Астанада 140 сарбаз Жауынгерлік тумен қоштасты
Елордадағы 68665 әскери бөлімінде былтырғы көктемде әскерге шақырылған 140 сарбаз Жауынгерлік тумен қоштасты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Салтанатты рәсімге әскери бөлім қолбасшылығы, Астана қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілдері, Қарулы күштердің, Ауған соғысының және жергілікті қақтығыстардың ардагерлері қатысты.
Жиында сөз алған «Қарулы күштердің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов Отан қорғау – әр азаматтың қасиетті борышы екенін атап өтті. Ол сарбаздардың ел алдындағы адал қызметіне жоғары баға беріп, бірқатар әскери қызметшілерді грамотамен марапаттады.

Бір жыл ішінде жас жауынгерлер заманауи әскери техниканы меңгеріп, қару-жарақтың барлық түрінен ату шеберліктерін шыңдады. Сондай-ақ түрлі оқу-жаттығуларға қатысып, әскери дайындық деңгейін арттырды.
Бөлім командирі полковник Абай Әлібеков сарбаздардың қызметіне алғысын білдіріп, алдағы азаматтық өмірлеріне сәттілік тіледі.
– Сендер әскери қызмет барысында тәртіпке бағынып, кәсіби білім мен дағдыларды игердіңдер. Соның нәтижесінде Отан қорғауға дайын, саналы азамат болып қалыптастыңдар. Бұл тәжірибе алдағы өмір жолдарыңда өздеріңе зор пайдасын тигізетініне сенімдімін. Баршаңа сәттілік тілеймін, – деді ол.
Бөлім қолбасшылығы барлық әскери қызметшілерге адал қызметі үшін алғыс айтып, грамоталар мен естелік сыйлықтар табыс етті.
Дәстүр бойынша Жауынгерлік тумен қоштасу құрметі үздіктердің үздігі қатардағы жауынгер Сағи Рахатқа берілді. Бұл – оның әскери қызметтегі табандылығы мен жетістіктерінің айқын дәлелі.
Әскерге дейін спортпен айналысқан ефрейтор Жанайдар Жақыпов үшін бөлімдегі бір жыл табысты болды. Ол жуырда ғана Шымкент қаласында Арнайы операциялар күштері қолбасшысының кубогы үшін өткен армиялық қоян-қолтық ұрыста 65 келі салмақ дәрежесінде бірінші орынды иеленген болатын. Бүгінгі іс-шарада Жанайдарға чемпион белдігі, үздік дәрежелі «Жауынгер спортшы» төсбелгісі және кші сержант әскери атағы салтанатты жағдайда табыс етілді. Сонымен бірге аталған байрақты бәсекеде 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде аға лейтенант Тойыр Досов екінші, ал 90 келі салмақ дәрежесінде келісімшарт қызметінің сержанты Дәурен Шырынханов үшінші орынды иеленгенін айта кету керек. Екі жеңімпаз да 68665 әскери бөлімінің әскери қызметшілері.
Бүгінде Жанайдар Жақыпов келісімшарт негізінде қызметін жалғастыру туралы нақты шешім қабылдаған. Жалпы, бөлімде мұндай ниет білдірген сарбаздар аз емес. Полковник Абай Әлібековтің айтуынша, 140 жауынгердің жиырмаға жуығы келісімшартпен қызметте қалуға ниетті. Сонымен қатар запасқа шығарылған сарбаздардың шамамен 15 пайызының мемлекеттік грант негізінде жоғары білім алуға мүмкіндігі бар.
Астаналық арнайы мақсаттағы 68665 әскери бөлімі құрылған күннен бастап елдің маңызды стратегиялық нысандарын қорғау міндетін абыроймен атқарып келеді. Бөлімнің әскери қызметшілері кез келген тапсырманы орындауға қабілетті екенін талай мәрте дәлелдеді. Бүгінде бұл әскери бөлім елордадағы ең үздік, элиталық құрамалардың бірі саналады.



