қараң. Елдеріміз тұтас экожүйеде өмір сүреді. Өзен-көлдер де, табиғи ландшафттар да, климаттың қауіп-
қатерлері де баршамызға ортақ. Ең бастысы, жауапкершілікті теңдей бөлісеміз.
Орталық Азия мен көршілес аймақтар ұқсас экологиялық сын-қатерлерге тап келді. Атап айтқанда:
– су тапшылығы мен су ресурстарын тиімсіз басқару;
– шөлейттену;
– мұздықтардың еруі;
– ауаның ластануы;
– биоалуантүрліліктің жойылу қаупі.
Мен ең негізгі сын-қатерлер мен проблемалардың мәнін ашып, әдейі түстеп отырмын. Өйткені күш жұмылдыру арқылы аталған мәселелерді шешуде оң нәтижеге жетеміз. Бұған кәміл сенемін.
Жетістіктерге тоқмейілсіп отыратын заман өтті, шешім қабылдайтын уақыт келді.
Қазақстан экологиялық жауапкершілік мәселесіне заңнамалық деңгейде айрықша мән береді.
Жаңа Конституциямызда қоршаған ортаны қорғау мемлекеттік саясат пен азаматтық жауапкершіліктің негізгі қағидаттарының бірі ретінде айқындалды. Яғни біз үшін экологиялық қауіпсіздік пен өсіп-өркендеу жай ғана мәселе емес. Ол ұлттық сана-сезімнің ажырамас бөлігі және ұзақмерзімді даму стратегиясының арқауы ретінде қарастырылады.
Қазақстан:
– экологиялық таза энергия өндірісіне көшу;
– биоалуантүрлілікті қорғау;
– тозған жерлерді қалпына келтіру;
– су ресурстарын басқару жүйелерін жетілдіру;
– су үнемдеу саясатын енгізу;
– қоршаған ортаны қорғау саласындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайту бағыттарындағы шараларды қолға алды.
Әлбетте, ешбір ел жалғыз жортып, табысқа жете алмайды. Сондықтан аймақтық және жаһандық деңгейде күш жұмылдыруға баса мән береміз.
Біз аталған міндетті нақты іс, жаңа технологияларды игеру және тұрақты дамуға ұзақмерзімді инвестиция салу арқылы орындаймыз.
Әділ және теңқұқылы энергетикалық модельге көшу негізгі басымдық саналады.
Қазіргі уақытта Қазақстанда электр қуатының 7 пайыздан астамы жаңартылатын энергия көздерінен алынады. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 15 пайыздан асыруды жоспарлап отырмыз.
Біз мұнай-газ қоры мол мемлекеттердің қатарына кіреміз. Соған қарамастан, еліміз орнықты энергетика мақсаттарынан айнымайды.
Әлемдік уран экспортының шамамен 40 пайызын қамтамасыз ететін Қазақстан көміртексіз электр энергетикасын дамытуды құптайды.
Бүгінде алғашқы атом электр станциясының жобасын пысықтап жатырмыз. Сонымен қатар «таза көмір» технологиясы негізінде жылу электр станцияларын жаңғыртуды қолға алдық. Осылайша, ірі энергетикалық нысандардан ауаға тарайтын зиянды шығарындыларды 35 пайызға азайтамыз.
Су қауіпсіздігі – Қазақстан ғана емес, бүкіл Орталық Азия үшін аса маңызды мәселе. Болашағымыз тіршілік нәрін қаншалықты ұтымды әрі әділ пайдалана алатынымызға байланысты.
Арал теңізі салғырттықтың салдары қандай қасіретке әкеліп соғатынын еске салып тұрады. Сондай-ақ ол батыл әрі ғылыми негізі бар жүйелі шаралардың арқасында қандай нәтижеге жетуге болатынын көрсетеді.
Бүгінгі таңда Солтүстік Аралдың 36 пайызға жуығы қайта қалпына келді. Судың сапасы жақсарып, балық қоры молайды, маңайдағы елді мекендердің тұрмыс-тіршілігіне қан жүгірді.
Бүгін Халықаралық Аралды құтқару қорының жоғары деңгейдегі кезекті отырысын өткіземіз. Жиын барысында әріптестерімізбен бірге Қазақстанның осы ұйымға үш жылдық төрағалығын қорытындылаймыз.
Сонымен қатар еліміз Каспий теңізінің тағдырына да алаңдайды. Теңіз айдынын қорғау – аймақта экологиялық тепе-теңдік пен биоалуантүрлілікті сақтау, орнықты дамуды қамтамасыз ету тұрғысынан айрықша маңызды. Осы орайда Қазақстан Каспий теңізінің тартылуына жол бермеу үшін мемлекетаралық бағдарлама қабылдау жөнінде бастама көтерді, Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтын құруға ұйытқы болды. Аталған мекеме өңірлік деңгейдегі ғылыми ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.
Барша мүдделі халықаралық тараптарды табиғаттың осынау асыл қазынасын сақтау жолында күш-жігер біріктіруге шақырамыз.
Каспий маңында қарулы күштердің қолданылуына жол беруге болмайды. Оған қатаң тыйым салынуға тиіс.
Өңірлік деңгейдегі бастамалардан бөлек, біз су ресурстары саласында жаһандық ықпалдастықты кеңейтуге басымдық береміз.
Былтыр желтоқсан айында Ашхабадта БҰҰ агенттігі ретінде қызмет ететін Халықаралық су ұйымын құру жөнінде ұсыныс жасадым. Аталған бастама өте өзекті. Өйткені қазіргі кезде БҰҰ жаһандық басқарудың бірізділігі мен тиімділігін арттыру үшін мыңдаған мандатты қайта саралап жатыр. Бүгінгі саммит аясында бұл ұсынысқа қатысты халықаралық консультациялардың бірінші кезеңі өтетініне қуаныштымын.
Биоалуантүрлілікті сақтау – экологиялық саясатымыздың негізгі бағыттарының бірі. Табанды еңбек нәтиже берді. Жойылу қаупі төнген ақбөкендер қайта көбейді. Қазақстандағы қар барысының саны екі есе ұлғайып, 190-ға жетті. Халықаралық серіктестермен бірлесіп, басқа да сирек кездесетін жан-жануарлардың, атап айтқанда, сұңқарлардың, Тұран жолбарысының және Пржевальский жылқысының популяциясын қалпына келтіруге кірістік.
Орман алқаптарын ұлғайту Қазақстанның экологиялық күн тәртібіндегі басым міндеттерінің біріне айналды. Соңғы бес жылда бір миллион гектардан аса аумаққа 1,5 миллиардтан астам ағаш ектік. Соның ішінде шөлейттену үдерісін бәсеңдету мақсатында өзбек мамандарымен бірге Арал теңізінің табанына сексеуіл отырғыза бастадық.
Қазақстан барлық серіктестерін Сирек кездесетін жан-жануарлар түрлері мен биоалуантүрлілікті сақтау халықаралық қорына мүше болуға шақырады. Мемлекетаралық ынтымақтастық алаңында ғылыми зерттеулер жүргізіліп, экожүйелерді қорғаудың тиімді шешімдері әзірленеді.
Бұдан бөлек, біз «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысына бастамашы болдық. Халықтық сипат алған науқанның мақсаты – экологиялық сана қалыптастыру, азаматтық жауапкершілікті арттыру. Қозғалысқа миллиондаған ерікті қосылды. Менің ойымша, олар – Қазақстанның нағыз патриоттары. Өйткені дәл осылай еңбек етіп, ортақ мүддеге үлес қосу – елінің келешегін ойлайтын азаматтардың ғана қолынан келетін ізгі іс.
Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен биыл Халықаралық еріктілер жылы деп жарияланды. Тұрақты даму мүддесіне сай келетін бұл бастаманы толық қолдаймыз.
Еліміздің жаңа Ата заңында волонтерлік қызметке айрықша мән беріліп, оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетіні нақты жазылған.
Биыл – Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы. Жасанды интеллект көмегінсіз экологиялық мәселелерді оңтайлы шешу мүмкін емес екені анық. Аталған технология табиғи ресурстарды қорғау, экологиялық басқаруды жетілдіру ісінде мол мүмкіндікке жол ашады. Сондықтан біз Аймақтық цифрлық экожүйе құру бастамасын қолдауға әзірміз.
Құрметті қонақтар!
Жер шарын қорғау – ортақ міндетіміз. Бүгінгі саммит бізге осыны көрсетеді. Таразы басында адамзаттың, ең алдымен, өскелең ұрпақтың болашағы тұр. Бұл – жай ғана экологиялық мақсат емес, керісінше, адами парыз, экономикалық қажеттілік, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау мақсатындағы стратегиялық басымдық. Осы орайда орнықты келешек қалыптастыруда мынадай негізгі қағидаттарға арқа сүйеген жөн:
– халқымыз бен болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік;
– шекара мен шектеуге бөлінбейтін ынтымақтастық;
– ресурстарға, технологиялар мен мүмкіндіктерге теңдей қол жеткізетін әділеттілік;
– нәтижесі көзге көрінетін нақты шаралар;
– ауқымы мен даму деңгейіне қарамастан елдер арасындағы бірлік.
Саммит барысында Орталық Азиядағы экологиялық ынтымақтастық жөніндегі Астана декларациясы және бірқатар маңызды келісім қабылданады. Бұл біздің аталған қағидаттарды берік ұстанатынымызды және аймақтық экологиялық серіктестікті нығайтуға қадам басқанымызды дәлелдейді.
Бүгінгі талқылаулардың мазмұнды әрі бірлескен нақты бастамаларға негіз болатынына сенімдімін. Осылайша, халықтарымыздың игілігіне қызмет ететін баянды болашақтың іргесін қалаймыз.



