“Ұлттық кітап” күні қарсаңында көрнекті ғалыммен тағылымды кездесу өтті
№82 “Дарын” мамандандырылған мектеп-лицейінде көрнекті ғалым, профессор, тарих ғылымдарының докторы, филология ғылымдарының кандидаты, ҚР Көркем Академиясының академигі, С.Сейфуллин атындағы музейдің директоры Марат Оралбайұлы Әбсеметовпен тағылымы мол кездесу өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

“Адал азамат” біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында және “Ұлттық кітап” күні қарсаңында “Балалар әдебиеті-рухани тәрбие бастауы” онкүндігі барысында өткен кездесу барысында оқушылар қонақтың өмір жолы, ғылыми еңбектері мен жетістіктері туралы тың мағлұматтар алды. Марат Оралбайұлы өзінің білім мен ғылымға деген көзқарасымен бөлісіп, жастарды ізденімпаздыққа, еңбекқорлыққа және отаншылдыққа шақырды. Оқушыларға рух, отаншылдық, ұлттық құндылықтар, тілге құрмет туралы әсерлі ойларымен бөлісіп, ел болашағы білімді де саналы ұрпақтың қолында екенін атап өтті.

Сұрақ-жауап бөлімі ерекше қызықты өтіп, оқушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Кездесу жас ұрпаққа үлкен мотивация беріп, болашаққа деген сенімдерін арттырды.
Осындай тағылымы терең кездесулер өскелең ұрпақтың рухани дамуына, білімге деген қызығушылығын арттыруға үлкен ықпал етеді.



