Артықбаевтың құжаттары архивке қабылданды

Ұлттық кітап күнімен тұспа-тұс келген «Ғалымның хаты – ұлт қазынасы» атты салтанатты іс-шара аясында тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев жеке қорын Астана қаласының мемлекеттік архивіне тапсырды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараға отандық ғылым мен білім саласының майталмандары жиналып, Жамбыл Омарұлының қазақ тарихына қосқан үлесі туралы жылы лебіздерін білдірді.


— Бүгінгі шара Ұлттық кітап күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Біз архив қорына белгілі профессор Жамбыл Омарұлының жеке қорын қабылдап алып отырмыз. Бұл – тек құжаттар топтамасын қабылдап алу емес, ұлт тарихын түгендеуге арналған тұтас бір ғұмырдың жемісін болашақ ұрпаққа аманаттау рәсімі десем қате болмас. Жамбыл Омарұлының: «Жады әлсіресе, рух әлсірейді» деген ұстанымы бүгінгі жиынның басты лейтмотиві болды. Жиынға қатысқан ғалымдар Жамбыл Омарұлының шежіретануды ғылыми жүйеге келтірудегі, этноәлеуметтік құрылымды зерттеудегі ерен еңбегін жоғары бағалады, -деді Астана қаласының мемлекеттік архивінің директоры Жангелді Бимолдин.




