Dimash Құдайберген: шексіз музыка

IX ASTANA Eurasian Book Fair аясында Қазақстанның мақтанышы, әлемге танымал әнші Dimash Kudaibergen туралы ерекше кітап-альбомның тұсаукесері өтеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жаңа басылым жарық көргеніне небәрі екі ай ғана өтсе де, оған деген қызығушылық әлемнің түкпір-түкпірінде артып келеді. Әсіресе Қытай, Мексика, АҚШ және Испания елдеріндегі жанкүйерлер тарапынан сұраныс жоғары.
Айтулы шараға әншінің жақындары: әжесі мен PR-директоры арнайы қатысып, Dimash Kudaibergen өмірі мен шығармашылық жолындағы көпшілікке беймәлім қызықты сәттермен бөліседі. Сонымен қатар, бұрын-соңды жарияланбаған деректер мен алдағы жоспарлар туралы эксклюзивті ақпарат ұсынылады.
Сондай-ақ, шара қонақтары танымал өнер иесіне қатысты көкейдегі сұрақтарын оның ең жақын жандарына тікелей қою мүмкіндігіне ие болады. Ең үздік сұрақ авторына Алматыкітап баспасынан «DIMASH ҚҰДАЙБЕРГЕН: ШЕКСІЗ МУЗЫКА» кітабы сыйға тартылмақ.
«Алматыкітап баспасы» мен «DimashAli» продюсерлік орталығы бірлесіп ұсынған бұл кітап-альбом – музыка арқылы миллиондаған жүректі біріктірген әлемдік деңгейдегі өнер иесінің шығармашылығына арналған бірегей туынды.
Басылымның басты ерекшелігі – оның ауқымы мен мазмұны. Үлкен форматта жарық көрген 289 беттен тұратын кітап — оқырманды өнер әлеміне терең бойлатуға мүмкіндік береді. Әр беті сирек фотосуреттермен, әсерлі сәттермен, әншінің жеке толғаныстары мен шынайы естеліктерімен толықтырылған.
Кітап қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көріп, қысқа уақыт ішінде кең оқырман аудиториясының ықыласына ие болды.
Бұл басылым – кең ауқымды оқырман қауымға, әсіресе, Dears үшін ерекше тарту. Кітап арқылы оқырмандар сүйікті әртісінің өнер мен өмір жолын жаңа қырынан тани алады.
Өтетін күні: 22 сәуір 2026 жыл
Уақыты: 15:00
Өтетін орны: Астана қ., Қазақстан Республикасы Президенттік орталығы



