Мәдениет

Әбжан ақынның әлемі

Ұлттық академиялық кітапханада белгілі ақын, аудармашы Әбжан Әбілтайдың 75 жас мерейтойына орай жарық көрген «Сөз киесі» атты жаңа кітабының таныстырылымы өтті.

Әбжан Әбілтай – қазақ әдебиетіне және оның көркем аударма саласына елеулі үлес қосқан ақын. Еңбек жолын аудандық газеттен бастаған ол ұзақ жылдар бойы облыс­тық «Торғай таңы» газетінде журналистік шеберлігін шыңдап, еліміздің танымал қаламгерлерінің қатарына қосылды. Өлең-жырлары қалың оқырманның көңілінен шығып, ел арасында «Арқаның арқалы ақыны» атанды. Тоқсаныншы жылдардың аяғында ақын елордаға қоныс аударып, орталық атқарушы органдарда мемлекеттік тілді дамытуға, қазақ тілінің терминологиялық сөздігін жетілдіруге, аударма ісін дамытуға атсалысты.

Таныстырылымды тізгіндеген белгілі ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы ақынды таныстыра келе, оның қазақ әдебиетіне қосқан үлесіне тоқталды. Әбжан Әбілтайдың қаламынан «Қарлығаш», «Көктем бояулары», «Жүрекжарды», «Жер басып жүрген соң…», «Дүниежалған», «Тіл мен жақ», «Жүрегімнің сүзгісі» сияқты кітаптар дүниеге келді. Жазушы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Эмиль Золя, Николай Гоголь, Иосиф Бродский сияқты әлем әдебиеті классиктерінің туындыларын тәржімалап, Сергей Есенин, Евгений Евтушенко, Роберт Рождественский, Андрей Вознесенский, Камол Насрулло, Гулрухсор Сафиева өлеңдерін қазақша сөйлетті.

Ал «Сөз киесі» – «Кәусар» баспасынан жарық көрген автордың көпжылдық шығармашылық ізденісі мен азаматтық ұстанымының жиынтығы. Төрт бөлімнен тұратын еңбекте оның қоғамдағы сан алуан құбылыстар мен адами болмыс туралы ой-толғамдары, әр кезеңдегі өзекті мәселелерді қозғаған публицис­тикалық мақалалары, түрлі басылымдарда жарық көрген жүрекжарды жазбалары мен арнаулары топтастырылған. Замандастарының ақын шығармашылығы, азаматтық келбеті туралы жазған мақалалары мен естеліктері, өлеңмен өрілген лебіздері кітаптың соңғы бөлімінде берілген.

Таныстырылымда лебіздер легін Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп бастады. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқып берді. Одан соң Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкеновтің лебізі мен сый-сыяпаты тапсырылды. Көрнекті ақын, драматург, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Тұрғынбекұлы Әбжан Әбілтайды болмысы бөлек ақын ретінде сипаттап, досы Кеңшілік Мырзабеков одан үлкен үміт күткенін, Әбжан ақын сол үмітті ақтағанын жеткізді. Әбжан Әбілтай мен Мағжан Жұмабаев екеуінің арасында параллель жүргізіп, Әбжанның Мағжанға ұқсастықтары жайлы әңгімеледі, Әбжанға ақындық Торғай даласына танымал атасы Сейдахмет ақыннан дарығанын айтты.

Белгілі жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мәди Айымбетов «Сөз киесі» кітабында ақынның бүкіл болмысы жатқанын айта келе, аудармашылық еңбегіне тоқталды. Иосиф Бродскийді аударғанда оның өлеңдерін қазақы ойдың, қазақы нақыштың иіріміне салғанын атап өтті. Мемлекеттік қызметте жүрсе де, қолынан қаламын тастамағанын айтты.

Белгілі журналист, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайсар Әлім ақынның атасы Сейдахмет Бейсенұлының ақындық алымына тоқталып, оның өлеңдері Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиеттанытқыш» атты еңбегіне енгенін айтып өтті. «Елім деген» Сейдахмет ақынның бойындағы бүкіл жақсылық шөбересі Әбжанға жұғысты болғанын жеткізді. Ғафу Қайырбеков, Сырбай Мәуленов, Кеңшілік Мырзабеков ақын болғанмен, қара сөзге де жүйрік болғанын айта келе, Әбжан Әбілтайдың публицистикалық қарымы да зор екенін атап өтті. Ақынның қарапайымдығына, жазған өлеңдерін ешқайда тықпаламайтынына тоқталып, оның жырлары түптің түбінде оқырмандарын табатынын айтты.

Белгілі жазушы, кинодраматург Айгүл Кемелбаева ақынның поэзиясына, аудармашылық еңбегіне тоқтала келе, «Әбжан Әбілтай – өз бағасын білетін ақын» деді. Белгілі жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Өріс Яшүкірқызы Әбжан Әбілтайдың ақындығын танығанына жарты ғасыр болғанын айтып, жырларын өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан жоғары бағалап келе жатқанын айтып өтті. Ақынның туған ағасы, білім саласының үздігі Жәнібек Ғапбасұлы жылы лебізін жеткізді, Самат Асқарұлы арнауын оқыды. Қазақ радиосының ардагері Күләш Молдахметова бастап, Әбжан Әбілтайдың өзі өлеңдерін оқыды. Оның өлеңдеріне жазылған әндер шырқалып, күй күмбірледі. Кешті түйіндеген ақынның өзі жиналғандарға алғыс айтты.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button