RES – 2026 аясында азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері талқыланады
Бүгін Астанада RES – 2026 өңірлік экологиялық саммитінің ашылу рәсімі өтті. Ауқымды экологиялық форумды өткізу бастамасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында көтерген болатын. 2025 жылғы мамырда өткен Астана халықаралық форумында Саммиттің күн тәртібі климаттық мәселелерден кеңейтіліп, экологиялық бағытқа ауыстырылғаны жарияланды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Саммиттің басты ерекшелігі – мемлекет басшыларының қатысуы, бұл қарастырылатын мәселелердің жоғары деңгейі мен маңызын айқындайды. Іс-шараға Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Армения Президенті Ваагн Хачатурян, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсух, Грузия Президенті Михаил Кавелашвили, Әзербайжан Премьер-министрі Али Асадов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қатысуда.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров және министрліктің комитеттері мен департаменттерінің басшылары да саммит жұмысына қатысуда.
2026 жылғы өңірлік экологиялық саммит Орталық Азия елдерінің климаттың өзгеруі мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы күш-жігерін біріктіруге бағытталған. Саммит барысында биоалуантүрлілікті сақтау, тозған жерлерді қалпына келтіру, табиғи ресурстарды тұрақты басқару, экожүйелерді дамыту және экологиялық ағарту сияқты басым бағыттар қарастырылады.
Жеке блок ретінде азық-түлік қауіпсіздігі мен тұрақты агрожүйелерді дамыту мәселелері қарастырылады. Бұл ретте ауыл шаруашылығының экологиялық қауіп-қатерлерге осалдығы және жер, су мен энергия ресурстарын басқаруда үйлестірілген әрекеттердің қажеттілігі ескеріледі.
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі екі панельдік сессияның ұйымдастырушысы болады.
23 сәуірде Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО)-мен бірлесіп «Орталық Азиядағы азық-түлік қауіпсіздігі: өңірлік ынтымақтастық арқылы су және жер ресурстарын тұрақты басқаруды ілгерілету» тақырыбында панельдік сессия өтеді. Аталған сессияға ФАО Бас директорының орынбасары Виорела Гуцу, Орталық Азия елдерінің министрлері, сондай-ақ Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымы өкілдері қатысады деп күтілуде. Сессия қорытындысы бойынша Коммюнике қабылдау жоспарланып отыр.
24 сәуірде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Жасыл Даму АҚ, Жер ресурстарын басқару комитеті, «ГИПРОЗем» РМК және ECOJER ұйымымен бірлесіп «Климатқа бейімделген жер пайдалану тәжірибелері» тақырыбында тағы бір панельдік сессия ұйымдастырылады.
RES – 2026 саммитіне Әзербайжан, Армения, Ауғанстан, Беларусь, Италия, Германия, Грузия, Камбоджа, Қытай, Моңғолия, Ресей, Сербия, Словакия, Хорватия және Жапониядан ресми делегациялар қатысуда. Бұл алаң әртүрлі бағыттар бойынша екіжақты келіссөздер жүргізуге мүмкіндік береді.



